Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала асырап алудың жолдары қандай?

Бала асырап алудың жолдары қандай?

БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев «БҒМ LIVE» айдарының тікелей эфирінде бала асырап алуға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
Жекебаев ең алдымен республикадағы балаларды отбасылық тәрбиелеуге алу жолдарын түсіндіріп берді.

Республикадағы балаларды отбасына тәрбиелеуге алу ҚР-ның «Неке және отбасы» кодексінде толығымен жазылған, - деді комитет өкілі.
Ол бала асырап алу үшін қандай құжаттар мен талаптар бар екеніне тоқтала кетті.

Республиканың әр аудан, қалаларында қорғаншылық және қамқоршылық органдары бар. Бірінші кезекте азамат осы органдарға барып, баланы отбасына тәрбиелеуге алуға дайын екенін білдіріп, сол жерден консультациялық кеңестер алады. Кодекске сәйкес балаларды отбасына тәрбиелеуге алғысы келген адамдар психологиялық даярлық курсын өтуі керек. Бұл оңай курс емес. 42 академиялық сағаттан тұратын оқу. Яғни бұл оқу болашақ ата-ананы педагогикалық-психологиялық жағынан дайындайды, - деп түсіндіріп өтті Дулат Жекебаев.
Кодекске 2020 жылы осындай өзгерістер енгізілген. Яғни әр болашақ ата-ана даярлық курсынан өтіп, сертификатын тапсыруға міндетті. Осы сертификатпен қоса тағы бірнеше құжатты Білім және ғылым министрлігінің №470 бұйрығына сәйкес жергілікті және аудан, қала білім бөлімдерінде орналасқан қорғаншылық және қамқоршылық органдарына тапсырады.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев қандай құжаттар талап етілетіні туралы айтты.

1. Жақын туыстарының баланы асырап алуға жазбаша келісімі;

2. Жиынтық табыстың мөлшері туралы анықтама;

3. Денсаулық жағдайы туралы анықтама. Яғни болашақ ата-ана психоневрологиялық немесе алкогольге тәуелділік сияқты есептеулерде тұрмауы керек;

4. Тұрғын үй меншігі туралы немесе үй-жайды пайдалану құқығын растайтын құжат.

Осы құжаттарды тапсырғаннан кейін болашақ ата-анада балаларды көруге мүмкіндік алады. Кейін ойынан шыққан баланы асырап алуға шешім қабылдаған соң, оларда екі апталық байланыс болады. Осы екі апта аралығында жергілікті психологтар ата-ана мен баланың арасындағы байланысқа қорытындыларын шығарады, - деп атап өтті ол тікелей эфирде.
Жекебаев атап өткендей, баланы отбасыға алудың бірнеше түрлері бар: баланы асырап алу, баланы қамқорлық және қорғаншылыққа алу, патронаттық тәрбиеге алу және баланы уақытша отбасылық тәрбиеге алу.

Сонымен бірге баланы отбасыға алудың түріне байланысты мемлекет тарапынан жәрдемақылар беріледі.

Оның сөзінше, жалғызбасты аналар да бала асырап алуға мүмкіндігі бар.

Бүгінгі таңда республикалық деректер базасында 4 254 бала бар. Сондай-ақ болашақта ата-ана атанып, асырап аламын деуші үміткерлердің саны да 4 600-ден асады. Оның шамамен 3 мыңы даярлық мектептерінен өтті және 2 мыңдай ата-ана бүгінгі күні оқудан өтіп жатыр, - деп атап өтті БҒМ өкілі.
Дулат Жекебаев болашақта ата-ана атанғысы келетіндердің саны күннен-күнге артып келе жатқанын айтты. Еске салайыө, ҚР заңдарына сәйкес мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік бірінші кезекте ел азаматтарына берілген.

baq.kz
16 сәуір 2021 ж. 736 0