Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадағалаушы органның қаһарманы

Қадағалаушы органның қаһарманы

Дүниедегі қиынның қиыны  – адамды танып білу десем, артық айтқандық болмас. Адамның мінез ерекшелігі, отбасы, ортадан алған тәрбиесі, сана-сезім, білім деңгейі танып білуге сан мәрте үңілуді талап ететін жайт екені белгілі. Өзің білсем деген жайлар жайлы тілдеспек адамыңның жұмыс орнында кездесіп, сыр бөлісу бір ғанибет емес пе? Сол кезде Қызылорда облыстық прокуратурасының тергеу бөлімінің бастығы Ділда Маймақовпен жұмыс кабинетінде кездескен болатынмын. Әңгімелесу барысында сөзге сараң, істің адамы екендігі белгілі болды.

Ділда Үйрекбайұлы Маймақов 1932 жылы 1 қаңтарда Қостанай облысы, Жітіқара ауданының Шевченко ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Ділдадан бұрын төрт қыз, бір ер балалы болған Үйрекбай ата мен Қадиша ананың қуанышында шек жоқ. Мансұр есімді ер балаға Ділда серік болды. Ашаршылық жылдары алты баланы асырау да оңай емес. Үйрекбай ақсақал етік, мәсі тігеді. Бала-шағаның несібесі күн-түн демей еткен еңбегінің арқасында үйге келетін. Әрине, Үйрекбай ақсақал Қостанай өңірінің тумасы емес. Ашаршылық қатты қысқан жиырмасыншы жылдардың үстінде астықты өлкеге ығысып барған болатын. Болмаса, туған жері, қоныс қыстауы Қарақұмда болатын. Бүгінгі күнге дейін "Үйрекбай құмы" деген жер атауы ел жадында сақталған.
Енді Ділдекеңмен жұмыс кабинетінде әңгімелесу себебіне тоқталайын. Сауал облысты дүрліктірген мыңдаған қаракөл елтірісін сыртқа жөнелтуге тырысқан ұры-қары топтың жолын кескен облыстық прокуратураның тергеу бөлімінің бастығы Ділда Маймақовтың тегеурінді іс-қимылына байланысты қойылып еді. Ділдекең оған "Біздің салада бұндай жағымсыз оқиғалар жиі кездесіп тұрады. Мемлекет қазынасы біздің қадағалауымызда" деп нық сеніммен жауап берді. Мазалаған сұрақтың маңызды жауабы осылай қайырылған еді.
...1948 жылдың көктем мезгілі. Соғыстан кейінгі жұтаң тірлік. Туған жерге деген сағынышпен қоса, "ұрпақтарымды ағайын-туыс арасына апарайын" деген ой мазалаған Үйрекбай ақсақал жұбайы Қадишамен ойласа отырып, туған жерге қайтуға мықтап бекінді. Арада ай өткізіп, жаз басында Аралға келіп жетті-ау. Есепке жүйрік Мансұры сауда мекемесіне жұмысқа орналасты. Ділда Т.Г.Шевченко атындағы №13 қазақ орта мектебінің тоғызыншы сыныбына оқуға қабылданды. Араға тағы  жыл салып, осы мектептің оныншы сыныбын "өте жақсы" деген бағамен бітіріп шығады. Аудан көлемінде мұғалімдердің жетіспеуіне байланысты аудандық білім бөлімі Ділда Маймақовты бір жыл Аманөткел сегіз жылдық мектебіне мұғалім етіп жібереді.
1951 жылдың тамыз айы. Бір жыл ауылдық жерде мұғалім болған Ділда өзінің армандаған оқуы Алматы қаласындағы Заң институтына құжаттарын тапсырады. Қос тілді тең игерген арманшыл жас жігіт институтқа қиналмай-ақ түсіп кетеді. 1955 жылы институтты "өте жақсы" деген бағамен бітірген жас маманды Қазақ ССР Прокуратурасының жолдамасымен Қарағанды облыстық прокуратурасына қызметке жібереді. Жігерлі жас заңгер осы облыстың Қоңырат, Жезді, Шет аудандарында тергеуші, прокурордың көмекшісі, аудан прокуроры қызметтерін он жылдан астам мінсіз атқарады. Бұл қызметтерде жүргенде тосын жайлар да көп болады. Соның біреуін ғана айтайын деген Ділдекең:
– 1962 жылдың күзі. Адам өлтірген қылмыскерді екі ай дегенде анықтап, қылмысын мойындатқанмын. Мұндайда лауазым иелері де араласады, қоқан-лоққы да болады, берім де ұсынады. Үш бөлмелі пәтерде тұрамыз. Таң алдында сыртқа шықсам, есік алдында кішкентай картон корап тұр. Аузын ашсам, іші толған ақша. Дереу қауіпсіздік бөлімінің адамдарын шақырдым. Араға күн салып, арандатушылар қолға түсті, – дейді.
Қауіпті әрі қиын болса да, өзі сүйген мамандығы бойынша Қарағанды облысында аудан прокуроры қызметін 1966 жылға дейін мінсіз атқарған Ділда Маймақов Қазақ ССР Прокуратурасының рұқсаты бойынша Қызылорда облыстық прокуратурасына қызметке ауысады.
...1966 жылдың наурыз айы. Отыз үш жасқа енді толған жас маман Қызылорда облыстық прокуратурасына қызметке орналасты. Тергеушіден бастап прокурор-криминалист, облыстық прокуратураның тергеу бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл қызметтер айтуға оңай болғанымен, шырғалаңы көп шытырман оқиғалы, әрі қауіпті қызметтер болатын. 1979 жылы он бесінші ақпанда КСРО Бас Прокуратурасының бұйрығымен өз қызметін мінсіз атқарған Ділда Маймақовқа "Заң кеңесшісі" сыныпты шені берілді. Ал 1995 жылы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен қалалық, облыстық прокуратурада аға тергеуші болып қызмет істеген уақыттарында қасақана кіс өлтіру, мемлекеттік мүлікті аса көп мөлшерде ұрлау секілді ауыр қылмыстарды тергеуде қылмыстардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жайларды анықтау бойынша заңға сай шара көре білгені және мұндай ауыр қылмыстарға әкеп соғатын қызметтер мен жағдайларды жою жөнінде тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға ұсыныстар жолдап, қызмет бабын үлгілі атқарғаны үшін  "Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері" белгісімен марапатталды.
Облыстық прокуратураның алқа мүшесі Д.Маймақов – заң саласына келген жас мамандарға ақыл-кеңесін беріп, ұстаз бола білген тұлға. Кезінде Арал аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған, кейін Жоғарғы сот судьясы қызметіне ауысқан Г.Дүйсенбаев "Ділда Маймақовты тәжірибелі заңгер, тәлім берген ұстазым ретінде құрметтеймін, өзіме үлгі тұтамын" дейді.
Заң жазылады. Оны орындайтын – адам. Адам – пенде. Қара қылды қақ жарып, әділ үкім шығару әділетті заңгердің қолынан ғана келеді. Д.Маймақовты осындай әділ заңгер, қадағалаушы органның қаһарманы десек болар. Бұл күнде бақилыққа аттанған Ділдекеңнің артында екі ұл, екі қыз және бірнеше немересі бар. Үлкен ұлы Бақытжан – жоғары білімді, айрықша істер жөніндегі аға офицер, келіні Аэлита – валеолог маман. Үлкен қызы Алмагүл – Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, ал Жұмагүлі – Рудный қаласындағы мәдениет үйінің  директоры. Кенже ұлы Ғанижан күзет агенттігінде қызмет атқарады. Немерелері Бауыржан – бағдарламашы, Ақжібек – банк саласында қызмет атқарады. Әлия – студент, ал Баянсұлу – мектеп оқушысы.
Еліміздегі құқық пен заң­дылықтың нығаюына үлес қосып, облыстық прокуратурада өз қолтаңбасын қалдырған, қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігін қам­тамасыз етуде әділдіктің ақ жолынан таймаған Ділда Маймақовтың өнегелі жолы – ізбасарларына үлгі.
Иманбай Әйтімов,
Журналист
07 желтоқсан 2020 ж. 227 0