Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вакцинация – пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы

Вакцинация – пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы

Өткен 2020 жылдың қаңтар айынан бастап алғаш Қытайда кейін бүкіл әлемде коронавирус инфекциясы індеті белең алып, пандемиялық сипат алды, яғни бүкіл әлемге жылдам таралды. Бірнеше айдың ішінде жұқпалы індеттің жылдам таралуы бүкіл әлемді, тіпті АҚШ, Еуроодақ елдері, Жапония, Оңтүстік Корея секілді медицина саласы жақсы дамыған мемлекеттердің өзін тығырыққа тіреді.
Бір жылда әлем бойынша 100 млн.астам адам ауырып, 2 миллионнан астам адам осы аурудың асқынуынан қайтыс болды. Әлем елдері бұл індетпен күресу үшін түрлі карантиндік шаралар енгізуде, бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтау, қолды сабынмен, антисептикпен жиі-жиі жуу, көпшілік жиналатын орындарды жабу, олардың жұмыс уақытын шектеу осы ауруды тежеуге бағытталды. Дегенмен ауру деңгейі әлі бәсеңдер емес.

Бүгінгі таңда әлем ғалымдары осы індетке қарсы егуге арналған вакцина дайындап, әлемнің 46 елінде коронавируске қарсы 8 түрлі вакцинамен егу шаралары жүргізілуде. Қазақстанда коронавируске қарсы егу шаралары 1-ші ақпаннан басталды, өздеріңіз теледидардан көргендей алғашқы күні-ақ республика, облыс көлемінде медицина қызметкерлері коронавируске қарсы егу шарасын алды, егу шаралары жалғасуда.
Коронавируске қарсы егу шарасы бірінші кезекте егілетін адамды аурудан қорғайды, сонымен қатар егілген адамның отбасындағы егілмеген адамдарды аурудан сақтандырады.
Коронавируске қарсы егілу – пандемиядан шығудың төте жолы, неғұрлым егілген адамдар саны көп болған сайын аурудың таралуы шектеледі.
Қазақстанда егу шарасына Ресей Федерациясында шығарылған «Гам-Ковид Вак» вакцинасы ( Спутник V ) қолданылуда, әлемнің 13 мемлекеті осы вакцинамен егу шарасын жүргізуде. Егу шарасы бюджет есебінен тегін жасалады. Егу шарасы 18 жас пен 64 жас аралығындағы белгілі топ адамдарына егіледі. Бірінші кезекте аурумен күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлері мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары егіледі, аудан медицина қызметкерлеріне егу шарасы вакцинаның келуіне қарай ақпан айының аяқ шеніне басталады деп күтілуде. Кейін вакцинаның бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен ұстаздарды, полиция қызметкерлерін, студенттерді, жабық мекемелердің қызметкерлерін, төтенше жағдайлардың алдын алу қызметі, Ұлттық қауіпсіздік қызметі қызметкерлерін, мемлекеттік қызметшілерді, қант диабеті, тыныс жолдарының созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары ауруларымен есепте тұрған адамдарды егу жоспарланып отыр. Вакцина 18 жасқа дейінгі балалар мен 64 жастан асқан адамдарға сыналмағандықтан оларға егу шарасы қаралмаған.
Егу шарасының алдында егілетін адам аймақтық жалпы тәжірибелік дәрігермен қаралып, эпидемиологиялық сұрау жасалады, дене қызуы, қанның оттегімен қанығуы (сатурация), артериялық қан қысымын өлшеу, тыныс алу және жүрек-қан тамыр жүйесін тыңдау, жұтқыншақты тексеру секілді дәрігердің міндетті қарауы жүргізіледі, егу шарасына қарсы көрсетілім жоқ болса егу шарасына ұлықсат беріледі. Егу шарасы егілетін адамның жазбаша келісімінен соң ерікті түрде жасалады. Егу шарасына биотехнологиялық жолмен алынған вакцина қолданылады, вакцина құрамында тірі вирус жоқ, тек ол туралы мағлұматы бар антигендер бар, сол арқылы адам ағзасында коронавируске қарсы антиденелер түзіліп, адам коронавирус инфекциясымен кездескен кезде адамды антиденелер қорғайды. Коронавирустық вакцина 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізіледі. Бірінші егу ауруға қарсы антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және бекітеді, адам ағзасындағы антиденелер саны артады.
Қазақстанда да коронавируске қарсы 5 түрлі вакцина дайындалып жатыр, олар толық клиникалық тексерістен өтіп өздерінің тиімділігін дәлелдесе, арнайы сертификат алса, өндірістік ауқымда дайындалып, пайдалануға шығарылады.
Коронавируске қарсы егіліңіз, өзіңізді және отбасы мүшелерін аурудан қорғаңыз!

А. САТЕКЕЕВА
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
17 ақпан 2021 ж. 929 0