Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мың баладан» оза шапқандар

«Мың баладан» оза шапқандар

Егемен елдің ертеңгі дамуы бүгінгі білімді жастардың қолында. Сондықтан білім саласын дамытудың жаңа әрі тиімді реформаларын ұйымдастыру және оқушыларға сапалы білім берудің түрлі тиімді жолдарын қарастыру қашаннан мемлекетіміздің алдында тұрған басты міндеттерінің бірі. Сапалы біліммен сусындата отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу, оқушылардың білімге қызығушылығын арттыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында істеліп жатқан жұмыстардың тағы бір мәрте куәсі болдық.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ауыл мектептері оқушылары арасында «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы өткізілген болатын. Олимпиада ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының таланттары мен қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Осы олимпиададан аудан оқушылары да жүлдесіз қалмады. Нәтижесінде ауданға қарасты Жақсықылыш кенті және Шижаға, Аманөткел, Ақбасты, Бөген, Қарашалаң елді мекендеріндегі мектептерде білім алатын 6 оқушы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Осы аптада өз білімін дәлелдеп республика көлемінде өткен кең көлемді байқауда аудан абыройын асқақтатқан білімді жеткіншектер аудан әкімімен кездесті.
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жүлдегер жастарды қабылдау барысында:
– Өздеріңіз білетіндей, еліміз дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан сайын, соған сай білім беру саласы да үздіксіз жетілдіріп отыруды қажет етеді. Келешектің кілті – білімді ұрпақта. Сіздердің Ұлттық олимпиадада жүлдегер атанып, жетістікке жетулеріңіз ауданның мерейі және ұстаздардың үздіксіз еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да үнемі ізденіс үстінде болып, білім бәсекесінде биік шыңдарды бағындырып, оқуда озат болуларыңызға тілектеспін. Келешектеріңіз кемел, болашақтарыңыз жарқын болғай! – деп ізгі лебізін жеткізді. Байқауда үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға аудан әкімінің құттықтауы және ноутбуктер сыйға табысталды.
Айта кетейік, «Мың бала» Ұлттық олимпиадасына ауданымыздан 34 оқушы қатысып, білім деңгейлерін сынаған еді.
Оңталап ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
16 желтоқсан 2020 ж. 508 0