Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сіз жорамалға сенесіз бе?

Сіз жорамалға сенесіз бе?

Ғасырлар бойы жұлдыздарды зерттеп, олардың сызбаларын әзірлеуге бар күші  мен өмірін сарп еткен астрологтардың еңбегін сіз қолдайсыз ба? Жұлдызнама – болашақ шымылдығын ашудың ең қарапайым әдісі.
Ең алғашқы жұлдызнамалар біздің заманымызға дейін 5 ғасырда пайда болғанымен, қазіргі күнге дейін оларға деген сұраныс артпаса, кеміген жоқ. Статистика бойынша әрбір жетінші адам жұлдызнамаға сеніп, оның ақпаратына сүйенеді.
Жұлдызнама жайлы айтқанда жұрттың пікірі екіге жарылады. Біреулер сенгісі келеді, біреулер мүлде қарсы емес, енді біреулер үшін тіпті маңызды емес. Қазіргі таңда қазақ қоғамында да осы жұлдызнамаға қарап, жоспар жасау кең таралып кеткен жайы бар. Кейбір газет-журнал бір бұрышын арнайы осы жұлдызнамаға арнап қояды. Немесе телеарналар арнайы уақыттарын бөліп, осы жұлдыздың белгілі бір тұлғаға әсер етуі жайында айтып жатады.Жұлдызнамаға сену не сенбеу адамның психологиясына байланысты. Астрологтар жұлдыз жорамал жасау барысында, адамдардың көпшілігіне сәйкес келетін жалпы мәліметтерді қолдануға тырысады. Ал оқырмандар болса, бұл ақпараттарды нақты өзіне сәйкес келетіндей қарастырып, жасалған болжамға сеніп жүреді. Яғни психология тілінде айтатын болсақ, оқырман өз-өзін иландырады.
Егер сізге сәйкес жұлдызнама: «Сіз бүгін жаңа жаңалық естисіз» деп қуантар болса, біз іштей қуанып жүреміз. Тіпті сол бір ауыз сөз сізге күнұзағына қуаныш сыйлауы мүмкін. Сізді шабыттандырып, алға жетелеуі де абзал.  Ал керісінше жұлдызыңыз сізге «Бүгінгі күн сіз үшін ауыр болғалы тұр» десе ше? Сол күніңізді мұңаюмен өткізесіз бе? Өмір сол жұлдызға қарап қалғандай бітіре саласыз ба?
Дегенмен, жұлдызнаманың күнделікті болжамына сену кішкене күмән туғызса, оның сенуге болатын да бір жағы бар. Мысалы, әр зодиак белгілеріне арнайы жазылған адамдардың мінез-құлықтарының сипаттамасы. Шынында да, бір-бірімен байланысы жоқ, таныс емес, бірақ бір зодиактың адамдары көбінесе мінезі жағынан ұқсас болып жатады. Дәлме-дәл бірдей болмаса да, ортақ бір сипатқа ие болуының ықтималдығы жоғары.
Шын мәнісінде, әр мұсылман үшін Құран аяты аталмыш әрекетті «үлкен күнә» ретінде одан қайтарды. Жұлдызнамаға сеніп, соған қарай күнделікті тіршілігін реттеу де аяттың аясына кіретіндіктен, жұлдызнамаға сену дұрыс емес.
Қорытындылай келе, не дәлелі жоқ, не болатын іске кепілдігі жоқ ақпаратқа сену ырымшыл адамдарға ғана тән деп айтуға болады. «Ғылым мен технология» ғасыры аталған XXI ғасырда жұлдызнамаға сену – ертегіге сенумен бірдей. Алайда еш нәрсе себепсіз пайда болмайтынын да ескеру қажет. Бәлкім, жұлдызнаманың да осы өмірде болуына бір себеп бар шығар. Оның осы уақытқа дейін сақталып келуі де, астрологияның осы дүниедегі белгілі бір орны бар деген сөз деп ойлаймын. Ал сіздің жұлдыз жорамалға деген көзқарасыңыз қандай?
Нұрай Әмірханова,
Арал қаласы
12 қаңтар 2021 ж. 678 0