Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпсіздікті қадағалау жұмыстары жалғасуда

Қауіпсіздікті қадағалау жұмыстары жалғасуда

COVID-19 сырқатының қаупі әлі де болса сейіле қоймады. Соңғы күндері ел көлемінде "қызыл аймаққа" енген облыстар да бар. Қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін осы індетті ауыздықтау жолында көптеген шара жүргізіліп жатыр. Рейдтік шаралар ұйымдастыру да ауру жұқтырғандар санын азайтуға, вирустың таралуын тоқтатуға себепші болып келеді.
Осыған орай карантин шараларын бақылау үшін мобильді топ мүшелерінің қатысуымен түнгі рейд шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Арнайы топ азық-түлік дүкендерін, кәсіпкерлік нысандар мен сауда орталықтарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кәсіпкерлік нысан иелеріне карантин талаптарын сақтау мен қызметкерлердің қорғаныш қолғаптарын киіп, бетперде тағып жұмыс жасауы қажетігі тағы бір мәрте ескертілді. Сонымен қатар ғимарат ішінде жиі дезинфекция жасалып, антисептикалық құрылғылармен қамтамасыз етілуі, арақашықтықтың сақталуы әрбір кәсіп иесінің қадағалауында болу қажеттігі тапсырылды.
Айта кетейік, мереке қарсаңында 20-24 наурыз аралығында мобильді топ мүшелері рейд шараларын жүргізген. Үздіксіз жасалатын ескертпелер айтылып, тұрғындар қауіпсіздігі үшін талаптарға жауапкершілікпен қарау жүктелген.
Сонымен қатар мобильді топ тарапынан мереке күндері жүргізілген рейд шараларының нәтижесінде 3 тұрғын үйде, 2 мейрамханада және 1 мейманханада той өткізу жағдайлары анықталды. Соған сәйкес қолданыстағы заңнама аясында хаттама толтырылып, тиісті органдарға жолданды.
«Толқын» ақпарат
27 наурыз 2021 ж. 387 0