Ішек жұмысын жақсартатын тағамдар
Ішек - адам ішкен асты сіңіріп, бойға тарататын асқорыту желісі. Ішек дұрыс жұмыс істемесе, ішкен тағамның пайдасы аз боп қалмақ. Ас дұрыс сіңбей ішек жасушыларын бітеп, қорыту процесін қиындатуы мүмкін.
Ішектің шырышты қабатын жақсартып, жұмысына оң әсер ететін тағамдар болады. Мәселен неміс дәрігері, эндокринолог Томас Фрилингтің Focus.de порталына берген сұхбатында ішек жұмысын жақсартуға Жерорта теңізі диетасын ұстау пайдалы екенін алға тартады.
Маманның айтуынша, ішек жұмысын реттеу үшін көмірсуы аз, өсімдік жасұнығы мол азық-түлікті жеген жөн. Қарақұмық, асбұршақ, жасымық, ноқат сынды бұршақ тұқымдастарды, орамжапырақ, сәбіз, асжапырақ сынды көкөніс пен ас шөптерге де басымдық берген жақсы.
Ал ет жеуді азайтып, тәтті жеуді мүлдем доғару керек.
Тағы бір неміс дәрігері, Германияның Микроэкология институтының профессоры, биолог Андреас Швирцтің айтуынша, ішек жұмысына пайдасы тиер жемістің бірі – банан. Өйткені оның құрамында инулин көп, ол ішек асқынуының алдын алуға көмектеседі.
Ішек жұмысын жақсартуға көмектесер тағы бір тағам – бұл балық. Балықта адам ағзасына пайдалы май түрі көп. Ол жасушаның өсуіне әрі қорғануына көмектеседі.
Алма мен сәбіз ішектің шырышты қабатын нәрлендірсе, ашытылған қырыққабат пен қара нан ішек жасушасын энергияға байытады.
massaget.kz