Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда екпе егу басталды

Аралда екпе егу басталды

Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы №3 «Қазақстан Республикасы тұрғындары арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сәйкес, Арал ауданында коронавирустық инфекцияға қарсы екпе егу жұмыстары басталды. Қаулыға сәйкес коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алдымен инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары адамдарға салынады. Құжатта осы санаттағы мамандардың тізімі көрсетілген. Сол кезек бойынша барлығы екпе алады.

Бүгінгі таңда әлем ғалымдары осы індетке қарсы егуге арналған вакцина дайындап, әлемнің 46 елінде коронавирусқа қарсы 8 түрлі вакцинамен егу шаралары жүргізілуде. Қазақстанда коронавирусқа қарсы егу шаралары 1 ақпаннан басталды. Алғашқы күні-ақ республика, облыс көлемінде медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы егу шарасын алды. Қазірде егу шаралары кезең-кезеңімен жалғасуда.
Дәл қазір коронавирусқа қарсы егілу – пандемиядан шығудың төте жолы, неғұрлым егілген адамдар саны көп болған сайын аурудың таралуы шектеледі.
Қазақстанда егу шарасына Ресей Федерациясында шығарылған «Гам-Ковид Вак» (Спутник V) вакцинасы қолданылуда, әлемнің 13 мемлекеті осы вакцинамен егу шарасын жүргізуде. Егу шарасы бюджет есебінен тегін жасалады. Егу шарасы 18 жас пен 64 жас аралығындағы белгілі топ адамдарына егіледі. Бірінші кезекте аурумен күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлері мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары егіледі. Кейін вакцинаның бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен ұстаздарды, полиция қызметкерлерін, студенттерді, жабық мекемелердің қызметкерлерін, төтенше жағдайлардың алдын алу қызметі, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін, мемлекеттік қызметшілерді егу жоспарланып отыр. Вакцина 18 жасқа дейінгі балалар мен 64 жастан асқан адамдарға сыналмағандықтан, оларға егу шарасы қаралмаған.
Ауданда вакциналау жұмыстарын жүргізу үшін "Байтұрсынов" ауылдық емханасында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай егу бөлмелері дайындалған. Екпе егуге 4 дәрігер, 4 медбике және 2 медициналық тіркеуші мамандар жұмылдырылған. "Байтұрсынов" ауылдық емханасында егу аяжаны Кенжегүл Кенжебаеваның сөзінше, алғашқы екі күннің өзінде 95 адам өз еркімен вакцина салдырған. Оларда ешқандай қарсы көрсеткіш болған жоқ, дейді.
Қауіпті індетке қарсы вакцина салдыруды ауданда бірінші болып аудандық аурухананың бас дәрігері Марат Ршымбетов өзінен бастады. Содан соң жұқпалы аурулар бөлімшесі аяжандары және провизорлық стационар қызметкерлері, реанимация, хирургия, жедел жәрдем бөлімдерінің қызметкерлері екпе егуді жалғастырды. Екпе алар алдында дәрігердің толық тексеруінен өтеді. Егер қан қысымы тұрақты, денсаулығында ешқандай ауырсыну жағдайы болмаған кезде адамға екпе салынады. Екпеден соң күту залында 30 минут бақылауда болады. Алғашқылардыі бірі болып екпе алған «Абай» ауылдық ауруханасының дәрігері Болатхан Орашов өзінің қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
– Мен өз еркіммен алғаш болып екпе алдым. Ешқандай жанама әсері болған жоқ. Қай кезде де екпе алған соң суға түспей, денені жылы ұстап, күтіну керек. Сол сияқты бұл екпені алған соң да өзіңе жақсы күтім жасайтын болсаң, теріс әсері болмайды. Жалпы, өзім ешқандай кері әсерін сезінген жоқпын. Қазір денсаулығым бірқалыпты. Енді 21 күннен соң екінші екпемді аламын деп дайындалып жүрмін, – деді ол.
Короновирустық инфекцияға қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасының ауданға 210 дозасы жеткізілген. Ал қалған дозалары кезең-кезеңімен жеткізілетін болады. Екпе салдыру ерікті түрде жүргізіледі. Індет дендеген шақта халықты аман сақтап қалудың жалғыз амалы осы болып отыр. Бірінші кезекте ақ халаттылар өздері бастап екпе алуда. Олардың сөзінше, екпе қабылдау аса бір қауіпті дүние емес, қалыпты жағдай, дейді.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
13 наурыз 2021 ж. 965 0