Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Есімі ерекше жандар

Есімі ерекше жандар

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының атаулы күндер арасында алатын орны ерекше. Наурыз – қытымыр қысты артқа қалдырып, жаңа күннің жылы лебі мен жылулығын әкеледі. Наурыз – нағыз қазақтың мерекесі. Айнала құлпырып, мамыражай көңіл-күй мен қонақжай мейірім орнайтын бұл айды қазақ халқы ерекше құрметтеп, дүниеге келген сәбиге наурызды ырымдап, жақсы ат қоюға тырысқан.

Әсіресе, Наурыз мерекесі қарсаңында туған балалардың өмірі құт-берекелі болсын деген ниетпен Наурызға байланысты есімдер еншілеген. Наурызды ырымдаудың арқасында болса керек, аты алты алашқа танылған Наурызбай батыр мен Бату әулетінен шыққан Алтын орданың соңғы билеушісі Наурыз ханның есімі халық жадында сақталып қалды.
Наурыз парсы тілінен аударғанда «жаңа күн», «жылдың басы» деген мағынаны білдіреді. Қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов: "Наурыз – қазақша жыл басы. біздің жаңа жылымыз – наурыз көктемнің алғашқы айының басындағы болсын, әйтеуір қай күні келсе де, шын мағынамен жаңа жыл деп айтуға лайық" деген екен. Халқымыз наурызда дүние есігін ашқан балаларға Наурыз, Наурызбай, Наурызғали, Наурызбек, Наурызәлі, Наурызжан сынды есімдерді қойған. Ал қыз балаларына Наурыз, Наурызбике, Наурызгүл, Наурызек, Науан есімдерін еншілеген. Наурызгүл дегеніміз – көктемде гүлдейтін өсімдік. Ғылымдағы атауы – примула. Наурызгүл деп әр өңірде әртүрлі гүлдерді атай бергенімен, бұл топқа негізінен бәйшешек пен жауқазын тұқымдастары жатады. Сондықтан халқымыз наурызда дүниеге келген қыз балаға Наурызгүл, Бәйшешек, Жауқазын деп есім қойған. Наурыз күні туылғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп санаған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мереке күні өмірге келгенжандар туралы аз-кем тоқталсақ.
Мейрамкүл Сәрсенбаева, Сексеуіл кентінің тұрғыны:
– Мен 1991 жылы тура 22 наурыз күні өмір есігін ашыппын. Бұл күн –қазақ халқы ерекше қастер тұтатын Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі. Мейрам күні туылғандықтан,  әкем атымды Мейрамкүл деп қойыпты. Биыл 30 жасқа толғалы отырмын, тәуелсіздікпен құрдаспын. Жыл сайын мерекемен қатар келетін туған күнімді тойлау әдетке айналған. Менің туған күнімді жақындарымның ешқайсысы ұмытпайды. Өйткені көп адамның есінде қалатын датаның бірі. Кенттегі №231 мектепте ән-әуез пәнінен мұғалім болып жұмыс істеймін. Мерекеде туылған соң болар, бәлкім, Аллаға шүкір, мерекелі, берекелі тұрмыс кешіп жатырмын.
Наурызбек Өтеулиев, қала тұрғыны:
– Мен 1992 жылы наурызда дүниеге келгенмін. Ата-анам ұл болғанын Алладан тілеген екен. Тілектері қабыл болып, мен дүниеге келіппін. Сөйтіп, қуанышқа кенелген ата-анам, әрі наурызда дүниеге келгенімді ескеріп, атымды "Наурызбек" деп қойыпты. Отбасымда үш қыздың ішіндегі жалғыз ұлмын.  Наурыз айы – жаңару айы. Ал мен болсам бұл айды асыға күтемін. Өйткені ол менің күнім, менің мерекем. Наурыз мерекесі – жыл басы. Бүкіл жақсылық осы мерекемен қатар келетіндей сезіледі. Сондықтан да менің өмірімде тек жақсылық, молшылық болсын деген ниетпен қойған деп ойлаймын. Аллаға шүкір, ата-анаммен бірге құт-берекелі отбасымда өмірлік серігімді тауып, перзент тәрбиелеп отырған жайым бар.
Наурызгүл Тоқтығараева, Жақсықылыш кентінің тұрғыны:
– Бұл күн отбасым үшін ерекше күн болған. Мен отбасымда үш баланың екіншісімін. Анам Күнқияш наурыз көже жасап тұрғанда толғатып, перзентханаға жеткізіліпті. Сөйтіп атам Тоқтығара бұл баланың аты "Наурызгүл" болсын деп шешіпті.  Шаттық пен қуаныштың айында дүниеге келгенімді мақтан етемін. Отбасымда ата-енеммен бірге тұрамыз, жолдасыммен екі бала өсіріп отырмыз. Ырыс, молшылық ала келетін Ұлы мерекені мен де асыға күтемін. Себебі бұл күнде жанұямызда қос мереке қатар тойланады.  
Көктемнің жаршысы мен жанашыры болған Наурыз айы кімге болса да ыстық. Осындай мерекеде дүниеге келген Шижаға елді мекенінің тұрғындары Наурызбек Байниязов, Наурызбек Қойайдаров, Наурызбек Төреханов сынды азаматтардың өмірі де өзгеше секілді көрінеді. Наурыз айының айрықша тәлім-тәрбиелік, өнеге аларлық белгілері көп-ақ. Бұл ай адамды бауырмалдыққа баулитындығымен де құнды.  Олай болса, айтулы күнде дүниеге келген сәбилердің де алдында тек жақсылық күтіп тұратыны ақиқат. Жақсылық пен жаңару айында туған сәбилер үшін бұл күн ұмытылмайтын, ғажайып күн болар. Ұлыстың ұлы күні барлық отбасына қуаныш мен молшылық алып келсін!
К. КӨЗДІБАЕВА
Арал қаласы
19 наурыз 2021 ж. 581 0