Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аллергиядан арылудың жолы бар ма?

Аллергиядан арылудың жолы бар ма?

Қоғамда өркениеттің дамуына байланысты тұрмыстық химия өнімдерінің көбеюінен аллергиямен ауыратындардың саны да артып отыр. Бұл ауру адам иммунитетінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан пайда болады. Бүгінде әлем халқының 40 пайызы аллергиямен ауырады. Оның ішінде Қазақстанда мұндай дертке шалдыққандардың саны  35-38 пайызды құрап отыр.

Расымен де, қазір аллергия – халық арасында белең алған аурулардың бірі. Дәрігер мамандардың айтуы бойынша, аллерия адам өмірі үшін ең қауіпті аурулардың бірі. Аллергияны емдетпей, асқындырып алу өмірге қауіпті, бронх демікпесі, көмекейдің iсiнуі пайда болуы мүмкін. Ал ең қауіптісі – анафилактикалық шокқа әкелуі ықтимал. Сондықтан оны асқындырмай, білікті дәрігерге бару керек .
Аурудың азабы
Соңғы он жылдан бері аллергиямен өмір сүріп келе жатқан Манарбек Қаниев жаз мезгілі басталса аллергияның салдарынан қоғаммен қатынасты тоқтатынын айтты.
– Биыл аллергияның азабын тартып келе жатқаныма тура 10 жыл болыпты. Бұл ауру менде жаз мезгілінде ғана пайда болады. Яғни тіршілік қайта түлеп, жерге жасыл шыға бастаса болды, мен қалыпты өмір сүруден қаламын. Түшкіру, әлсіздік, тершеңдік басып басым өне бойым сыздай бастайды. Түн баласы ұйқы көрмеймын. Мұрнымнан су ағып, әбден мазам қашады. Сол себепті той, құдайы астар, жалпы көпшілік жиналатын орындарға барғым келмейді. Өзімді ыңғайсыз сезінемін. Бастапқы жылдары емін салдырып жүрдім. Кішкентай құтыдағы бір реттік қолданатын уколының өзі біршама қымбат тұрады. Бірінші жылы әсері жақсы болды. Аллергиядан арылып, жақсы болып қалдым.  Келесі жылы басталғанда әлгі емді тағы жасадым. Бірақ бұл жолы әсері тек бір айға жетті. Ал үшінші жылы, онан кейінгі жылдары мүлде әсер еткен жоқ, – деді ол.
Манарбек ұзақ жылдар аллергияның азабын тартып келсе де, өзінің нақты неден аллергия екендігін білмейді. Өйткені бізде оны анықтайтын орталық жоқ. Ал ірі қалаға барып анықтатуға көп қаражат керектігін айтқан ол, амалсыз аурумен алысып, жаймашуақ мезгілде жайсыз күн кешіп жүр.
Аллерголог маманның және анықтау құрылғыларының  жоқтығын аудандық аурухананың бас дәрігері Марат Ршымбетов те мақұлдап отыр. Оның айтуынша, аллерияны анықтайтын орталық тек Алматы қаласында ғана бар. Сонда зерттеу жасалып, адамның қандай заттан қоздырғышы бар екенін анықтап береді екен. Соған қарай ем тағайындалады. Өзінің неден аллергия екенін білмей жатып, дәріханадан кез келген дәрі-дәрмекті алып қабылау адам өміріне қауіпті көрінеді.
Мамандар не дейді?
Біз аллерголог дәрігер мамандардың ақпарат көздерінде берген сұхбаттарын талдап, олардың пікірлерін оқып шықтық. Жоғары санаттағы аллерголог-иммунолог, медицина ғылымдарының кандидаты Ғалия Түсіпбекованың пікіріне сүйенсек, аллергия тұқым қуалайтын аурулар қатарына жатады екен. Сондай-ақ жан-жақты мағлұлмат берген дәрігер емдеу, алдын алу шаралары туралы да кеңінен түсіндіріп өткен.
Дәрігер тамаққа, жануарлардың жүніне, оның қайызғағына, зәріне және шаңға, шаң кенесіне, дәріге, шөпке аллергия көбейіп кеткенін айтады. Тіпті кейде жаңа туған сәбидің ана сүтіне аллергиясы болады екен.
– Аллергия – тұқым қуалайтын ауру. Мысалы, оның әкесі мен шешесі аллергиямен ауырса, сәбидің бұл ауруға шалдығу ықтималдығы – 60%. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. 1 жасқа дейінгі балалардың басым бөлігінің тамаққа және үйдегі шаң кенесіне аллергиясы болады. Жалпы, балалар аллергиясының 90%-і тамаққа байланысты. Ал ана сүтіне аллергия болған кезде, емізуді тоқтатуға тура келеді, –дейді аллерголог.
Сондай-ақ Ғалия Түсіпбекова балада аллергия болса, тезірек дәрігерге қаратып, аллергендерді анықтау қажеттігін атап өтті. Дәрігердің пікірінше, диагнозды уақытында қою ауруды асқындырмауға септігін тигізеді.
Аллергияның пайда болуына қоршаған ортаның ластануы, темекі шегу, нашақорлық, полипрагмазия (дәрі-дәрмектердің жиі қолданылуы), сәбилерді жасанды тағамға ерте үйрету, өндірістік-тұрмыстық химиялық заттардың көп қолданылуы, күнделікті тұтынатын тағамдарда ГМА (гендік модификацияланған ағза) қоспаларының, консерванттардың болуы, бауыр мен асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары, стресс, жұқпалар да септігін тигізеді, дейді аллерголог мамандар.
Дамыған елдерде неге аллерия көп кездеседі?
Ғалымдардың айтуынша, жоғары дамып кеткен елдердің халқы аллергиямен жиі ауырады екен. Біздің иммундық жүйеміз екіге бөлінеді: бірі вирустармен, ал екіншісі – бактериялармен және паразиттермен күреседі. Осы екіншісі аллергиялық қоздыруға әкеліп соғады. Мәселен, иммунитеттің қандай да бір бөлігі жұмыс істемей тұрса, ол өз-өзіне тапсырмалар ойлап табатын көрінеді. Сондықтан біздің дезинфекциялық тазалауымыздан соң бактерия қаншалықты азайса, соншалықты аллергия өршіп кетеді деген қауіп бар. Бүгінде дамыған қоғамда паразит өте аз. Ал дамымаған елдерде, керісінше, бактерия мен паразит өте көп, сондықтан халықтың иммундық жүйесінің сол бөліктері әрдайым жұмыс істеп тұрады да, олардың жаңа "жауларды" іздеуге уақыты болмайды. Сондықтан бұл елдерде аллергия өте сирек кездеседі екен.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздесеңіз...
Ауруды асқындырмай, алдын алу шараларын қолданған жөн. Біріншіден, аллергендерді жою. Ол үшін үйдегі шаң жинайтын кілем, жүн, құс қауырсынынан жасалған көрпе-төсектерді пайдаланбау керек, арнайы фильтрі бар шаңсорғышпен үйді тазалап отыру керек. Яғни терезеге тор орнатып және оған үнемі су бүркіп, дымқылдап тұрыңыз. Бұған қоса екі-үш апта сайын перделерді жуып тұрған жөн. Отбасы мүшелерінің жиі ванна қабылдап тұруы абзал. Үйді жиі желдетіп тұру керек, сондай-ақ салқындатқыштың (кондиционер) фильтрлерін алмастыруды ұмытпау қажет. Швабраға сулы шүберек іліп алып, шаң жиналатын қабырғаның жоғарғы жағын сүртіп алған дұрыс. Еденді апта сайын жуып тұру керек.
Үйде еденді, кілемдерді шаңсорғышпен шаңын сорып, тазалаған жақсы және кілемдерді ғана емес, жиһаздарды да шаңнан арылтып отырған дұрыс. Жуынатын бөлмені хлормен тазалап тұру маңызды.
– Тағамдық аллергия болған жағдайда гиппоаллергендік диетаны ұстанған дұрыс. Сонымен қатар аурудың үстіне ауру жамамау үшін, басқа созылмалы, жұқпалы дертіңізді дер кезінде емдеген дұрыс. Ең бастысы, аллергиямен ауыратын адам өз бетімен емделмей, міндетті түрде аллерголог маманнан кеңес алып, аллергоиммунологиялық зерттеуден өткені дұрыс.
Аллергия, тұмау, коронавирус – қалай ажыратамыз?
Аллергия – маусымдық ауру. Әсіресе көктемде ағаштардың, гүлдердің, шөптердің иістері, ал күзде ауаның салқындығы, тозаң, жел секілді дүниелер аллергияның өршуіне себеп болады. Негізінде, аллергиясы қозған адам жиі түшкіреді, мұрыннан су ағады, мұрны бітеледі, көзі қышып, жас ағады, денесі қыши бастайды. Кей жағдайда ғана тамағы ауырып, мазалайды. Ал мезгілдік тұмау қазан-қараша айларында өршиді. Бұл кезде сізде аллергия мен суық тигізгендегі белгілер білінуі мүмкін. Одан бөлек, тұла бойыңыз ауырады, бойыңызды әлсіздік билейді, шаршайсыз, тамағыңыз ауырады, құрғақ жөтел пайда болады. Сондай-ақ бүкіл әлемнің өмір сүру салтын өзгерткен коронавирус егделерді де, жастарды да, орта буынды да ажал аузынан аман қалдырмады. Әлемге COVID-19 атымен танылған ауруға шалдыққандардың денесі қалтырайды, қызуы көтеріледі, құрғақ жөтеледі, ауа жетпей жанталасып ентігеді. Бұл белгілер басқа ауруларда да көрініс береді. Алайда бұдан бөлек иіс сезбей, дәм білмей, асқазан-ішек жолдарында да жайсыздық орын алады. Тамаққа тәбетіңіз төмендеп, жүрек айнып, құсқың келеді. Іш өтіп, бойыңызды әлсіздік билейді.
         Түйін. Бүгінде көптеп кездесетін аллерияның адам баласында екі жағдайда пайда болады. Біріншісі тұқым қуалаушылық жолмен берілетін болса, екіншісі жүре келе пайда болады. Бұл аурудың басты қоздырғышы – қоршаған ортаның ластануы мен тұрмыстық химиялық заттардың алуан түрлі болуынан. ӘсіресеОңтүстік Қазақстан аймағында шаң-тозаңға мезгілдік аллергия жиі кездеседі. Тұрғындарының аллергияға бейімділігі артуына өндірістің дамуы себеп. Өндіріс дамыған аймақтарда аллергиялық аурулардың саны 25-30 пайызға дейін артық болады. Аллергияның нақты себебін тауып, кешенді ем жүргізетін болсақ, арылуға болады.

Назерке  БАҚЫРАН
04 сәуір 2021 ж. 1 109 0