Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайран қалдырған таксишім-ай...

Қайран қалдырған таксишім-ай...

Қазір қаламызда не көп, жаяу жүргіншілерден такси көп. Бір рақаты, баратын жеріңізге қиналмай-ақ жеткізіп салады. Тіпті, облыс орталықтарына, көрші аудандарға, жолы жақсы болса, ауылдық жерлерге де апарады, тек пұлына келіссең. Пұлы демекші, кейде ойыңнан шықпайтын кездері де болады. Ондайда амал жоқ, сұрағанын бересің. Әйтпесе, сенің таксишіге қиянат жасағаның болып табылатын сияқты. Кешегі Кеңес заманындағыдай таксилерде «тақ-тұқ» сартылдап тұрған есептегіш жоқ. Санаса алмайсың.
Бірде таяқ тастам жерге жетіп қалайын деп жолда қол көтеріп, таксиге отырып, түсерде таксишіге «қанша аласың?» деп сұрасаң: – 200 теңге, – деп бетіңе қарағанда, не айтарыңды білмей де қаласың.
– А-а-у, 100 теңге емес пе? Жарты жолда міндім ғой десең:
– Айтқан көшеңе бұрылдым, – деп қасарысып тұрған соң, амалсыз сұрағанын бересің. Кешегі пандемия кезінде жолдан шықпай-ақ, маршрутының шегіне дейін 150 теңге алғанына не дейсің?..
Осы арада өткен жылдардың күз айларының бірінде болған оқиға есіме түсіп отыр. Бұл бір қайран қалдырған таксиші туралы.
Кешкі асқа отырғанымыз сол еді, радиотелефон безілдеп қоя берді. Кім екен? – деп трубканы көтерсем, ар жағынан:
– Бұл мен ғой, Тараз қаласынан звондап тұрған, – деген дауысты ажырата алмай ойланып қалсам керек:
– Не, дауысымды танымай қалдың ба, Алматыда комсомол оқуында бірге болған досыңмын ғой, – дегенде барып 1974-1975 жылдары республикалық комсомол мектебінің тыңдаушысы болып жүргенімде танысқан досым есіме түсті. Сол кезде Жамбыл облысы, Құлан аудандық комсомол комитетінде қызмет істейтін. Кейін бір мекеменің басшысы болған жылдары бір-екі рет телефонмен сөйлескенім есімнен шығып кетіпті.
– Аманшылық па?! Тараздан звондап тұрғаныңа қарағанда.
– Иә, біраз жылдардан бері хабарласпадық қой, сол үшін ғафу өтінемін. Қазір үш жылға қарап барады зейнетке шығып, Тараз қаласына көшіп келгеніме. Кемпірің, бала-шағаң аман ба? Жаңалығың болса, құтты болсын, бала. Бала деген сөзді қыстыра бергенде мен де қарап тұрмай – қайдағы бала, кәдімгі шалдың бірі болдық қой, – дедім әзілімді араластырып.
– Оныңды қой, маған бәрібір баласың, құрдас. Менің сөзімді тыңда, естіп тұрмысың? – деді.
– И-иә, құлағым сенде.
– Бала, былай, інімнің немересі аяқ астынан келін әкеліп, мәре-сәре болып қалдық. Сұрастырып көрсем, Арал қаласынан екен, енді сен жаққа жол түсіп, құдаларымыздан кешірім сұраудың реті келіп тұрғаны. Пойызға билет алып қойдық, төрт сағаттан кейін мінеміз. Түсініп тұрсың ба? Өзіміз үш адамбыз және кәде-сый салған шабаданымыз бар, көптік көрмейсің бе? –деді сөзіне әзілді араластыра.
– О, не дегенің, қанша болсаңыздар да сыйлайтын-жайлайтын жайымыз бар, келіңіздер.
–Айтайын дегенім, – деді сөзін жалғап, – пойызымыз Арал қаласына түннің бір уақытында барады екен. Беймезгіл кезде құданың үйіне барған әбес шығар, қалай қарайсың?
– Дұрыс айтасың, мінетін пойыздарың қандай, нешінші вагон, күтіп алайын, – деп едім, ол:
– Жо-жоқ, қиналма. Түн іші, әрі аяғыңның ауыратыны бар, такси бар емес пе? Үй бұрынғы жерде (бұрын Аралды көрсетіп, қыдыртқанмын) шығар?
– Иә, үй өзің көрген бұрынғы орнында. Тек бұзып, қайта салғанбыз.
– Ұмытпасам, Дина Нұрпейісова көшесі емес пе?
– Дәл өзі. 38 үй. Темір жолдың арғы беті десең, таксишілер біледі. Ұмытпа!
...Пойыздың келіп-кеткеніне де бір сағатқа жуық уақыт болды. Мына күздің қақаған суығында таксишілер шықпады ма? Қап, вокзалда түнейтін болды ғой деп, дегбірім қашты. Сөйтіп тұрғанда, терезеге машинаның жарығы түсіп, далаға атып шықтым.
Курстас жолдасым такси жүргізушімен есептесіп болған екен. Мені көріп құшақтап алды.
– Соншама уақыттан бері қайда жүрсіңдер?
– Бала, айтпа!.. Қонақтар үйге еніп, демін алғаннан кейін, жуынып-шайынып алды. Шайға отырар алдында курстасым менің сұрағыма «бала, айтпа» деген сөзін өзі жалғастырып:
– Осындай шағын қалада Нұрпейісовтер атындағы көшелерің нешеу? –деді.
– Нешеуі қалай?
– Айтпағым, пойыздан осы тобымызбен түсіп жатқанда, таксишілердің бірі қасымызға келіп: – қайда барасыңдар, такси керек пе? – деді.
– Керек, арғы беттегі Нұрпейісова көшесіне. Содан оның нұсқаған таксиіне отырып, темір жол өткелінен өтіп, солға бұрылып, ұзын көшенің бойын қуалап кеттім.
– Мынау қай көше? – деймін.
– Абай көшесі.
– Баратын үйімізге мұндай көше жоқ еді ғой,– деген сөзімді таксиші елең қылған жоқ. Қаланың солтүстігіне шығып, оңға бұрылды.
– Бұл Суворов жақ қой, онда Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдуәли Нұрпейісовке көше берілген деп естіп едім, – дегенім сол-ақ екен, «сөзімді бөлмей тұра тұр» деді де, әңгімесін әрі қарай жалғастырды. Таксиші жанадан салынған үйлердің арасына тоқтап, менен нешінші үй деп сұрады. Мұнда ондай нөмір жоқ болып шықты. Өзім де қашық кетіп бара жатқанымызды ойлап едім. «Вокзалға жақын әрі жаңадан зәулім мектеп салынып жатқан сияқты еді», – деуім мұң екен:
– Ә, солай айтпайсың ба? Таксиші көлігін кері бұрып, келген ізімізбен темір жол өткелінен өтіп, сен көрсеткен бұрынғы «Водник» стадионының жанындағы Нұрпейісов көшесіне бір-ақ әкелді. Мұнда да іздеген нөміріміз жоқ, әрі көрмеген көшем. Шыдамадым: «Жігітім, бізді қай көшеге әкелдің? Дина Нұрпейісова деген күйші әжеңді білмейтін бе едің?» – деп едім. Бетіме бажырая қарады. – Ол көше Нурпейсовой ғой.
– Мен қазақша айтпадым ба, Нұрпейісова, – деп оған дүрсе қоя бердім. Әйел затының фамилиясының соңына «а» әрпі қосыла айтылатынын білмей тұрғанына қарағанда, орысша оқыған болу керек. Әлде келген қонақтар екен, сандалтып, ақшасын қағып алайын деген арам ойлы алаяқ па екен? Не де болса ойын іске асырған сияқты. Келген соң «қанша аласың?» деп сұрағанымда: «адам басына 1000 теңгеден 3 мың теңге бересің» деді, беті бүлк етпей. Онсыз да сұрағанын беретін едім ғой, бізді сандалтпайақ, – деді қонағым. Сәл-пәл үнсіздіктен кейін:
– Осы сіздер үй ішіңізбен бірге баратын болып, такси шақыртқаныңызда бас-бастарына сұраған ақшасын бересіңдер ме?
– Солай демеске амал жоқ.
– Ал, біздер қалада топ болып таксиге мінетін болсақ, күндіз де, түнде де 500-700 теңгеден артық алмайды. Сіздерде қызық екен...
Аманкелді Өткелбаев,
еңбек ардагері
Арал қаласы 
05 қаңтар 2021 ж. 340 0