Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Махаббат құрты

Махаббат құрты

Мерекелік демалысты Қызылорда қаласында өткізіп, ауылға қайтуға вокзалға келе жатырмыз. Қызылорда – біз үшін жанымызға жылы мекен. Өйткені біз осы қалада таныстық, табыстық. Студенттік бал шақты да осында өткіздік. Сондықтан да болар, қаланың әр қалтарысы біздің санамызда естелігімен қалған. 10 жыл өтсе де өзгермеген маршут бағыты. 11-ші нөмірлі қоғамдық көлікте сыртқа көз тастап келеміз. Қала өзгерген. Жаңарған, жайнаған келбетін көріп, көңілім жадырап сала берді. Тіршілігі қайнап жатқан қаланың таңы ерте атқан.Сырттағы көрініске көз тоймай келе жатып, вокзалға да жеттік. Аралға бағыт алған автобусқа билет алып, орнымызды іздеп жағалап келеміз. Бұл жерде де сауда салтанат құрған екен. Тандыр нан сатып жүрген бала өз орнымызды таппай жүрген бізге жөн сілтеді. Кенет желке тұсымызға төніп келген орта жастағы әйел адамның дауысына жалт қарадық.
«Махаббат құртын аламыз. Махаббат құрты бұған дейін болған да, бола да береді. Бағасы 100 теңге. Бүгін – мереке. Мерекеде әйелдерге махаббат құртын сыйлап қуантыңыз. Құрт алсаңыз, майлықты тегін береміз. Майлық – отандық өнім. Алматыда жасалған» деп қарапайым құрттың жарнамасын келістіріп жібермесі бар ма! Жолдасым екеуміз «махаббат құрты» деген сөзге күлдік. Ол да әзілдеп:
– Махаббат құртын жейсің бе? – деп қояды.
Құрт жегім келгенен емес, жарнамасы келісті құрттың дәмі қандай екен деген оймен «алайық» дедім. Кәдімгі құрт. Дәмінде де, көлемінде де еш ерекшелік жоқ.
Кейін бізден кейінгі орындыққа бір ата мен әже жайғасты. Әлгі сатушы оларға да махаббат құртын ұсынды. Атай «Е,е қарағым, махаббаттан өттік қой. Ол құртты жесек те, жемесек те, кемпіріміз екеуіміз сырласып өмір сүріп, бала өсіріп, қазір солардың ортасында жүрміз» деді.
Сатушының бұған да жауабы дайын екен.
– Ата, бұл құртты жесеңіз, қуатыңыз тасып, жастық шаққа қайта оралғандай боласыз. Кім біледі, бәлкім, апам келіндермен жағаласып «кенжекей» сыйлап та қалар, – деді.
Жолаушылардың бәрі ду күлді. Құрттың жарнамасын келістіріп, нәпақа тауып жүрген әйелге іштей қызықтым. Жолаушылар бір-бірлеп жиналған сайын сатушы қосып қойған үнтаспадай әлгі жарнамасын мәнеріне келтіре айтып бір береді. Иә, мына заманда тіршілік ету кім-кімге де оңай соғып тұрған жоқ. Оның сыртқы келбетіне қарап-ақ, шалқып өмір сүріп жатпаған жан екендігін аңғаруға болады. Үстіндегі қара күртесіне келістіре киген бас киімі, көз жанарының жан-жағына тереңдей біткен әжімдер, жуан саусақтары ерге бетер іс тындырғанын байқатқандай тамырланып кеткен. Өзі кейде өміріне өкпелідей көрінеді. Жапырлап-шуласып орындарын таба алмай жүрген жолаушыларға жарнамамды бөлді деді ме, қайдам, күңкілдеп ұрысып та қояды. Маған оның болмысы емес, «Махаббат құртын» деп саудасының жайын келістіріп жүргені назарымды аудартты.
Қазіргі қоғамда сауда жасаудың небір түрі бар. Тіпті желілік маркетинг күш алған. Үйден шықпай-ақ затыңды сатып, тәуір табыс табуға да болады. Қай сауданың да жүріп кетуі үшін жарнамасы келісті болуы шарт. Қазір жарнама жасаудың да түрлі тәсілдері бар. Әсіресе танымал адамдар арқылы жарнама жасап, тауарын өткізу осы күні кең тараған.
Біз әдетте ертегілерде ғана махаббат кәмпиті немесе өзге де заттардың болатынын оқитын едік. Оны жеген жандардың шынымен де бірі-біріне деген ерекше сезімі оянып, жер-дүние нұрланып кетеді деп суреттелетін. Ал сатушы апамның «махаббат құрты» деп ұлттық асты әдемілеп жеткізу арқылы саудасын жүргізіп отырғандығына іштей риза болдым.
Уақыт та таяды. Құрт алғандар алып үлгерді. Апам біздің автобустан түсіп, келесіге бағыт алып кете барды.

Ер-Нұр


09 наурыз 2021 ж. 655 0