Басты бағдарымыз бен темірқазығымыз
Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына қадам бастық. Бұл көп уақыт емес. Дегенмен, іргетасын бекітіп, негізін қалаған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен тәуелсіз Қазақстан мемлекеті әлемдік аренада өз орнын айшықтады.
Тәуелсіздіктің алғашқы қалыптасу жылдары ешкімге де оңай болмады. Кезінде ақжал толқыны жағаға ұрған Арал теңізі ең үлкен теңіздердің қатарында болды. Теңіз суы тартылып, экологиялық апатқа ұшырағанға дейін балыққа бай, жағасы қоғалы, қамысты су айдыны еді. Сыр мен Әму өзені бойында суды қажет ететін күріш, мақта дақылдарының қарқынды дамуынан су мөлшері азайды. Соның салдарынан Арал өңірі экологиялық апатқа ұшырады. Бұл халықтың әлеуметтік-экологиялық жағдайына әсер етпей қоймады. Балықшылар күнкөріс қамымен өзге аймақтарға көше бастады.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Арал проблемасына баса назар аударылды. Елбасының тікелей қолдауымен «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдау туралы» заңы күшіне енді. Қазіргі таңда аталған заң өңір халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ауқымды үлес қосуда.
Орталық Азия елдерінің басшылары 1993 жылдың 26 наурызында Қызылорда қаласында өткен саммитте бас қосып, Арал теңізі жəне Арал маңын экологиялық сауықтыру, аймақтың əлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мəселелерін шешуде бірлесе қызмет ету туралы мəлімдеме қабылдап, Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Тұңғыш Президент Аралды сақтап қалу мақсатында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу жəне Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы жөнінде тарихи шешімін қабылдаған еді. Бұл шешім қазір саяси әрі экономикалық тұрғыдан да өте көрегендікпен жасалған шешім болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы Аралға сапары кезінде айтқан «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі Арал халқының жүрегінен берік орын алды. Бүгінгі күні балық шаруашылығы қайтадан дамып, экономиканың маңызды саласына айналды. Көшіп кеткен балықшылар туған жеріне қайта оралып, ата кəсібін жандандырды. САРАТС жобасының бірінші кезеңін іске асырудың нəтижесінде Арал теңізіндегі балықтың көптеген түрі қалпына келтірілді. Осы уақыт ішінде өңірде балық аулау көлемі еселеп артты. Арал балығы Қазақстанда ғана емес, тіпті Еуроодақ елдеріне де танымал. Балық өнімдері алыс-жақын шетелдерге экспортталады. «Арал тұз» АҚ-да ас тұзын өндіру бойынша 3 испан цехын құру, кварц құмдарын байыту бойынша жобалар іске асырылуда. Осылайша, балық өңдеу, ас тұзын өңдіру кәсібі жанданған өңір Қазақстанды ғана емес, шет мемлекеттерді де қамтамасыз етуге мүмкіндігі мол өңірге айналды.
Өз алдына дербес мемлекет болып, төрткүл дүниеге тәуелсіз ел ретінде танылғанымызға да биыл 30 жыл толып отыр. Ел әбігерге түсіп, тоқырау кезіне тұспа-тұс келген 1991 жылдың желтоқсаны ел есінде. Бұл күні қуанбаған адам кемде-кем шығар. Бүгінде Арал тұрғындары ең таза ауызсуды пайдаланып, көгілдір отынның игілігін көруде. Бірнеше балық зауыты, жаңа мектептер, емдеу орындары мен кәсіпкерлік нысандар салынып, көптің қажетіне жарауда. Міне, мұның бәрі ел тәуелсіздігінің арқасы.
Отыз жылда қалыптасқан елдігіміз бізді адастырмады. Президент Касым-Жомарт Тоқаев: «Біз халқымыз үшін аса қастерлі мерекені нақты істермен және жаңа жобалармен атап өтеміз. Халықтың жағдайын жақсарту, аз қамтылған отбасыларға, көп балалы аналарға, жастарға деген қамқорлыққа бағытталған іс-шаралар өткізу осы жылдың міндеттері» деді.
Тәуелсіздік – біздің басты бағдарымыз бен темірқазығымыз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында мемлекеттігіміз бекіп, елдігіміз нығая түсті. Әр азамат үшін тәуелсіздік киелі ұғым болып қалыптасуы керек. Осы ретте Мемлекет басшысының "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында айтылған тұрғындардың ынтымағын, халықтың бірлігін, елдің егемендігін көтереміз деген ойлары көңілге қуаныш, болашаққа сенім ұялатады.
К.Көздібаева