Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңалығы мол заңнама

Жаңалығы мол заңнама

Адам құқы, азаматтардың қауіпсіздігі - заң үстемдік құрған, саяси толысып жетілген мемлекетте толық қорғалуы тиіс.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді” – дей келе, дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу мәселесін көтерген болатын.
Осыған орай, жуырда елімізде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды. Заң 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілмек.
Көптеген азаматтар жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде теңсіздікке тап болып жататыны жасырын емес. Бұл заң сол олқылықтарды реттеп, оңтайландыратын болады..
Өйткені, жаңа заңнама –азаматтарға басқарушылық шешімдер қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдемелер жиынтығын шоғырландыру; жоғары тұрған органдармен сот органдарының дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін құру тәрізді бірнеше мақсаттарды көздейді.
Осы бағытта Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Кодексте реттелетін салалар қоғам өмірінде жиі ұшырасатын мәселелерді қамтиды. Бұған мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың нәтижелерін, мемлекеттік қызметтер көрсетуді,  рұқсат беру және хабарлама рәсімдерін, оларды даулау мәселелері жатады. Қызметтің осы көрсетілген түрлері азаматтардың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырумен тікелей байланысты болғандықтан әкімшілік рәсімдер деп аталады.
Әкімшілік әділет институтының негізгі нысанасы жария-құқықтық қарым-қатынастар бойынша жасалатын даулар. Елімізде осы кезге дейін «Әкімшілік рәсімдер туралы» кодекс қолданылып келеді. Сонымен қатар осынша уақыт әкімшілік сот өндірісінің жеке тәртібі болмады. Жария-құқықтық даулар тараптардың теңқұқылығы жағдайында азаматтық процессуалдық ережелер бойынша қаралды.
Ал, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде сот ісін жүргізудің жаңа түрі - сот ісін жүргізудің әкімшілікті түрі енгізіліп отыр. Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі талап түрлерінің нақты айқындалуы деуге болады. Ұсынылып отырған өлшемдерге сәйкес олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекетті жасау, тану туралы болып төрт түрге бөлініп отыр. Бұл ретте азаматтық процеске қарағанда, талаптың ұйғарымдылығы, тексеру көлемі, оның іс бойынша өтуі талаптың нақты түрін таңдауға байланысты екенін ескеру керек.
Сондай-ақ, сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды. Әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы. Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Тағы бір жаңашылдық. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.
Кодексте ымыраға келтіру шараларын белсенді түрде қолдану да ұсынылған. Мәмілеге келтіру шарты ерікті түрде жүзеге асырылып, бұл өз кезегінде сот шығынын азайтып, ал қарым-қатынастарды тартыстық сипаттан арылтады деген үміт бар.
Г. Нұрымбетова,
Арал аудандық сотының судьясы
24 желтоқсан 2020 ж. 644 0