Кітаптың да кітабы бар...

Жақында қолыма Ерғали Абдуллаевтың «Ағаш қазан астындағы от» деген кітабы тиді. Алғашқы бетін оқығаннан бастап оқи бердім. Біресе күлдім, біресе ызаланып, түрлі күйге еніп жүріп-ақ кітапты қалай аяқтағанымды білмей қалдым. Бір айта кетерлігі, «Адамдар неге бұлай болып кетті?» деген сұрақ мида қалды. Айтайын деген ойлары моншақтай десе моншақтай тізіліп тұр. Өзім кейде дым таппағанда «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) 1001 хадисін» қайталап оқи беретінмін. Соның ішінде 657-хадисінде: «Сөзді қысқа сөйлеуге тапсырамын, себебі қысқа сөйлеу жақсы» деген. Мына кітаптағы қысқа да нұсқа әңгімелердің әрқайсысы бір кітапқа жүк боларлық дүниелер. Бұл еңбекті оқыған адамның жасы немесе кәрісі болсын, айтылар ой төңірегіне бей-жай қарай алмайтын болар. Өз өмірін ой таразысынан өткізіп, осы менің ісім дұрыс па, әлде бұрыс па деп ойланып қалуы да бек мүмкін.
Шыны керек, қазіргі қоғамда жемқорлық деген пәле белең алып тұр. Оны ешкім жоққа шығара алмасы анық. Ал осы бір кеселді дүние жүрген жерде адамда қандай қасиет қалуы мүмкін?! Міне, осындай қоғамға жат кеселдерді өз ойымен ашық кескілеп, тың дүние, туындылар әкелетін ақын-жазушылар қатары көбейсе, олардың туындылары қазіргі жастарды тәрбиелеуде таптырмас идеологиялық құралға айналар еді. Оқырманға керегі де осындай дүниелер деп ойлаймын.
Әмірбек Серекеев,
ардагер ұстаз
Арал қаласы