Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Астана банкіндегі депозитін ала алмаған шымкенттік көз жұмды

Астана банкіндегі депозитін ала алмаған шымкенттік көз жұмды

Шымкентте "Aстана банкінің" салымшылары депозиттегі ақшасын қайтара алмай сандалып жүр. Қаржы ұйымы уәдені үйіп-төккенімен, салымшыларына әлі күнге көк тиын бермеген. Бұл туралы ТВК арнасы хабарлады.
Ұлдар Әбдікәрімованың банк табалдырығын тоздырғанына алты айдан асқан. Алайда, әлі күнге ақшасының бір тиынын да қайтара алмапты. Менеджерлер әр келгенде әр түрлі сылтаумен шығарып салады екен. Депозиттегі 2 миллион 300 мың теңгенің соңында жүріп, таяуда күйеуі ана дүниеге аттаныпты. Ұлдар Әбдікәрімова марқұмның 40 күндік асын беруге ақша таппай жүрмін дейді ашынып.
"Күйеуім сырқат еді. Осының кесірінен қайтыс болды. Ақшаны 1 маусым күні береміз деп еді. Әлі берген жоқ. Күйеуімнің қырқын әлі өткізген жоқпын. Сонда не бұл, алдау ма, кімге сенеміз?", — деп ашынды Ұлдар Әбдікәрімова. 
"Astana banki-нен" ақшасын даулап жүргендердің бірі – Надира Шәкірова. Ол қызының еміне деп жинаған 1 миллион теңгесін депозитке салыпты. Сөйтіп, уақыты келгенде қажетті соманы сұрап банкке келген. Ал, мұндағылар ондай мүмкіндік жоқ депті. Тіпті өз қаржысын қайтарып алу үшін ауруханадан құжат алып келуін талап еткен.
"Қалтамызда жүрсе жаратып қоямыз деп депозитке салғанбыз. Енді қызымның еміне ақша керек болып келсек, арыз жазыңыз дейді. Бір жарым ай болды жүргенімізге. Сонда не, өз ақшамызды алу үшін жексұрын болып сандалуым керек пе?", — дейді Надира Шәкірова.
Арыз жазып, ауруханадан құжат жинау бос әурешілік. Банк бәрібір ақша бермейді. Бұл баласына ота жасату үшін керек соманың соңында жүрген Нағима Ережепованың пікірі. Айтуынша, қаржы ұйымы сұратқан құжаттардың барлығын өткізген. Бірақ, мұндағылардың сылтауы таусылар емес дейді.
"Алғашқы ақылы операциясы өтті. Әлі 4 ота жасату керек. Ол туралы анықтама өткізіп тұрмыз. Енді келіп ота жасайтын дәрігерден анықтамаа керек дейді. Біз үкіметтен ақша сұрап жатқан жоқпыз. Өз ақшамызды сұрап тұрмыз", — дейді Нағима Ережепова.
Депозит төңірегіндегі дүрбелең осыдан екі ай бұрын басталған еді. Сол кезде "Astana banki-нің" басшылығы салымшылардың ақшасын бөліп қайтарамыз деп ант ішкен болатын. Бірақ миллиондаған қаржыны былай қойғанда, студенттер степендиясын жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр.
"Астана банкі 22 сәуір мен 2 мамыр аралығында аударымдар мен ақша шешуге уақытша шектеу қойды. Соңғы жағдайға байланысты осылай жасауға мәжбүрміз. Дегенмен, жеке тұлғалар бір шоттан тәулігіне 200 мың теңгеге дейін шешіп алуына немесе аударуына болады. Ал ірі көлемде ақша салғандарға аптасына 1 миллион теңгеден беріледі", — деп түсіндірді "Astana banki" Шымкент филиалы директорының міндетін атқарушы Ақылжан Сарыбай.
Ұлттық банк осы жылдың 28 мамыры мен 29 тамызы аралығында "Астана банкі" АҚ-ның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың жаңа банк шоттарын ашуға лицензиясын тоқтатқаны туралы ресми хабарлады.

sputniknews.kz
05 маусым 2018 ж. 1 166 0