Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскерилердің балалары арасында сурет салудан байқау өтті

Әскерилердің балалары арасында сурет салудан байқау өтті

Қызылорда қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасында Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған «Отан – отбасынан басталады» атты әскери қызметшілердің балалары арасында сурет салу байқауы ұйымдастырылды.

Әскери қызметшілердің балалары өз туындыларын «Менің әкем – менің қаһарманым!», «Қазақстан – бейбітшілік ұясы» және «Бабалар ерлігі – мәңгі есімізде» деп аталатын 3 номинация бойынша ұсынды. Сурет салу сайысына 3-6 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балалар, 7-13 жас аралығындағы оқушылар және 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Сайыстың талабы бойынша әрбір қатысушының шығармашылық жұмысы 3 данадан аспады, яғни, әр номинацияға бір жұмыс ұсынылды.
Байқаудың негізгі мақсаты – келер ұрпақтың бойында Отанға деген махаббат пен рухты ояту, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру, дарынды жастарға қолдау көрсету және балалардың бойындағы төл тарихқа деген құрметін қалыптастыру.
– Сурет салу сайысы балалар үшін өте қызықты, жауапты байқаулардың бірі. Балалардың ішінде осыған дейін сурет салудан жүлдеге ие болғандары да кездесті. Бір қуантары қатысушы балалар саны алдағы сайыстарға қарағанда анағұрлым артқан. Балаларымызға тек жеңіс тілейміз, – деді Қызылорда қаласы ҚІЖБ әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастырушысы Ақгүл Бердібаева.
Әділқазы алқаларының шешімдерімен бес баланың салған суреттері жоғары бағаланып, сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды. Әрі қарай үздіктердің қатарынан көрінген туындылар Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтіліп, жеңімпаздар анықталатын болады.
Мұхит ҚОНАРОВ,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, сержант 









08 мамыр 2021 ж. 1 319 0