Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамның жас ерекшеліктеріне байланысты атаулар

Адамның жас ерекшеліктеріне байланысты атаулар

Қазақтың сөзі орамды, тілі бай. Қазақта кез келген нәрсеге бей-жай қарамаған. Қарап отырсаң, әр нәрсенің атауы бар. Бүгінгі материалымызда адамның жас ерекшеліктеріне байланысты атаулар жүйесін қарастырамыз. Бір қызығы, осы атаулардың ішінде біздің қолданатынымыз 4-5-ақ сөз. Сондықтан осы атауларды пайдаланып, ұмытылып қалғандарын қайта жаңғыртып, тіліміздің дамуына үлес қосайық.

Қазақта баланың туғаннан бастап 1 жасқа дейінгі кезеңі – шақалақ, нәресте, сәби деп аталса, 1 жастан 2 жасқа дейін қыз бала – бөпе, ұл бала – бөбек деп айтылған. 
2 жастан 3 жасқа дейін – бүлдіршін
3 жастан 5 жасқа дейін – балдырған, балауса 
6 жастан 7 жасқа дейін – бала, балақай
8 жастан 12 жасқа дейін – ойын баласы, жеткіншек
13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала, жасөспірім
16 жастан 19 жасқа дейін – бозбала, бойжеткен
20 мен 30 жас аралығы – жас жігіт, қыз
30 бен 40 жас аралығы – дүр жігіт, аға, еркек, кәрі қыз, келіншек
40 пен 50 жас аралығы – ер түлегі, отағасы, әке, көке, әйел, ана, тәте
50 мен 60 жас аралығы – жігіт ағасы, сары кідір әйел
60 пен 70 жас аралығы – қарасақал, ата, қара кемпір, апа, әже
70 пен 80 жас аралығы – ақсақал, ақбұрым
80 мен 90 жас аралығы – ақ үрпек шал, ақ үрпек ана, қарт, қария
90 мен 100 жас аралығы - селкілдек шал, селкілдек кемпір
100 жастан жоғары - кейуана, баба
Сонымен қатар, қазақтың жыл санау жүйесінде мүшел жастың да орны ерекше. Әр 12 жыл сайын бір мүшелден қайырып, соған орай жігіттің ақыл-ойының даму деңгейін өлшеп отырған. 
1- мүшел -13 жас (балалық, ер жете бастау)
2 - мүшел – 25 жас (жігіттік жас, күш-қуаттың толысуы)
3 - мүшел – 37 жас (ақыл тоқтау, жан-жақты толысу)
4 - мүшел – 49 жас (орта жас, кемелдену)
5 – мүшел – 61 жас (орта жас)
6 - мүшел – 73 жас (қарттық)
7 – мүшел - 85 жас (кәрілік)
8 - мүшел – 97 жас (қалжырау)
9 - мүшел – 109 жас (шөпшек сүю)
10 – мүшел -121 жас (немене сүю)
Қазақ 30 жасты - орда бұзар жас десе, 40 жас - қылыш жас, қырықта қамал алар деп болжаған. Ал 50 жас – ел ағасы, ердің жасы деп, 60 жас – алпыстың асқары, алпыстың асуы, асқаралы алпыс деп бағамдаған. 70 жасты – жетпістің белесі десе, 80 жасты – сексеннің сеңгірі деп баға берген. 
Адамның жасына байланысты тағы да бір қызық деректердің бірі, көшпелі қазақтың мәдениеті осы жерде де көрініс тапқан. Мәселен, адамның жасына байланысты айналысатын мал шаруашылығын да жүктеп, оны тілде қолданған.
10 жасқа дейін - қозы жасы деп, қозы-лақ бақтырған,
10 мен 20 жас аралығын қой жасы деп, қой, ешкі бақтырған,
20 мен 30 жас аралығын жылқы жасы деп, жылқы бақтырған.
15 желтоқсан 2020 ж. 1 119 0