Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда варикозды тамырлардың кеңеюі кең тараған

Қазақстанда варикозды тамырлардың кеңеюі кең тараған

Соңғы кездері варикозды тамырлардың кеңеюі кеселі туралы көп еститін болдық. Әсіресе аяғы ауыр әйелдер арасында мұндай кесел кең тараған. Жақында ғана бір танысым босану сәтінде варикозды тамырларының жарылып кетіп, қиындық туғызғаны туралы айтты.  Мұндай мысалдар ел арасында көптеп кездеседі. Олай болса, "бұл ауру қайдан пайда болды, қандай ем жасау керек және дәрігер мамандар не дейді?" деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Варикозды тамырлардың кеңеюі деп аяқ сүйектері қан тамырының кеңейіп, ұзарып, түйінделуіне қатысты ауруды айтады. Сондай-ақ «түйіндердің» қалыптасуы нәтижесінде, тамырдың тіпті өз жұмысын тоқтатуына дейін алып келуі мүмкін. Әрине бұл аса қауіпті.
Кезінде көптеген атақты дәрігерлер мен беделді қоғам қайраткерлері варикозды веналарға қарсы күрес әдістерін белсенді зерттеген болатын. Бірақ іс жүзінде оның бәрі нәтижесіз болып шықты. Белгілі анатомист әрі танымал итальяндық дәрігер Марчелло Мальпиги үш ғасырдан астам уақыт бұрын осы варикозды қан тамырларының кеңеюіне қатысты жаңалық ашқан. Оған дейін бұл бағыттағы зерттеулер мыңдаған жылдар бойы қыры ашылмаған құбылыс болып саналған. М.Мальпиги – капиллярлық қан айналымының бірегей механизмдерін анықтаған ең алғашқы ғалым.
Өкінішке қарай, бүгінде әйелдер арасындағы варикозды вена ауруы ең өзекті жаһандық проблеманың біріне айналып отыр. Статистикаға сүйенетін болсақ, әлемдегі әр үшінші нәзік жанды варикозды тамырлардан зардап шегеді. Ал ерлер арасында аталған аурудың таралуы әрбір оныншы ер адамда байқалады. Әдетте, отыз жастан асқан адамда осы аурудың алғашқы белгілерін сезіну қаупі жоғары болып келеді. Он жылдан бер варикозды вена ауруының зардабын шегіп жүрген Гүлназ Бектасова өзінің болашағы үшін алаңдайды.
– Бұл ауру менде ең алғаш 20 жасымда байқала бастады. Ол кезде жай аяғым көп жүргеннен, биік өкшелі аяқ киім кигеннен болар деп аса мән берген жоқпын. Бірақ кейіннен аяқтағы тамырлар үлкейіп, тері бетінде айқын көріне бастады. Ауырсыну күшейді. Дәрігерге барып қаралғанымда, маған варикозды қан тамырларының кеңеюі деген диагноз қойып берді. Қазір, міне, 10 жыл болды. Әсіресе жаз мезгілінде бұл ауру қатты байқалады. Осы күні аяғым ауыр болған соң, тіпті қиын болып кетті. Дәрігерлердің нұсқау бойынша ем жасап жүрмін, – деді Гүлназ. 
Елімізде бұл ауру өзекті мәселелердің біріне айналды. Әлемдегі варикозды веналардан зардап шеккендердің үлесі бойынша Қазақстан АҚШ пен Ұлыбританиядан кейінгі үшінші орында тұр. Африкада және Моңғолияда аталған кеселдің ең аз көрсеткіші ретінде саналады. Аталмыш жағдайдың кең етек алуының негізгі себебі, көбінісе, қазіргі заманғы өмір салтының адам денсаулығына теріс әсер етуімен тікелей байланыстырылады.
Абай ауылдық емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Бақыт Сәпидің айтуынша,қимыл қозғалысы аз өмір салты бірінші кезекте варикозды тамырлардың кеңеюіне әкеліп соғады екен.
– Егер сіз уақытыңыздың көп бөлігін компьютердің алдында немесе ұзақ уақыт бойы көлік жүргізуге арнасаңыз, қолыңыз бен аяғыңыздың тамырларын мұқият бақылағаныңыз жөн. Варикозды тамырлардың кеңеюі көбінесе тамырда жоғары қысым болған кезде байқалатыны белгілі. Бұл жағдайда аяқтың төменгі жағындағы тамырлар ғана кеңеймейді. Сонымен қатар асқазан мен өңешке кері әсер ететіні жасырын емес. Сондай-ақ кеуде қуысына және өзге де ағзаларға жағымсыз әсерін тигізеді,  – дейді.
Дәрігердің сөзінше, кез келген варикозды аурудың соңы хирургиялық көмекті талап ететін басқа да ауыр ауруларға әкелуі мүмкін екенін түсіну маңызды. Мысалы, кіші жамбастың варикоздық тамырларымен геморрой дамуы мүмкін және бедеулікке ұласатын варикоцелеге шалдығу қаупі бар. Ал оны түзету үшін тек хирургиялық операцияға жүгінуге тура келеді. Жалпы, варикозды тамырлардың кеңеюі ең алдымен, аяқтың төменгі бөлігіндегі тамырларына зиян дейді.
Біз сөз етіп отырған ауру түрінің пайда болуына түрлі себеп бар. Варикозды веналардың кеңеюінен зардап шеккен жақын туыстардың болуы көп жағдайда сіздің де басыңызда орын алу қаупін туғызады. Бұл ауру әйелдерде әдетте жүктілік кезінде және гормоналды препараттарды қолдану кезінде анықталады. Сондай-ақ тамырларда қысымның жоғарылауы, бәсең өмір салтын ұстануы, жеткілікті дене белсенділігінің болмауы, артық салмақ та аурудың белең алуына әкеліп соқтырады.
– Варикозды көктамырлардың жоғарыда көрсетілген белгілері тек тамырларды кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге қан қысымын арттырады немесе венозды клапандардың жұмысын бұзады. Варикоз ауруы рефлюкс, яғни аяқ-қол тамырларына қан айналым жүйесінің дұрыс жүрмеуінен болатыны анықталған. Бұл құбылыс веноздық қан ағымына әкелетін қауіпті патологияларды туындатуы әбден мүмкін. Сондай-ақ уақытылы емделмеген варикозды көктамырлар басқа да көптеген соматикалық ауруларға жол ашуы ғажап емес. Варикоздық симптоматика варикоздық жүйеде тұрақты қысымның болуымен тікелей байланысты, – дейді дәрігер Бақыт Сәпи.
Шындығында, бірден операция жасалмайды. Тек қатты ауыр жағдайда және мәселені шешудің басқа жолы болмаған кезде ғана шұғыл хирургиялық операция жасауға тура келеді. Бұл аурудан қазіргі кезде озық технологиялық жетістіктердің арқасында дұрыс емдік курстарын жүргізе отырып, ешқандай хирургиялық жолсыз-ақ айығуға мүмкіндік бар.
Осы ретте, консервативті емдеу науқастардың жекелеген санаттары үшін тіпті қолайлы екенін түсіну өте маңызды. Сондықтан бірден сары уайымға салудың еш қажеті жоқ. Егер ауру бастапқы сатыда болса, түрлі медикоменттер мен қоспаларды пайдалану арқылы жағдайды айтарлықтай түзете аласыз.
Түрлі жағдайлардың себебімен пайда болатын варикоздан құтылу кез келген нәзік жандының арманы болса керек-ті. Өйткені аяқтағы білеуленген тамыр аяғыңыздың сұлулығына сын келтірсе, екінші жағынан ауыртатыны бар. Білеуленген тамырды хирургиялық жолмен алдыруға асықпаңыз. Оны үйде емдеп, жазуға болатынын айтқан қала тұрғыны Индира Әлібай өзінің халық емімен айналысқан анасының әдісін қолданып, аурудан айыққанын айтты.
– Кез келген дәріхананың сөресінен табылатын алма сірке суынан 1-2 тамшы 1 стақан жылы суға араластырып, таңертең аш қарынға ішу жақсы көмектеседі. Үйіңізде өсірілетін каланхоэ гүлі де сіздің дертіңізге дауа болады. Ол үшін гүл мен спиртті бірдей көлемде алып араластырыңыз. Дайын болған тұнбамен білеуленген тамырды сүртіңіз. Емді 1 ай бойы жүргізген дұрыс.  Көк қызанақтың да көмегі мол. Ол үшін қызанақты езіп, білеуленген тамырға жағасыз. Сыртынан қағаз қойып, жұқа матамен орап қойыңыз. Шамамен 30-40 минуттан соң компресті аласыз. Осылайша үзбей 2 апта жүргізсеңіз, ем нәтижесін береді. Мұнан бөлек, 3 дана алманы 1 литр қайнаған суға салып, тұндырып қойыңыз. Шамамен 4 сағаттан соң алманы езіп ботқа жасайсыз. Оған бал араластырып, таңертең және кешке ішсеңіз, алма тұнбасы қан тамырларыңыздың саулығын арттырады, – дейді ол.
Әрине мұндай емдеу түрі толық зерттелмеген. Десе де көмегі болуы да бек мүмкін.
Түйін.Варикозды тамырлардың кеңеюі қазіргі кезде кең тараған аурулардың бірі. Мұны емдеудің де алуан түрі бар. Тек дер кезінде алдын алған абзал. Дәрігер мамандардың пікіріне сүйенсек, аталған аурудың ауыр асқынуы адам ағзасындағы маңызды органдардың ауруын асқындырып, тіпті өлім жағдайына да әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол себепті аурудың белгісі байқалса, немқұрайлық танытпаған дұрыс.

Назерке БАҚЫРАДИН 
25 мамыр 2021 ж. 850 0