Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пробация есебіндегі қазалылық жарты миллион грант ұтып алды

Пробация есебіндегі қазалылық жарты миллион грант ұтып алды

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Қазалы аудандық пробация есебіндегі аудан тұрғыны мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды.
Ол қайтарымсыз грантқа қол жеткізу үшін «Кәсіпкерлік негіздері» курсын тәмамдап, бизнес жоспар құрып, нәтижесінде наурыз айында 583 400 теңге көлеміндегі қаражатқа қол жеткізді.

«Осы жылдың ақпан айында аталған жоба бойынша бір ай оқып, қолыма сертификат алдым. Білікті мамандардан тәлім алып, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Алдыма қойған арманым, жоспарым бар. Енді, міне, мемлекеттен берілген көмектің арқасында құс шаруашылығын ашып, кәсібімді дөңгелетсем деген ниеттемін», – деді есептегі тұрғын.

Өткен жылы аудандық пробация есебіндегі 5 тұрғынға мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант берілген. Оның бірі шағын ағаш өңдеу цехын ашса, екіншісі құрылыс саласында сметалық жоба сызуға жәрдемдесу, шаштараз сынды жеке кәсіптерін ашып, ел игілігіне жұмыстарын жасауда.

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұндай көмектер пробация қызметі есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіру процесіне зор көмегін тигізуде.
kyzylorda-news.kz
04 наурыз 2021 ж. 328 0