Тойхана жұмысы тоқтады. Ендігі бағыт қандай?
Пандемия қай елдің болмасын экономикасына ауыр соққы болып тиді. Әсіресе дамушы елдердің енді өркен жайған салаларын сарсаңға салып, біздегі шағын және орта бизнестің буынсыз жеріне пышақ сұққандай болды. Әлем елдерінің қай-қайсысын алсақ та коронавирус деп айдар таққан аты жаман аурудың алдында дәрменсіздік танытты. Төтелеп соққанда тосқауыл болуға шамасы жетпеген елдердің дені қайғыдан қара жамылғанын жақсы біліп отырмыз. Сол соққыны қабылдаған елдердің қатарында біз де бармыз. Өткен жылдың бас кезеңі тағдырлы шешімдер қабылданып, алып мегаполистердің тіршілігі тұралап қалғандай болғанын көзіміз көрді. Көшелер қаңырап бос қалғанда, адамдар үйден шықпай сақтық шараларын сақтауға тырысқан кезде не болғанын ұқпай абдырадық. Осылайша жағдай әп-сәтте өзгеріп, кейбір кәсіп түрлері ойламаған жерден тығырыққа тірелді. Әрине біз «той бизнес» деп атаған қазақтың қазынасы елімізде жарияланған төтенше жағдай мен қатаң карантиннің салдарынан «құрдым» қақпасына бағыт алды. Хан сарайындай тойхана салып, сол той бизнестен шаруасын шалқытқан қожайындар көз алдындағы алып нысандарының бір күнде кәдеге аспай қаларын еш ойламаған еді.
Өткен жылдың орта тұсында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында:
– Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі! – деген болатын.
Мойындауымыз керек, бүгінде «Тойың тойға ұлассын» деп ұрандатып жүретін дәурен өтті. Керісінше И.Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалындағы:
Шырылдауық шегіртке,
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған, – деген өлең жолдарын еріксіз еске түсіріп, етек-жеңімізді жинайтын уақыт келді.
Ақтөбелік филолог, саясаттанушы Оралбек Өтеғұлов тойларға шектеу қойылған уақытты пайдаланып, той жасаудың жаңа реформасын бекітіп алуды ұсынған болатын. Сонымен қатар той жасауға 5 жылға дейін мораторий жариялауды билік назарына салды.
Қақпасын қара құлып күзеткен тойханалардың дені бүгінде қаңтарылып бос тұр. Дүркіретіп той өткізуге ел билігі әлі де рұқсат берген жоқ. Салдарынан сән-салтанаты жарасқан зәулім ғимараттардың есігі әлі күнге дейін жабық. Арасында үйлерде өткен шағын көлемдегі тойларға тойханадағы аяқ-табағын жалдап жүргендер де болды. Ондай тірліктің ұзаққа бармасын білді ме, кәсіпкерлер арасында тірлігін басқа бағытқа бұрып, бос қалған тойханаларын басқа бизнеске бейімдегендер қатары көбейді.
Жалпы, облыс бойынша 128 мейрамхана бар болса, соның ішінде 15 тойхана бағытын басқа кәсіпке бұрған. Аудан бойынша 15-тің үстінде тойхана болса, қазіргі таңда соның үшеуі қызметін өзгерткен. Яғни, «Ақниет», «Алмаз» мейрамханалары сауда саласына ауысса, «Хан шатыр» тойханасы асхана қызметін көрсетуде. Сонымен қатар жоғарғы жағын өзге кәсіпкерлер сауда саласына бейімдеп жатыр.
Уақытында аты шығып, ауданның маңдайалды тойларын өткізген «Ақниет» мейрамханасына қазір бас сұқсаңыз басқаша кейіпте. Қызметі де толықтай сауда саласына ауысқан. Алып ғимараттың іші бөлмелерге бөлініп, киім-кешек, ыдыс-аяқ сынды өнім сататын орындарға айналған. Мұндай шешімге келген кәсіпкер А.Сәдуақасова:
– Әрине кәсіпкер болайық, басқа болайық, біз де халықпен бірдейміз. Заң бәрімізге ортақ. Елімізде жарияланған төтенше жағдай салдары көптеген салаға кері әсер еткені рас. Жаннан қымбат ештеңе жоғын жақсы білеміз. Сол үшін де елдегі эпидахуалға байланысты бәріміз үйде болып, қоғамдық ортадан оқшауландық. Адамдар қара басын күйттеген тұста жұмыс жайына қалды. Солардың қатарында біз де бармыз. Карантин талаптарына сәйкес тойдан босамайтын тойханалардың есігі тарс жабылды. Айлап үкіметке қомақты мөлшерде салық төлейтін біз үшін жағдай ауырлай бастағанын жасырмаймын. Сол кедергі әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Қайта Президентке рақмет. Салықтық заңнамаға өзгерістер енгізіп, кәсіпкерлерді жағдай тұрақталғанша салықтан босатты. Несие төлеу мерзімін кейінге шегеріп, біршама мүмкіндіктер қарастырды. Десе де мұндай жағдайдың ұзаққа жалғасуы тиімсіз екенін түсінген кәсіпкерлер той саласындағы табысты жобаларын басқа арнаға ыңғайлады. Бірі – тойханасын шеберханаға, енді бірі қойма, кәсіпорынға айналдырды. Бұл жағдайды ескерген мен де «Ақниет» тойханасын сауда саласына арнап, сол жерден нан жеген қызметкерлер үшін басқалай мүмкіндік жасауға тырыстым, – дейді ол.
«Алмаз» мейрамханасының қожайыны Алмагүл де тойхана жұмысын доғарып, астыңғы бөлігін көтерме сауда бағытында азық-түлік өнімдерін сататын дүкенге айналдырған.
– Той өткізуге тапсырыс қабылдаған уақыттарда бірден 10-15-тің үстінде жұмысшы қабылдағанымыз жасырын емес. Қарап тұрсақ, сол бір тойдың өзінен қаншама жан нәпақасын айырады екен. Оны ұйымдастыруы бар, қонақтарға қызмет көрсету мен алынатын азық-түлік пен сойыстық та бір-бірімен біте қайнасқан жұмыстың жандануына әкеледі. Қазір ондай дәурен өтіп кетті. Бүгінде өзіңіз көріп тұрған ғимараттан тойдың табы сезілмегеніне жылға жуық уақыт болып қалды. Тек осы ғимараттың астыңғы бөлігін бірыңғай сауда үйіне бағыттап отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Шындығында, бір өзі бір мектептің аумағындай жерді алып тұратын үлкен тойханалардың дәл қазіргі уақытта бар болғанынан еш пайда жоқ. Ал оны басқа мақсатқа пайдалану арқылы кәсібін одан әрі дөңгелетіп жатқандардың жұмысы жүріп жатыр. Кейбір тойхана қожайындары көптен бері бірге жұмыс істеп келе жатқан өз қызметкерлерін де жұмыссыз қалдырмауға тырысқан. Бұл жөнінде біз қаладағы «Ақниет» мейрамханасының иесі, кәсіпкер А.Сәдуақасовамен тілдескенде білдік.
– Тойхана өз уақытында жұмыс істеп тұрғанда одан бірнеше жұмысшы өз нәпақасын тапты. Біз олармен жақын араласып кеттік десек те болады. Небір қиын күндерден бірге өттік. Сонда да олар менімен бірге болды. Бірге жүріп тойхана жұмысының өз деңгейінде жүруіне күш салды. Енді елдегі жағдайға байланысты жұмыссыз қалған шақта мен оларды қалай далаға қалдырайын. Бұл қиындықтардан да бірге өтеміз деген оймен жұмысшыларға мүмкіндік жасадық. Қазір олар өзі тіршіліктерін жасап жатыр, – деді кәсіпкер.
Бүгінде баяғы той дәуренін аңсап, тойханаларда өтетін қуаныштарды аңсап жүргендер бар. Бірақ жағдай елімізде әлі де тұрақталмай келеді. Әлсін-әлсін ел аймақтарынан вирус жұқтырғандар анықталып, олардың қатары қайта өсуде.
Ел билігі әзірге жағымды жаңалық айтуға ерте екенін айтып отыр. Жағдай әлі де тұрақты емес. Қазақстанның кейбір аймақтары қауіптің қызыл деңгейіне өтіп, карантин талаптарын қайта күшейтіп жатыр. Демалыс және мәдени орындардың жұмыс кестесі де қысқарып, қызмет көрсету мүмкіндіктерін азайтуда. Мұның бәрі елдің амандығы үшін қабылданып жатқан шешім екені түсінікті. Десе де биылғы жылға жасалған болжамды ойлар да көңіл көншітпейді. Не десек те, біз тақырыпқа арқау етіп отырған той бизнесіне салынған тұсау әзірге алынбайтын секілді. Бұл жөнінде Арал ауданы әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов:
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткен жылдан бастап еліміз бойынша тойханалар қызметіне толықтай шектеу қойылды. Тіпті той жасап, шаңырағына көп адам жинамау керектігі де қатаң ескертілген болатын. Десе де ел болған соң торқалы той мен топырақты өлімнің болып тұратыны белгілі. Біз бұл жағдайларға барынша түсіністікпен қарауға тырыстық. Қатаң карантин енгізілген тұста заңға бағынбай, ауласына той жасаған бірнеше азаматтарға белгіленген мөлшерге сәйкес айыппұл салынды. Бұл бағытта арнайы мобильді топ құрылып, аудан бойынша кәсіп иелеріне де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазір де жағдай сол қалыпта. Дүкендер мен сауда орталықтары жұмыс істеп тұрғанмен, жүздеген адамның басын қосып, той өткізетін тойханаларға әлі де рұқсат берілген жоқ. Еліміз бойынша орын алып жатырған осындай жағдайлар мен шектеулерге кәсіпкерлерді түсіністікпен қарауға шақырамыз. Бұл ретте тиімді шешім, үлкен тойханаларды басқа кәсіпке бейімдеген жөн. Мұндай бастамаларды жоспарлағандардың қадамы өз нәтижесін беріп те жатыр, – дейді.
Иә, той – қазақтың қазынасы. Онымен келісеміз. Бірақ арнайы той жасайтын орындарда 300-500 адамның басын қосып, той жасау қазіргі уақытта қисынсыз. Себебі сол тойдан вирус жұқтырғандар табылып, оның таралу қаупі ұлғайып жатса, жағдай қиындай түсетіні белгілі. Оның соңы не боларын ішіңіз сезіп отырған болар.
Түйін: Несие машақаты мен жұмыстың жүйесіздігі кәсіпкерде де бар уайым. Бұдан арылуға болары еді, бірақ қазіргі еліміздегі эпидахуал оған мүмкіндік бермей тұр. Нәтижесінде қаншама жан жұмыссыз қалды, қаншама тойханалар бос. Алдағы уақытта өнім өндіретін кәсіпкерлік ғимарат тұрғызылса нұр үсітіне нұр болар еді.
А. БИСЕНОВ