Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шіркін, бүгін бешбармақ жейміз!..

Шіркін, бүгін бешбармақ жейміз!..

Қазіргі күні бұл сөзді жиі естиміз. Үйреншікті жайтқа айналып бара жатқанымен, менің өзіме түрпідей тиеді. Атауының өзі қызық. «Бешбармақ». Жастар қысқартып «Беш хочу» деп жататыны тағы бар.Қазақ тіліне тәржімаласақ – бесбармақ. Мағынасы түсінікті. Бірақ 5 бармақты қайдан алғаны жұмбақ. Қос қолдап асасаң да, екі-ақ бармақ бар емес пе адамда. Қалған 3-еуі қалай шықты?    
         Жарайды, мұны жайына қалдырайық. Енді аздап тарихқа үңіліп көрелік. Атам заманнан бері үйіне қонақ келгенде отағасы бәйбішесіне «Ет ас» дейтін болған немесе «Қазанға ет сал» дегенін талай кітаптан оқығанмын. Қанша кітап оқысам да, «Бешбармақ» және «Бесбармақ» сөздерін еш көзім шалған емес.
Бесбармақ (бешбармақ) – қырғыздың бас тағамының атауы және қазақтың бас тағамының орыс тілінен ауысып қалыптасқан атауы. XIX ғасырда қазақ арасына орыстарға тілмаш боп келген татар-башқұрттардың қамыр қосып тартқан етті қолмен алып қабылдауын білдіретін «беш бармақ» деген атаумен байланысты қалыптасса керек.
Қырғыздар аяқты "бұт", қол саусақтарын "бармақ" дейді. Соны естіген өзіміздің кейбір сөз мағынасын түсінбейтін сауатсыз қазақтар да осы сөзді қолданып, бешбармақ  деп жатады. Негізі,  қолда саусақтар болады, ал аяқта бармақтар болады емес пе? Кім аяғымен ет жегісі келеді? Егер қолмен жегенді меңзегісі келсе, неге бессаусақ  деп атамаған? Бұл жерде сол ұлттық салтты кемсітуден туған құйтырқылық басым ба деймін.
“Бешбармақ” сөзі қазақты отарлаған орыстың ойлап тапқаны.“Бешбармақ” деген сөзден түбегейлі құтылуымыз керек. “Бешбармақ” деу – ұлттық тағамды қорлау. Бұл сөзді баяғыда бізді отарлаған кезде генерал-губернаторлар мен олардың жандайшаптары ойлап тапқан. Қолмен жегенді "казахи бешбармачничают” деп мазақтаған. Осындай мазаққа айналдырар, көңілді кірлетер сөзден қалай арыламыз?
         Орыстардың борщы, өзбектің палауы, ұйғырдың лағманы секілді ұлттық қадірлі асымызды да дұрыс атаумен ұсынсақ, оны тілдік қолданысымызға тұрақты енгізсек, бұл да өз тіліміз бен дәстүрімізге, ата-салтымызға құрмет емес пе? Ендеше аталы астың дұрыс атауын қалай деп алған жөн? Сіз не дейсіз?
Н.Әмірханова
Арал қаласы
20 қаңтар 2021 ж. 1 530 0