Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе алу ерікті, десе де...

Екпе алу ерікті, десе де...

«Спутник V» вакцинасына әлемнің 30 мемлекеті арнайы тапсырыс берген. Оның ішінде біздің ел де бар. Ал америкалықтар мен немістер бірлесе дайындаған «Pfizer» вакцинасын АҚШ-тың 26 миллион халқы салдырып үлгерген. Денсаулығына дәрігерлерден артық қарайтын Израиль халқының 70 пайызы екпеге еркімен барған. Дәлірек айтсақ, жер-жаһандағы 597 миллион халық қазірдің өзінде вакциналанған. Бұл – шетелдік журналистердің зерттеуінен алынған  ақпарат. Кәсіби мамандар 1 адам 7 адамға дейін вирус жұқтыруы әбден мүмкін десе, вирусологтар вакцина індеттің жеңудің жалғыз жолы деп отыр.

Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы №3 «Қазақстан Республикасы тұрғындары арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі шаралар туралы» Қаулысына сәйкес, Арал ауданында наурыз айының басында коронавирустық инфекцияға қарсы екпе егу жұмыстары басталды. Қаулыға сәйкес, ең алдымен, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина  инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары адамдарға салына бастады. Құжатта осы санаттағы мамандардың тізімі көрсетілген. Сол кезек бойынша барлығы екпе алуы көзделген.
Қазақстанда егу шарасына Ресей Федерациясында шығарылған «Гам-Ковид Вак» вакцинасы ( Спутник V ) қолданылуда, әлемнің 13 мемлекеті осы вакцинамен егу шарасын жүргізуде. Егу шарасы бюджет есебінен тегін жасалады. 18 жас пен 64 жас аралығындағы белгілі топ адамдарына егіледі. Бірінші кезекте аурумен күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлері мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары егіледі. Кейін вакцинаның бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен ұстаздарды, полиция қызметкерлерін, студенттерді, жабық мекемелердің қызметкерлерін, төтенше жағдайлардың алдын алу қызметі, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін, мемлекеттік қызметшілерді екпе алуды жалғастыруда.
Ауданға вакцина келгенде, алғаш болып екпе алған жанның бірі аудандық аурухананың бас дәрігері М.Ршымбетов. Оның сөзінше, ешқандай жанама әсері болмаған.
– Бүгінгі таңда әлем ғалымдары осы індетке қарсы егуге арналған вакцина дайындап, әлемнің 46 елінде коронавирусқа қарсы 8 түрлі вакцинамен егу шаралары жүргізілуде. Қазақстанда коронавирусқа қарсы егу шаралары 1-ші ақпаннан басталды. Алғашқы күні-ақ республика, облыс көлемінде медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы екпе алды. Қазірде  егу шаралары кезең-кезеңімен жалғасуда. Дәл қазір коронавирусқа қарсы егілу – пандемиядан шығудың төте жолы, неғұрлым егілген адамдар саны көп болған сайын, аурудың таралуы шектеледі. Қай кезде де екпе алған соң суға түспей, денені жылы ұстап күтіну керек. Сол сияқты бұл екпені алған соң да өзіңе жақсы күтім жасайтын болсаң, теріс әсері болмайды. Жалпы, өзім ешқандай кері әсерін сезінген жоқпын. Қазір денсаулығым бірқалыпты, – деді бас дәрігер.
Вакцина салдырудың алғашқы күндері жұмыс барысымен танысып,  ауданда вакциналау жұмыстарын жүргізіп жатқан "Байтұрсынов" ауылдық емханасына бардым. Әрине арнайы рұқсатпен. Сонда көзбен көрген жағдайды баяндайын. Мұнда  санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай егу бөлмелері дайындалған. Екпе егуге 4 дәрігер, 6 медбике және 2 медициналық тіркеуші мамандар жұмылдырылған. Алдымен, дәрігердің толық тексеруінен өтесіз. Сонан соң  жағдайыңыз тұрақты болса ғана, екпе алуға жібереді. Екпе алып болған соң, сізге вакцина алғандығыңызды растайтын құжат табысталады. Әрі  қарай күту залында 30 минут бақылауда боласыз. "Байтұрсынов" ауылдық емханасында егу аяжаны Кенжегүл Кенжебаеваның сөзінше, алғашқы екі күннің өзінде көптеген адам өз еркімен вакцина салдырған. Оларда ешқандай қарсы көрсеткіш болған жоқ, дейді.
Қазірде бірқатар медицина қызметкерлері вакцина алды. Жұқпалы аурулар бөлімшесі мен провизорлық стационар қызметкерлері, реанимация, хирургия, жедел жәрдем бөлімшелерінің қызметкерлері, жалпы саны 195 медицина қызметкері және Арал аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының 15 қызметкері  екпе алды.  Ауданның бас санитариялық дәрігері А.Сатекеева екпе алу ауруды ауыздықтаудың  жалғыз ғана жолы деп отыр.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, күн сайын вирус жұқтырғандардың қатары артып келеді. Біздің ауданда да бұл көрсеткіш жоғары көтеріліп барады. Мұндайда аурудан құтылудың жалғыз ғана жолы  – вакцина салдыру. Ауданға коронавирус инфекциясына қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасының І-кезеңінде 210 дозасы жеткізілді. 21 күннен соң тиісінше тағы 210  доза келді. Апта басында тағы 900 доза вакцина әкелінді. Егу шарасын енді білім беру, құқық қорғау саласы қызметкерлері, жеке кәсіпкерлік ұйым өкілдері белсенділікпен алуда. Екпе салдыру ерікті түрде жүргізіледі. Індет дендеген шақта халықты аман сақтап қалудың жалғыз амалы осы болып отыр. Мен өзім де екпе алдым. Көріп отырғандай, маған ешқандай кері әсерін тигізген жоқ. Қалыпты күн кешіп жатырмыз. Қайта ауруды жұқтырып алмасам екен деген қауіптен арылғандаймын, – деді ол.
Вакцина әзірлеуден отандық фармацевтер қалыс қалған жоқ. Олар  дайындаған «QazVac» вакцинасы бүгінде жан-жақты зерттеуден өтіп отыр. Сәуір айының соңында аталған вакцина «СК Фармация» компаниясының қоймаларына жеткізіліп, таратылмақ. Бұл туралы биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья мәлімдеді.
Бір жылдан астам уақыт әбігерге салған ауру әлі күнге ауыздықталмай келеді. Әр кезеңде бәсеңдеп, қайта тұтанып отырған аурудың нақты емі де табылған жоқ. Тек вакцина салдыру ғана қауіптің бетін қайтармақ. Десе де көпшілік вакцина салдыруға құлықты емес. Әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 50 пайызы вакцинаға түпкілікті қарсы болса, 20 пайызы екіұдай пікірде. Ал қалған 30 пайызы өздері ғана емес, жақындарының амандығы үшін вакцина салдырмақ.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қызылорда облысының 11 мыңға жуық тұрғыны екпе салдырған, олардың ішінде 40 пайызы – медицина қызметкерлері, 24 пайызы – мұғалімдер және 8 пайызы – полиция қызметкерлері.
Вакцина барлық адамға бірдей салына бермейді. Құрамында ұқсас компо­ненттері бар вакцинаның қан­дай да бір компонентіне  жоға­ры сезімталдық,  ауыр аллер­гиялық реакциялармен кездескен жағдайда, жүктілік және бала емізетін аналарға,  18 жасқа де­йін және 65 жастан жоғары (тиім­ділік және қауіпсіздік туралы дерек­тердің болмауына байланыс­ты) адамдарға салынбайды. Сондай-ақ, II ком­понентті салу кезінде вакци­на­ның I компонентін салған кез­де вакцинадан кейінгі ауыр асқы­ну­лар болса, яғни анафилактикалық шок, ауыр генерализацияланған ал­лер­­гия­лық реакциялар, құрысу син­дро­мы, 40 градус температура және өзге де теріс әсер байқалған болса  салдыруға бол­­майды.
Түйін. Өткен жылдың көктемінен бастап дертпен күресте жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер аурудан тек екпе алу арқылы ғана арылатынымызды айтты. Және олар айтып қана қоймай, алғаш болып өздері екпе салдырып, оның тиімділігін дәлелдеп берді. Ендеше ел арасындағы айтылған алып-қашпа әңгімелерге сенбей, өзіміз бен жақындарымызды қауіпті кеселден аман сақтау үшін екпе алғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Бұл үгіттеу емес. Әрине, екпе алу ерікті. Десе де екпе салдыруға шақыру  ғалымдар мен дәрігерлердің жан-жақты зерттеуі мен екпе алғандардың пікірін ескере отырып, ұлт саулығын сақтаудың жолын нұсқау деп біліңіздер. 

Назерке МАРАТҚЫЗЫ
17 сәуір 2021 ж. 423 0