Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бедеулік пен белсіздік ұлт үшін қауіпті

Бедеулік пен белсіздік ұлт үшін қауіпті

Осыдан 3 жыл бұрын отбасын құрған Әйгерім мен Мараттың жанын құлазытқан бір нәрсе. Олардың сәби иісін аңсап бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Жалпы, мұндай мәселеге душар болған қазақ отбасы көп сияқты. Әрине бұл – ұлттық трагедия. Қазір қоғамда сәби сүюге зар болған жас жұбайлар қатары артқан. Бедеуліктің белең алып бара жатқаны бәрімізді алаңдатып отыр. Статистикалық мәліметке жүгінсек, бүгінде Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасылардың әрбір 5-6-шы отбасы перзентке зар болып жүр. Жалпы, отбасылардың 15-20%-ы осындай қиындықтармен бетпе-бет кездеседі деген халықаралық статистиканы айтады. Дерек көздеріне қарағанда, елімізде қазір 9467 әйел адам бала көтере алмайтындардың тізімінде тұр. Ал мыңнан аса еркек – белсіз. Мұның салдарынан ажырасу факторы көбейді. Осыны назарға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында елдің отбасылық-демографиялық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанда әр алтыншы отбасы бала сүйе алмайтынын айтқан болатын. Сондықтан ол «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеді.

Бедеулікке не себеп?
Біз "бесігіміз бос қалмасын" дейтін қазақпыз. Халқымыз балалы үйді базарға санап, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған. Кезінде ұрпақсыздықтың кесірін көп тартпаған ұлтымыз бүгінде бұл індеттің шырмауына шындап шырмалғандай. Алайда мамандар бедеуліктің белең алуы бізде ғана емес, күллі дүние жүзіндегі тенденция дейді. Не дегенмен де, бедеулік пен белсіздік демографиямызды ақсататын үлкен кесел болып тұр. Қазір бедеулік әйелдердің 45 пайызына тән болса, белсіздік ерлердің 40 пайыздық үлесін алып отыр.
Гинеколог дәрігерлердің айтуынша, егер әйел мен еркек үйленіп, бір жыл бойы сақтанусыз, тұрақты қатынаста болып жүктілік пайда болмаса, бұл бедеулік болып саналады дейді.
– Әйел бедеулігі екі түрге бөлінеді. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі – жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің даму ахауы, яғни жатыр мен аналық бездің жетілмей тууы басты себеп. Жүре пайда болған бедеулік әртүрлі ауруларға, саламатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайды. Сондай-ақ жас кезде түсік жасату да сәби сүю мүмкіндігін жоғалтады. Оның ішінде ең басты орында эндокрионды бедеулік тұр. Бұл дегеніміз әйелдердің шамадан тыс семіздігінің салдарынан болатын мәселе, – дейді аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің акушер-гинекологі Гүлханым Көшербаева.
Дәрігер жастық албыртпен қате басқан бір қадамның салдары өмірлік өкінішке алып келетіндігін айтып қалды. Өйткені сәби сүйе алай жүргендердің басым көпшілігіне кезінде түсік жасатқандықтары себеп болады, дейді. Демек жаратылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тарту осындай қасіретке әкелетіні дәлелденген. Бұдан бөлек, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі сырқаттар, түтікшелердің бітелуі, жыныс мүшелерінің қабынуы, эндометриоз, гормондық бұзылыстар, тағы көптеген факторлар да бедеулікке әкеліп соғады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыдан бес жыл бұрын әлемде қанша жұп бедеулікке шалдыққаны туралы мәлімет жариялаған. Онда 50 миллионға жуық адам осы кеселге ұшырағаны айтылған. Ал қазір бұл сан сөз жоқ, өскені анық. Бірақ аталған ұйым бедеуліктің санымен емес, оның себеп-салдарымен күресіп әлек. Әлемнің белгілі ғалым-сарапшылары да бедеулік мәселесінің дәл қазіргі заманда неліктен өршіп кеткені туралы әртүрлі болжамдар айтуда. Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, бедеулік пен бел-сіздіктің белең алуына тамақтану үрдісінің өзгеруі мен экологиялық факторлар көп әсер етіп жатыр. Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз табиғи құрамынан баяғыда алыстап кетті. Ас-суымызда небір бояғыштар, дәм күшейткіштер, химиялық қоспалар көбейді. Содан кейін адамзаттың бөлінбес бөлшегіне айналған микротолқынды пештер, компьютер, ұялы телефондар да бедеулікті асқындырып жіберген. Сондықтан ғалымдар ұялы телефонды қалтаға жақын ұстамау, қуат көзі 5 пайыздан төмендегенде оны қолданбауға кеңес береді.
Қимыл-қозғалыстың аздығы да бедеуліктің көбеюіне себеп болып отыр. Осы мәселе төңірегіне жан-жақты зерттеу жасаған Кембридж университетінің бір профессоры: «Қазіргі заманда әйелдердің арасында бедеуліктің жиілеуі олардың аналық емес, материалдық, мансаптық құндылықтарды жоғары қоюынан болып отыр. Себебі әйелдердің қан айналымы жатырға емес, миға кетіп жатыр», дейді. Сондықтан бала туу жасындағы әйелдер алдымен мансапты емес, ана болуды алдыңғы кезекке шығарғаны жөн деген пікірде.
Балаң белсіз болмасын десең...
Бала өрбіту, өмірге ұрпақ әкелу – тек әйелдердің проблемасы емес. Өмірге дені сау, саналы бала¬ның келуіне еркектердің де үлесі үлкен. Бірақ бедеулік мәселесі туындай қалса, оған бірден әйел¬ді кінәлаймыз. Адам санасы өзгеріп, заман сан құбылса да мұндай сыңаржақ көзқарас әлі де бар. Әсіресе қазақтың қалыптасқан санасы балалы бола алмаудың кінәратын алдымен әйелге артып қоюға бейім. Бірақ статистика басқаша сөйлейді. Қазіргі таңда бедеу әйел мен белсіз еркектің саны бірдей, яғни некелескен жұптарда баланың болмауына еркек те себепкер. Әлемде де, соның ішінде Қазақстанда да аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген. Оны мойындамауға ләж жоқ. Аудандық аурухананың хиругия бөлімшесінің меңгерушісі, уролог дәрігері Әмірхан Жүсіпов:
– Еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Ал екеуінің де денсаулығының дімкәстігінен балалы болмау 30-40 пайызды құрайды. Сондықтан біз ерлі-зайыптылар¬ды бірдей медициналық тексеруден өткіземіз. Алайда ер-азаматтар тексерілуге онша құлықты емес. Көбі оны өздерінше намыс көреді. Тіпті еркектердің 60 пайыздан астамы дәрігерлерге жоламайды. Еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі түрлі қабынулар, яғни, аталық без бен қуық асты безінің қабынуы, жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді. Жалпы, ерлі-зайыптылар бала сүю мәселесін мейлінше 35 жасқа дейін шешіп алғаны жөн. Өйткені, жас ұлғайған сайын генетикалық өзгерістердің әсерінен ұрықтың сапасы нашарлап, балалы болу мүмкіндігі азаяды, – дейді дәрігер.
Осыдан 5 жыл бұрын отбасын құрған Асылзат құрсақ көтермей көп жүрді. Ол бастапқыда бар кінәні өзінен іздеді. Байғұс әйел дәрігерлердің есігін тоздырып ем-домын алды. Бірақ ақ халаттылар оның денсаулығында айтарлықтай қауіп жоқ екендігін айтып, жолдасының да дәрігер тексеруінен өтуі керектігін айтады. Алғашында дәрігерге баруға қарсы болған жолдасы соңында келісім беріп, тексеруден өтеді. Айтқандай-ақ дәрігер оған ұрықтың белсенділігі төмен деген пайымдама келтірді. Содан бастап жолдасының емделе бастағанын айтады.
– Біз дәрігердің нұсқауы бойынша емделдік. Ақырында нәтиже болды. Көп өтпей-ақ менен жақсы жаңалықтың нышаны байқалды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш еді. Жаратқаннан перзент сұрап не жасамадық дейсіз?! Медицинаға да, емшіге де жүгіндік. Амалсыздықтан кім не десе, соның айтқанын жасап жүрдік. Сондықтан бұл бізге Тәңірдің жіберген үлкен сыйы деп қабылдадық. Бірақ қуанышымыз көпке созылмады. Жүктіліктің 25-аптасында менің жағдайым күрт нашарлады. Дәрігерлер баланы тудырып алудан басқа амал жоқ екендігін айтты. Себебі бұл кезде менің өміріме қауіп төніп тұр еді. Осылайша бар-жоғы 500 грам болатын қызымды өмірге әкелдім. Тұңғышымның ғұмыры қысқа болды. 1 айдай түтікшемен қоректеніп, өмір сүрген соң үзіліп кетті. Бірақ Тәңір бізге тағы да мүмкіндік берді. Қазір ұлымды өмірге әкелдім. Аллаға шүкір, бізде бәрі жақсы, – деген Асылзат өзінің сәби сүюінің оңайға соқпағанын айтты.
Қызға қырық үйден тыю
Иә, тәрбие тал бесіктен басталады. Мамандардың уәжіне жүгінсек, ұрпақ сүйе алмаудың негізгі себебі адами факторлардың салдарынан болатындығы дәлелденіп тұр. "Қызды қырық үйден тыю" дейтін халқымыз бала тәрбиесіне басты назар аударған. Біздің санамызға сіңген «ұят болады» деген нәрсе бар. Өкініштісі, қазір заман талабы дейтін жастарымыздың етек-жеңі қысқарған. Мұның арты ұлттың жойылып кету қаупін төндіріп тұр. Өмірге 8 бала әкеліп, оларды тәрбиелеп өсірген Ақзия Бөлебай жастардың қазіргі болмысына көңілі толмайтындығын айтады.
– Қазақ халқын еліктеушілік деген нәрсе құртады екен. Қазір мода деген шықты. Бел де ашық, кеуде де ашық, етек қысқа. Ең әуелі ашық тұрған жерге көз түседі. Көз түскен соң, сөз тиеді. Мұның бәрі айналып келгенде ұлттық трагедия. Осыдан кейін біздің қазақылығымыз қайда қалды? Ұлттық тәрбие, мәдениет туралы айтудың жөні бір басқа. Қазақ «қыздың өзі үйде, қылығы түзде» деп бекер айтпаған. Сондықтан отбасы, ошақ қасынан бөлек, қоғамда қыз тәрбиесімен айналысатын белгілі ұйым болуы керек. Жігіттер жағы да солай. Жігіттерміз темекі, ішімдік секілді зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанатын болса мұндай мәселе көтерілмеген болар еді. Мәселені шешуден гөрі, алдын алу жолын қамдаған дұрыс болар еді. Қазірден бастап қолға алатын болсақ, болашақта бармақ тістемейтін боламыз.
Түйін: Дұрыс тәрбие, дұрыс тамақтану, дұрыс өмір сүру салты – ұлтты сапалы етудің, ұрпақты көбейтудің басты шарттары. Дегенмен де бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Ең бастысы, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу. Ол үшін сабырлылық пен төзімділіктің де алар орны ерекше екені сөзсіз.Бұл бақытты отбасылардың көбінде үстемдік құрған басты қағида.

Н. БАҚЫРАН
01 ақпан 2021 ж. 645 0