Бірлестіктерді біріктірген басқосу
Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Егемендікке қол жеткізген күннен бастап елдегі өзгерістер мен орын алған жаңалықтар бүгінде жемісін беріп келеді. Солардың қатарында ел дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан мемлекеттік емес ұйымдардың да ықпалы ерекше.
Жуырда «Қоғам және мемлекет: серіктестік дамуының 30 жылдығына орай «Birgemiz» атты IX республикалық Азаматтық форум өтті. Бұл форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Қазақсанның Азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева, сонымен қатар ұйымның барлық өңірлік филиал өкілдері қатысты.
Азаматтық форум аясында үкіметтік емес ұйымдар мүшелері бірқатар ведомство басшыларымен онлайн форматта ақпарат алып, көкейдегі сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды. Бірнеше мәселе көтерілген шарада өзекті дегендерін атап өтуді жөн санадық.
Солардың бірі – әлеуметтік қызмет көрсету саласы. Осы бағыттағы атқарылған іс пен алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар, жаңашылдықтар жайлы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндады. Әлеуметтік қызмет көрсету саласында болуы мүмкін өзгерістер жайы да айтылды. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету порталы құрылғанын, мұнан бөлек, отбасының цифрлық картасын құру жоспарда барын форумға қатысушыларға жеткізді. Бұл бастамалардың халыққа берер пайдасына да тоқталған министр: «Жанұяда бір қиын жағдай туындағанда, ол адам мемлекеттен көмек сұрап, мемлекеттік органдарды жағалайды. Бірақ ендігі жерде олай болмауы керек. Біз енгізілетін реформаның нәтижесіне мемлекет осындай отбасыларды өзі анықтап, қолдау көрсететін мүмкіндікке ие болады» – деді.
Мұнан бөлек, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов жастар саясаты мәселесін көтеріп, еріктілер жылына қатысты тың ойлар айтты.Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бүгінде жастарды қолдаудың кешенді жоспары әзірленіп, қазір құжат орталық атқарушы органның қарауына берілгенін айтып өтті.
Сонымен қатар ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин елімізде мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз етпек. Оған қоса ауылдарды интернет желісімен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады. Бұл шаруа кезең-кезеңмен жүргізіліп, елді мекендерде 3G және 4G станциялары орнатылып жатқанын баяндады.
Ал ҚР Сауда және интеграция министрі Бахыт Сұлтанов өз саласындағы жұмыстарға тоқтала келіп, қазір ведомство экспортерлерді қолдауға басымдық беріп отырғанына тоқталды. Пандемия олардың жұмысына да кедергі келтіруде. Сондықтан шығындарды өтеудің ережесі өзгертілген. Бұдан бөлек, арнайы телеграмм канал ашылып, онда кәсіпкерлер өтініштері бойынша, экспортерлердің электронды сауда алаңдарына шығуына көмек те көрсетілетінін айтты.
Форум барысында үкіметтік емес ұйымдардың атқарып отырған жұмысына жоғары баға беріліп, бәсекеге қабілеттілігін ескеріп және алдағы уақытта заң жүзінде тиімділігін арттыру, мемлекет тарапынан қолдау көрсету туралы ұсыныстар айтылды. «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясының» ұсынысы негізінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С.Ахметов бірқатар белсенді ұйымдарды арнайы дипломмен және сыйақымен марапаттады. Солардың бірлігі «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі де бар. «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің директоры А.Баймаханова:
– Бұл марапат – қоғамдық бірлестіктің жемісті еңбегі. Біздің бірлестік осы уақытқа дейін ауыз толтырып айтарлықтай көптеген жұмыс істеді. Оған ел куә, уақыт дәлел. Бүгінгі бізге табысталған марапат талпынысты одан әрі арттыра түседі. Еленген еңбек кімге де мотивация ғой, – деп өз қуанышымен бөлісті.
Оңталап ЖОЛДАСОВ