Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азық-түлік бағамы басты назарда

Азық-түлік бағамы басты назарда

         Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі қолданыстағы мемлекеттік бағадрламаның келесі жылы аяқталатындығына тоқтала келе, Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырды және барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізу міндетін алға қойды.                "Агроөнеркәсіп кешенін және елдің ауылдық аймақтарын дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес, халық бір жылда тұтынатын азық-түліктің 80 пайызы ел ішінде өндірілсе, онда мемлекет өзін өніммен қамтамасыз етеді деп саналады. Жақында Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров бұл мәселе бойынша 2023 жылдың соңына Ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен барынша қамту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленгенін атап өтті.
         ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, ішкі нарықты қамтамасыз ету мониторингі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізіледі. Оның ішінде 12 тауар позициясы бойынша ішкі нарық 100 пайызға және одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілсе, 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету 80 пайыз және одан астам, сондай-ақ азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша ғана өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өнімдермен молықтыру шараларын іске асыру қажеттігі бар. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық.
                Биыл коронавирустың алғашқы толқыны кезінде мемлекеттік органдармен, бизнеспен ауқымды жұмыс жүргізіліп, аймақтарда азық-түліктің, әлеуметтік қордың қоры жасалды. Мемлекет тарапын қолға алынған осы шаралардың арқасында баға едәуір тұрақтады. Ал, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек,  биыл он бір айда азық-түлік тауарларының бағасы –9,6%-ға, оның ішінде күнбағыс майы – 10,7%, жаңа жиналған көкөністер– 8,5%, құмшекер – 6,8%, жұмыртқа – 4,6%, картоп – 3,8%, жармалар – 2,1%, айран – 1,1%, ұн – 1%, сүт пен сары май – 0,8%, макарон өнімдері - 0,7% -ға өскен.
          Азық-түлік бағасының өсу себебін әр­кімнің әртүрлі саралайтыны белгілі. Бірі кәсіпкерлер қымбаттатуда десе, енді бірі азық-түлік қорының азды­ғы­нан деп болжайды, сондай-ақ жалақы, зей­нетақы, жәрдемақының көбеюі де бағаның көтерілуіне әсер етеді деушілер де бар, әрине. Ал, нақты себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанындай "Азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуі біздің экономикамыздың осалдығының айқын көрсеткіші болып табылатынын мойындау керек".
            Аз ғана уақыт бұрын әлеуметтік маңызы бар күнбағыс майы бағасының көтерілу себебін барласақ, Қазақстан күнбағыс майымен ішкі нарықты 50 пайыз ғана қамтамасыз ете алады. Қалған сұранысты Ресей қамтамасыз етеді. Егіннің толық шықпауынан Ресейде күнбағыс майы бағасының өсуі еліміздегі май бағасына да әсерін тигізді. Отандық күнбағыс өсіретін фермерлердің өз өнімдерін отандық зауыттарға қарағанда шетелге қымбатқа сатқан тиімді.
         Ал, азық-түліктің аудандағы бағамы жөнінде аудандық ауылшаруашылық бөлімінің статист маманы Б. Әлішева:
         - Халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі негізгі азық-түліктің бағаларына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Ауданда ірі көлемде азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындар болмағандықтан, кәсіпкерлер азық-түліктің басым бөлігін сырт жақтан әкеліп сатуда. Қазіргі уақытта Ресей елінің аумағында болып отырған карантин жағдайына байланысты, елімізге әкелінетін тауарларда баға өсімі болып отыр. Өнімдердің, атап айтқанда, жұмыртқа, қант, өсімдік майының әкелуіне алатын жерлердің өнімдерді босатпауы мен тосқауылдар қиындық туғызуда. Дегенмен, төтенше жағдай кезінде ауданның жеке кәсіперлерінің автокөліктерімен жеке құжаттарын базаға тіркеп, Ақтөбе, Қостанай, Түркістан облыстарынан өнімдер әкелуге, кедергілерде тұрып қалмауына байланысты оңтайлы жұмыстар жасалды. Жеке кәсіпкерлер өздерінің дүкендеріне қажетті көлемде азық-түлік қорларын әкеліп, халықты өнімдермен  қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар өнімдерге тапшылық болдырмау мақсатында облыстың тұрақтандыру қорынан негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары алынып, қала орталығындағы кәсіпкер  С.Саяновтың  «Қуантқан» дүкені арқылы халыққа нарық бағасынан төмен бағада тікелей сатылып келеді. Қазіргі уақытта азық-түлік сатушы өзге де жеке кәсіпкерлер ұн, күріш, қант, өсімдік майы, картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат секілді өнімдерді сырттан әкеліп, бағаны негізсіз көтермей, бірқалыпты  бағада сатуда, - дейді.
Лаура Иманбайқызы,
Арал қаласы
        
06 желтоқсан 2020 ж. 576 0