Қызылордада коронавирус жұқтырған науқастардың 98,4 пайызы толығымен жазылды
Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың 98,4 пайызы толығымен жазылды. Ол барлығы 3287 адамды құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысында 3345 адам қатерлі індетті жұқтырған. Олардың 98,4 пайызы (3287 адам) науқасынан толығымен жазылды. Анықталған әрбір сырқаттың эпидемиологиялық ортасы есепке алынып, күнделікті сараланып отыр. Бұл мақсатта облыс әкімінің бақылауымен арнайы іс-шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
«Бүгінгі күні барлығы 210 адамға арналған инфекциялық орын бар. Оның ішінде 38-і -реанимациялық.
Айта кетерлігі, қазір жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқан науқас жоқ. Қатерлі індетті жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған азаматтарды оқшаулау мақсатында 30 карантиндік төсек-орын белгіленген. Ахуал күрделеген жағдайда облыста, қала және аудандарды қосқанда 3200 төсек-орын ұйымдастыруға мүмкіндігіміз бар. Жақын күндері жалпы құны 6,3 млрд теңгені құрайтын модульдік аурухана пайдалануға беріледі», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.
Оның айтуынша, эпидемиологиялық маусым басталған уақытта облыста барлығы 76 өкпені жасанды желдету аппараты бар еді. Қазір олардың саны 252 данаға жетті. Медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек арқылы 682 оттегі концентраторы жеткізілді. Сонымен қатар, облыста 518 оттегімен қамтамасыз етілген төсек-орын бар. Медицина ұйымдарының барлығы пульсоксиметрмен қамтамасыз етілген.
«Бұрын облыстың медициналық ұйымдарында 62 рентген аппараты жұмыс жасайтын. Жергілікті бюджеттен оған қосымша ретінде 4 флюро және 6 дана стационарлы рентген аппараты сатып алынды. Сондай-ақ, демеушілік көмек есебінде «Лукойл» ЖШС арқылы 2 мобильді жылжымалы палаталық рентген аппараты және 1 дана «С-ДУГА» рентген аппараты келді. Қармақшы, Жаңақорған аудандық ауруханаларына қажетті 2 дана мобильді цифрлы рентген аппаратына «Қазгермұнай БК» ЖШС қаржылай қолдау көрсетті. Бүгінгі таңда облыс бойынша 79 жедел жәрдем бригадасы халыққа қызмет көрсетуде», - деді басқарма басшысы.
Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының санитарлық автокөліктерін жаңарту мақсатында республикалық бюджеттен лизинг арқылы қараша айының алғашқы жартысында 40 дана санитарлық автокөлік толықтай жеткізілді. Одан бөлек 2 жылжымалы медициналық кешен кілттері Жалағаш, Қармақшы аудандық ауруханаларына берілді.
inform.kz