Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа заңнама қолданысқа енбек

Жаңа заңнама қолданысқа енбек

Қазіргі уақытта еліміздің құқықтық кеңістігінде кеңінен талқыланып, оны жүзеге асыру бойынша қарқынды шаралар жүргізіліп жатқан жаңа заңнама – Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілмек.
Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Кодекс құрылымы бойынша екі бөлікке бөлінеді: бірі-рәсімдік бөлігі, екіншісі-сот ісін жүргізу бөлігі. Рәсімдік бөлік мемлекеттік органдардың рәсімдерін, соның ішінде мемлекеттік органның өкілеттіктері мен әкімшілік актінің қабылдануы мен шағымдалуы тәртібін айқындаса, сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәртібі, сот шешімі, сот бақылауы секілді іс жүргізу тәртібі бекітілген.
Бұл құжаттың көмегімен елімізде әкімшілік әділет институтын жандандыру, жария-құқықтық дауларда азаматтар құқығын толық қорғау мақсат етіліп отыр. Күнделікті өмірде жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік органдардың қызметіне жүгінеді және олармен қарым-қатынас жасайды. Бұл қатынастардан даулар да туындайтыны жасырын емес. Бүгінгі күнге дейін осындай жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар Азаматтық процестік кодексі аясында қаралуда.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқығы мен бостандығын әкімшілік талап арыз беру және кейіннен соттың әкімшілік істі қарауы және шешуі арқылы қалпына келтірудің құқықтық режимін қалыптастыруда Әкімшілік іс жүргізу заңнамасының рөлі өте жоғары.
Кодекстегі маңызды жаңалықтардың бірі талап түрлерінің нақты айқындалуы деуге болады. Сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Ұсынылып отырған өлшемдерге сәйкес олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекетті жасау, тану туралы талап қою болып төрт түрге бөлініп отыр. Бұл ретте азаматтық процеске қарағанда талаптың ұйғарымдылығы, тексеру көлемі, оның іс бойынша өтуі талаптың нақты түрін таңдауға байланысты екенін ескеру керек.
Заңда көрсетілгендей, сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды. Әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы. Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
Тағы бір жаңашылдық. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.
Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырмақ. Егер тиісті әкімшілік –аумақтық бірліктің аумағында мамандандырылған әкімшілік сот құрылмаса, оның соттылығына жатқызылған әкімшілік істерді аудандық (қалалық) сот осы кодексте белгіленген тәртіппен қарайды. Осыған орай, кодекстің қолданысқа енгізілуі жаңадан мамандандырылған әкімшілік соттардың құрылуына мұрындық болмақ. Биылғы 1 шілдеге дейін елімізде 21 әкімшілік сот құрылады.
Қорыта айтқанда, жаңа әкімшілік әділет жүйесі азаматтардың жария-құқық саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге, сотта қарапайым адам мен билік өкілі арасындағы теңсіздікті жоюға ықпал етпек.
С. БЕРТАЙ
Арал аудандық сотының судьясы

20 сәуір 2021 ж. 931 0