Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауызашар. Пітір садақа. Пандемия кезінде ораза қалай өтеді?

Ауызашар. Пітір садақа. Пандемия кезінде ораза қалай өтеді?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл ораза ұстауға ниеттенген азаматтардың бірқатар сұрағына жауап берді.

Рамазан айы қашан басталады?
Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталады. “Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – сондай бір ерекше ай. Еліміздегі қаншама бауырымыз осы айды күтеді, оразасын ұстайды. Қазіргі жағдайды ескере отырып, ең бастысы тазалық пен тәртіп жағына көңіл бөлсек”, – дейді дін өкілдері.

Осы айда мейлінше қайырымды істерді көбірек атқаруға шақырамын. Жамағаттың ыңғайына қарай уақытын белгілеп онлайн дәрістер, Құран үйрету сабақтарын өткізуді жалғастыруымыз керек. Халыққа пайдалы уағыз тарату мақсатында тікелей эфирлер ұйымдастырып, мүмкіндігі жоқ жандарға ауызашар пакеттерін жеткізу жағын қолға алуды тапсырамын, – деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні.

Ауызашар қалай ұйымдастырылады?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаевтың сөзінше, Рамазан айында санитария талаптарын сақтап, ауызашарлар ұйымдастырылады.

Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау сияқты шаралар атқарылады.

Марат Жаппасбаев пандемияға байланысты бұл жұмыстар барынша сақтықпен өтетінін айтты. Дегенмен бас мүфти “жасыл” аймақтарда орналасқан өңірлер Рамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізу қажет екенін атап өтті.

Пітір садақа мөлшері қанша?
Биыл пітір садақа мөлшері 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.

Діни басқарма Рамазан айында қандай жобалар ұйымдастырады?
Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров тарауық намазында санитария талаптарын сақтап, қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізу, Рамазан айында Құран хатым жасайтын топтар құрып, жамағатты сауапты істерге жұмылдыру жағына басымдық беру туралы айтты. Сонымен бірге Батыржан Мансұров қасиетті айда онлайн және тікелей эфирде бірнеше жоба ұсынылатынын айтты.

Ай бойы “Рамазан – ұлық ай” атымен тікелей эфир ұйымдастырылады, әлеуметтік желілерде орталық мешіт парақшаларында облысқа танымал тұлғалармен “Рамазан – он екі айдың сұлтан” атты күнделікті онлайн сұхбаттар өтеді, “Берекелі Рамазан” деген атпен апталық марафон болады. “Халық арна” телеарнасынан тікелей эфирде Рамазанға қатысты жобалар көрерменге жол тартпақ”, – деді ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов.

massaget.kz

11 сәуір 2021 ж. 536 0