Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сиыр жылы қазақ үшін жайлы бола ма - этнограф жауап берді.

Сиыр жылы қазақ үшін жайлы бола ма - этнограф жауап берді.

Этнографтардың айтуынша, үй жануарлары жылы жақсы, жайлы өтеді. Ахмет Тоқтарбай сиыр жылының не себепті жайлы жыл қатарына жататынын айтып берді, - деп жазды sputnik.kz сайты. 
"Қазақ күнтізбесі бойынша сиыр жақсы, жайлы жылдардың бірі деп саналады. Себебі жаман жылдар тарихта бар, мысалы, қоян жылы қазақ күнтізбесі бойынша ең жаман жыл. Тышқан жылы, жылқы жылында соғыс, ұрыс-керіс болған. Сиыр жуас, момын мал. Екіншіден, ертеректе кедей отбасыда бір сиыр болса, сол барлығын асыраған. Бір сиырды сол үйдің анасы деп атайды екен", - дейді маман.
Айтуынша, бір сиырдың сүті бір үйді асыраған. Сонымен қатар қыста тайынша болған түлікті соғымға сойып алып, қыстан шыққан.
"Бұл жыл тыныш, дау-дамайсыз, халыққа мамыражай жыл деп саналады. Сонымен қатар қой мен барыс жылы жақсы өтеді", - дейді этнограф.
Сондай-ақ, жыл санауындағы төрт түлікті сол жылы туған адамдар бауыздамайды.
"Жылқы жылы туған адам жылқы бауыздамайды. Бұл сиыр мен қой жылы туғандарға да қатысты. Себебі адам сол жылы өмірге келген соң, оған құрмет көрсетеді. Қазір бір кісілер биыл жаңа жылда сиыр етін дастарханға қоймаймыз деп жатыр екен. Бұл түркі жұртына жат дүние, керісінше славян халықтарына тән. Ал қазақ қашан да төрт түлікті азық ретінде пайдаланған", - дейді Тоқтарбай.

Сиыр жылы туғандардың мінезі қандай 

Ал сиыр жылы туғандардың табиғи белгісі – су. Соған байланысты бұл жылы дүниеге келгендер тұрақты, сабырлы болып келеді, көшбасшылық қасиетке де ие.
Ал осындан бес ғасыр бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының "Шипагерлік баян" кітабында адамдардың мінезін туған жылына қарай сипаттап берген.
"Маңғаз (сиыр). Мүшелдік тектелгі саналғы бұл жылдағылар сусағыш, тамақсау, өзара шығысымы үй ішіндік болса да қағыспалы, бірақ зілсіз, кексіз, харакеті бір тоға, көмпіс, оңайлықша сөз өтпейтін, қамшы жүргізіп, таяқ шектейтін, тілге азбайтын, иісалмас. Жау тиіскенде айғай-аттанын естісе не қан көрсе болғаны намысы қозғыш, өлген-тірілгеніне, алды-артына қарамайтын, бір қалмай атқа қонатын, сонымен қоса бірауызды, қаратұяғынан хал кеткенше айқасатын, қауқарлы-қауқарсыздығына қарамайтын әрі өздерін және жастарын аялауға құштарлығы басым, не жеңіп, не өліп тынатын адам", - деп жазды Тілеуқабылұлы.
Сонымен қатар сиыр жылы туғандар досқа адал, ақ пейіл, достары мен туған жерінен әсте айырылғысы келмейтін адам болатынын жазып қалдырған.

29 желтоқсан 2020 ж. 808 0