Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төрт бала көп бала ма?

Төрт бала көп бала ма?

Қоғамның басты байлығы – адам. Ал адамның ең үлкен бағы да, байлығы да бала. Ал көпбалалы болу – ол тәңірдің адамға берген теңдессіз сыйы.
Қоғамда «Келер жылдан бастап төрт баланы өмірге әкеліп, жетілдіріп, мәпелеп өсі­ріп жатқан әйелдер көпбалалы аналар санатына жатпайды. Оларға төленетін ай сайынғы жәрдемақы қысқа­ртылады» деген пікірлер айтылуда.
Осы орайда мәселенің жай-жапсарын білмек болып, қала­лық жұмыспен қамту, әлеу­меттік бағдарламлар және АХАТ бөліміне хат жолдадық.
Ондағы мамандардың айтуынша, төрт балалы аналардың жәрдемақысын қысқарту және көпбалалылар санатынан алып тастау мәселесі мүлдем қаралып жатқан жоқ екен.
– Ағымдағы жылдың 1 қазанына аз қамтылған тұрмысы төмен 5577 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, барлығы 1 905 350,5 мың теңге төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың ішінде көпбалалы аналар саны – 2045. Табыстарына қарамастан төрт және одан да көпбалалы аналарға ай сайын төленетін жәрдемақы бөлім арқылы төленбейді. Ол тек мемлекеттік корпорация арқылы ғана төленеді. Мен көпбалалы аналарымызға осыны айтқым келеді, – дейді қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламлар және АХАТ бөлімі басшысының орынбасары А.Қиясова.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 400 мыңға жуық отбасы алады. Ал 1 шілдеден бастап көпбалалы отбасылар мөлшері өзгертілген жәрдемақыға қол жеткізіпті. Қазіргі таңда 4 баласы бар отбасыға 44500 теңгенің көлемінде төленеді. Әрбір бала қосылған сайын, 11 мың теңге көлемінде қосылып отырады, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Асқар Ниязов.
Айта кетейік, аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан көп, кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Осы жылы қаңтар-қазан айы аралығында көпбалалы аналарға 191 миллиард теңгеге жуық жәрдемақы тағайындалыпты.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
07 желтоқсан 2020 ж. 1 387 0