Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қай күні босану керек?: Нумерологтар бала бай не атақты болу үшін әйелдерге қандай кеңестер айтады

Қай күні босану керек?: Нумерологтар бала бай не атақты болу үшін әйелдерге қандай кеңестер айтады

Болашақ балаңыздың жалақысы көп болғанын қалайсыз ба? Онда сіз міндетті түрде жеті саны бар күні босануыңыз керек. Бүгінде бақсы-балгердің орнын алмастырған нумеролог мамандары жас келіншектерге осындай кеңестер беріп әлек.

Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.
Ал астрологтар жұлдыздардың орналасуына қарай сәбиіңіздің неге қызығып, қандай салада жұмыс істейтініне дейін айтып береміз деп сендіруде. Бұл қаншалықты рас? Әлде ырымға сенгіш қазақты алдаудың кезекті бір тәсілі емес пе? Бұған қатысты шариғат не дейді?
Балам мұғалім болсын ба, әлде дәрігер ме? Жоқ ұстаздың жалақысы аз, ақ халаттылардың жұмысы тым қиын. Әлде өнерге жақын болғаны жөн бе? Ой, одан да президент болсыншы. Иә-иә, билікте отырсын. Онда маған қай күні босану керек? Бұл еріккеннің ермегі ме? Солай болып көрінгенімен, бүгінде цифрға сүйеніп бала көтеріп, босанатындар өте көп. Нумерологтарға арнайы барып, ай-күнді таңдап алады екен.
Бүгінде нумеролог пен астрологтар құдды бір бақсы-балгердің орнын алмастырғандай. Көкейінде жүрген кез келген сұрақтың жауабын табу үшін халық соларға жүгінетін болған. Тіпті, баланы қай күні, сағат нешеде босану керектігіне дейін айтып береді. Бір қызығы, олардың кеңесіне құлақ асып, бұлжытпай орындайтындар жыл санап көбейіп барады екен.
"Менкесеревоға бара жатқандықтан, осы апта жасалу керек деп айтты дәрігер. Қай күн сәтті деп мен сұраймын, Сізге қандай сандар маңызды, баланың денсаулығының мықты болғандығы ма немесе бай болғаны ма, қабілетті болғаны ма, содан кейін соған арнап, күн таңдаймыз. Солай туып жатады. Өйткені, сәтті сандар болады. Жолы болғыш, 7-8 саны. Мұндай адамға кез келген есік ашық. Көбіне ата-аналар сондайды таңдайды", - дейді нумеролог Құралай Бақытқызы. 
"Бала спортқа жақын болсын десеңіз 4-і күні, саусағынан бал тамған өнер иесі болғанын қаласаңыз 7-сі күні босанғаныңыз жөн" дейді нумерологтар. Есімін кім деп қоямын деп басыңыз қатып жатса, оған да қам жемеңіз. Одан бөлек, мұғалім, дәрігер, тіпті президент бола ма, оны да есептеп, айтамыз деп сендіріп отыр. Болмаса, көмекке астрологтар келуге дайын.
"Баланың болашақта қандай болатынын анықтау үшін біз Марс жұлдызын алып қарастырамыз. Ол біздің барлық қызығушылығымызға жауап береді. Мәселен,  егер  сіз туғанда, Марс планетасы отты зодиак белгілеріне сәйкес келіп тұрса, онда сіз спортқа жақын боласыз деген сөз, зодиак белгіңіз сулы болса, өнерге жақын. Ал жердегі белгіде туылсаңыз, демек  ғылым мен білімге қызығасыз. Кейін болашақта баласына үйірме таңдағанда қателік жасап, өкініп қалмау үшін ата-аналар маған келіп, астрологиялық карта жасайды. Ал мен оларға дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамын", - дейді астролог Арман Штатбаев.
Қазақ бұрыннан ырымшыл халық қой. Жылдар бойы бала көтере алмай қалғандар түрлі айла-тәсілдерге баратын еді. Жас анадан баласының жөргегін сұрайды, көпбалалы ананың іш киімін ұрлайды, тағысын тағы. Бірақ көп келіншек заманауи жолдарды құптамайтын болып шықты. Оны аналар арасында сауалнама жүргізу арқылы білдік.
"Құдай өзі берді, не туса да енді өзі болады ғой бала. Оның алдын-ала барып. Баяғыда өзіміз пәленбай бала таптық қой құрсын ештеңе де білмей". 
"Әр адамның, әр баланың өзінің сәті бар, келетін күні. Өзінің денсаулығы қандай болатыны. Оның бәрі адамға байланысты емес".
"Жоқ, әрине, оларға сенбеймін. Ол Алланың қалауымен ғой", - дейді тұрғындар. 
Кішігірім сауалнаманың өзіне байқағанымыздай, қыз-келіншектердің дені бұл мәселеде дінді алға тартып отыр. "Бәрі адамның емес, Алланың қалауымен болады" дейді. Ал бұған қатысты шариғат не дейді?
"Кез келген құдайдың күні ол сәтті күн болып саналады. Дегенмен діннің ішінде де жұлдызнамаға байланысты, әлемнің үйлесіміне, гармаониясына байланысты бір сандар бар.  Яғни, жылдың уақыттарында немесе аптаның күндерінде бір сәттілік деген дүниелер бар. Мысалы бейсенбі күні туған балалар зерек болады. Жұма күні туғандар діндар болады немесе сенбі күні туған балалар кішкене жалқаулау болады деген көзқарастар бұрында да болған", - деді дінтанушы Кеңшілік Тышқан.
Осылайша, біз тілдескен мамандардың ойы қақ жарылды. Бірі баланы сандардың құдіретіне сүйеніп, жоспарлап босанған жөн дейді. Өзгесі бұған үзілді-кесілді қарсы. Ал дүние есігін әлі ашпаған баланың тағдырын арнайы мамандардың көмегіне сүйеніп,  шешіп жүрген ата-аналардың іс-әрекеті қаншалықты қисынды, ол жайлы байламды патша көңілді көрерменнің өзіне қалдырдық.

02 мамыр 2019 ж. 1 118 0