Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр көшенің басында ескерткіш тақта тұр, неге?

Әр көшенің басында ескерткіш тақта тұр, неге?

Тәуелсіздік алғалы бері қазақ халқының зиялылары мен елдіктің қалыптасуында елеулі орны бар, азаттықты ұзақ жылдардан бері аңсаған ұлтымыздың бодандықтан босауы үшін басын бәйгеге тіккен, кейіннен әр елдің, қаланың, ауылдардың атағын танымал еткен азаматтардың есімін ұлықтау жайы жиі айтылып келеді. Осындай бір мәселенің бірі деп айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиевтің былтыр жарияланған мына бір сөзін айта кетейін.
«Жақында ұлт руханиятының көсемі Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы) туған жері Қостанай облысы, Жангелді ауданы Ақкөлге барып қайттым. Кіндік қаны тамған Сарытүбектегі үйіне де кірудің сәті түсті. Осыдан оншақты жыл бұрын сол жердегі Ақкөл, Қарасу ауылының тұрғындары асар жасап, Сарытүбектегі Ахаң туған үйді қалыпқа келтірген болатын. Қарасу ауылының тұрғындарымен пікірлестік. Ахаңның ұрпағы біраз өкпе-реніштерін білдірді. Ахмет Байтұрсынұлының аса көп насихатталмай жүргенін айтты. Жангелді ауданы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталса деген ұсыныстарын алға тартты» деген сөзі қалаларға, ауылдарға, көшелерге жаңа атау беру қажеттігі туралы халықтың ұсынысы әлі де барын білдіреді.

Рас, егемендік алып, етек-жеңімізді жиғаннан кейін, ұлттың ұлылары мен ардақты азаматтарды ұлықтау қажет-ақ. Көнерген атаулар мен кеңестік кезеңнен қалыптасып қалған, әлі күнге орысша ат арқалап келе жатқан аймақтар республика көлемінде әлі де бар. Соған байланысты ұсыныстарды елеп, көптеген атаулардың жаңартылғанын көріп жүрміз. Мәселен, аудан бойынша соңғы бес жылда атауы ескірген 55 көшенің аты жаңартылған. Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлерінің атын қайта жаңғыртқан мұндай жаңалық жастардың өткенін, жергілікті жердің азаматтарын тануға мүмкіндік тудырып отыр. Бірақ аса ұраншыл болып кетпедік пе?
Бұл жайлы М.Өтемісұлы және Т. Тоқтаров көшелерінің көше комитетінің төрағасы Жақсыбай Жұқабаев:  
– Бір кездері қаптаған орысша атаумен аталған көшелерді көрдік. ВЛКЖО, Базарная, Фрунзе, Буденный, Комсомол дейтін атаулар алынып, елдің, жердің, ауданның тарихынан сыр тартатын жаңа атаулардың берілгенін көргенде, көңіліміз серпіліп қалатын. Бірақ соңғы жылдары бұл үрдіс ұраншылдыққа ұласып кеткендей. Жасыратыны жоқ, кейінгі кездері көшеге аты берілген танымал азаматтар мен ардагерлердің ұрпағы асыра мақтанға салынып бара жатқаны анық байқалады. Көше сайын қаптаған ескерткіштерден көз сүрінеді. Әр көшенің басында ілінген тақтайшалар мен ескерткіш белгілер рушылдыққа бастап бара жатқандай ма, қалай? Осы мәселеге назар аударсақ. Жалпы, ауданға қатысы бар жер-су атаулары көп. Солардың ішінде ұмытылып бара жатқандары қаншама. Соларды жаңғыртсақ, кім қой дейді?!
Иә, бұл сауал биылғы аудан әкімінің есепті кездесуінде де көтерілген еді. Елдің бірлігін ойлаған ел ағалары аудан басшысының назарына салды. Ал осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрағанымызда, аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов:
– Бұл мәселе жергілікті атқарушы биліктің әркез назарында. Жалпы, көше атауларын беру мәселесі бойынша нақты тапсырмалар бар. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі көше атауын беруде адамның атын емес, жер-су атауларын қоюды тапсырды. Алдағы уақытта осы жұмыстар іске асады. Бірақ биыл халық санағы өтуіне байланысты көше атауын беру жұмысы жыл көлемінде тоқтатылады. Сондай-ақ әр көшенің басына ескерткіштер мен мемориалдық тақталар орнату түбегейлі тоқтатылады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі бұл мәселе жайында да нақты тапсырма берді, – дейді.
Көшеге қатысты тағы бір мәселе – тазалық, жарықтандыру жұмыстары. Ұраншыл ұрпағы көше атауын алып, ескерткіш тақталар орнатқанымен, аталарының атындағы көшеге жиі аяқ баспай жататынын көріп-біліп жүрміз. Бірақ ескерткіш орнатқыштардың жоғарыда аталған жағдайларға көп алаңдай қоймайтыны көше тұрғындарының ренішіне ұласып жатады. Толық жағдай жасалған, таза әрі жарық көшеде тұруды әрбір адам қалайтыны белгілі ғой.
Бірақ барлығы осындай жауапсыздық танытады деген ойдан аулақ болуымыз да қажет. Мәселен, мына бір азаматтың ісі көпке үлгі болса деген ойымыз бар. Төмендегі жағдайды қаладағы Әлсейіт Жұбаниязов көшесінің көше комитеті төрағасы Нұрлыбай Төлеутаев ризашылықпен бізге баяндап берді.
– Біздің көшенің бұрынғы атауы Пролетарская болған. Кеңестік кезеңнен қалған атау ғой. Осы көшеге еңбекпен жетілген балықшы, еңбек ардагері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Әлсейіт Жұбаниязовтың есімі беріледі дегенді естігенде тұрғындардың барлығы құптады. Шынында жақсы жаңалық. Бірақ көше тұрғындарының қуанышы мұнымен ғана шектелмеді. Менің айтқым келіп отырғаны да сол мәселе. Көшеге атау беріп, салтанатты түрде ашылу рәсіміне Әлсейіт Жұбаниязовтың ұлы Болатбек Әлсейітов келді. Барша тұрғындар алдында осы көшеге қолдау жасаймын деген уәдесін берді. Сол уәдесінде тұрып, азаматтық танытты.
Аудандық атқарушы билік тарапынан көшелерге жарықтандыру жүргізіліп жатқанын білемін. Бірақ қаланың өзінде 200-ден аса көше бар. Оның барлығын бір күнде толықтай қамтамасыз ету мүмкін емес. Кезең-кезеңімен орындалатын іс ғой.
Болатбек Әлсейітов көше тұрғындарының алғысына бөленді. Ұзақ жыл бойы ауданда медицина саласында абыройлы қызмет жасаған дәрігер, 2018 жылдың күзінде өз қаражаты есебінен көшені жарықтандыруға қажетті заттарды алып берді. Қазір самаладай жарқыраған жарық шамдардың игілігін көріп келеміз, – деді.
Түйін:
Міне, ұраншылдықпен жарысқанша, игілікті іспен жарыссақ алғысқа бөленер едік. Рушылдыққа бастар жолға емес, елдікке жетелейтін елеулі істер ертеңгі күні ұрпағымыздың есінде қалары анық. Көше атауын атағымызды шығару емес, алдағы күнге жасаған жоспарымыз деп білуге бәріміз жауаптымыз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ


20 ақпан 2021 ж. 654 0