Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Фариза Оңғарсынованың ой-толғамынан

Фариза Оңғарсынованың ой-толғамынан

Мен жалпы әйел тағдырының жүгі көбірек, қиынырақ дер едім. Ал нағыз өнердің шытырман жолы, тіпті суреткерлік табиғат әйелге бұйырса, ол екі есе қиын. Тағдыры өнермен байланысты әйел жайлы көбірек ойланатыным да, мүмкін, сондықтан болар. Қазақ әйелінің бойындағы адам таңғаларлық ғажайып қасиеттер кім-кімді де табындырады деп ойлаймын. Мысалы, тұрақтылық, моральдық беріктік, нәзіктікпен ұштасып жататын асқақтық пен ақыл-қайрат – осының бәрі қазақ әйелінің басынан қай кезде де табылады. Ал заманның қаталдығына, қыз жолының жіңішкелігіне қарамастан, қазақ қызының қабілетін, өнерін халыққа таныта білген Сара, Майра, Диналарға гимн жазса да артық болмас еді. Осыларды ойға ала отырып, қазіргі дәуірімізде өнер шамшырақтары болып жүрген Ғазиза, Бибігүлдердің бақытты тағдырынан творчество адамы үшін творчестводағы тәуелсіздік, қоғам мен адам мүддесі ұштасқанда ғана творчестволық, өсу, өрлеу мүмкіндігін көресің.
Мен өмірде өздерінің үлкен өнер адамдары екендіктерін, бойларындағы талантын сезбейтін қазақ әйелдерін көп кездестірдім. Мәселен, балаларын тәрбиелеп өсірген аналардың арасында, ауылда өз бетінше кілем тоқитын, киім тігетін әйелдердің бірсыпырасы, тамақты баппен пісіретін адамдар шын өнер иелері екенін өздері байқамайды. Бала тәрбиелеп өсіру де – үлкен өнер. Мұндай адамдар – табиғатынан жоғары дәрежеде жарасым-үйлесім тапқан тұлғалар.
Алайда өмірде саналы түрде өнерге беріліп, шығармалар туғызатын тұлғалар болады. Олардың табиғаты алдыңғылардан басқашалау. Адам дүниедегі, уақыттағы үйлесімсіздіктерді, жарастық бұзылуын көреді де, соның орнын толтыру үшін – жаратылыстағы жетіспейтін жарастықты жетілдіру, сүйтіп басқалардың жанына үйлесім сұлулығын беру үшін қызмет етеді.
zhambylnews.kz
10 желтоқсан 2020 ж. 604 0