Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тауар таңбасын заңсыз пайдаланбаңыз

Тауар таңбасын заңсыз пайдаланбаңыз

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап, дүниежүзілік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып, халықаралық қатынастарда өзіне сәйкес құқықтар мен міндеттерді қабылдап отыр. Соған сәйкес ұлттық заңнамаларда Қазақстанда зияткерлік қарақшылыққа жол бермейтін заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасындағы зияткерлік меншік құқығын қорғау төмендегі заңнамалармен: ҚР «Азаматтық кодексі», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «ҚР Патенттік Заңымен», «ҚР Тауар таңбалары, қызмет көрсету белгілері және тауарлардың шығу жері атаулары туралы» Заңдарымен қорғалады. Мемлекеттік органдар қазіргі күнде зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету шараларын қабылдауда.
Оларды қабылдау Қазақстан Республикасының әлемдік аренада зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ететін мемлекет ретінде танылуға жағдай жасайды.
Зияткерлік меншік тек экономика, сауда салаларында ғана емес, сондай- ақ, ауылшаруашылық өнімдерін және шикізат өндіру немесе әлеуметтік, құрылыс салаларына, мәдени өмірге, әдебиет және толып жатқан шығармашылық салаларының бәріне де қатысты. Бүгінгі күні экономика қарыштап дамығын сайын зияткерлік меншік құқығын мейлінше қорғау қажеттілігі туындауда. Қазір ел нарығында өзгелердің меншіктері саналатын тауарлардың көшірмелері баршылық. Бұдан зияткерлік меншіктің құқығы бұзылып, салық төленбей, адам өміріне төнетін қауіп- қатер арқылы мемлекетке үлкен зиян келтіреді. Соның ішінде азық- түлік, дәрі- дәрмек, киім-кешек, гигиена- санитарлық бұйымдар, құрылыс материалдары, тұрмыстық заттар т.б. коптеп кездеседі.,
Әрбір автор өз құқығы бұзылған жағдайда сотқа немесе Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік департаментіне, аумақтық органдарына немесе арнайы құрылған мүліктік құқықты реттейтін және қорғайтын қоғамдық ұйымдарға арыздануына болады.
Әділет органдарына Кодекстің 158- бабы бойынша ғана әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс- материалдарын қозғау қарастырылған.
Сол себепті бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, немесе тауар шығарылған жердің атауын немесе тауар біртектес тауарларға немес көрсетілетін қызметтерге арналған, оларға ұқсас белгілемелерді заңсыз пайдалану, сондай-ақ бөтен фирмалық атауды заңсыз пайдалану Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 158- бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Аталмыш құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, яғни, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі, тауар шығарылған жер атуаы немесе біртектес тауарларға немесе көрсетілген қызметтерге арналған, оларға ұқсас белгілемелер заңсыз бейнеленген тауарлар тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне- қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне- сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Осы бапқа сәйкес тәркіленген тауарлар, құқық иеленушінің өзі салған тауар белгісі бар түпнұсқа тауарларды немесе қоғамдық мүдделер үшін оларды айналымға енгізу қажет болатын жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 795- бабында көрсетілген тәртіппен жойылуға жатады.

Г. СМАҒҰЛОВА,
Арал аудандық әділет басқармасының жетекші маманы, ҚР «Заңгерлер одағының» мүшесі
18 наурыз 2021 ж. 830 0