Электр энергиясы заңсыз ажыратылса қайда хабарласуға болады?
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 23 қазандағы №356 «Электрмен жабдықтаудың үлгілік шарттарын бекіту туралы» бұйрығының 12-тармағына сәйкес сатушы тұтынушыға хабарлама жіберу фактісін растауға мүмкіндік беретін тәсілмен электрэнергиясы үшін төлемегені немесе толық төлемегені үшін электрэнергиясын беруді тоқтата тұрғанға дейін кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын тұтынушыны хабардар етуге міндетті.
«Егер тұтынушының келісім-шартында СМС арқылы хабарлама алу мүмкіндігі болса, онда осы арқылы хабарлама жіберуге міндетті, ал егер келісім-шартта мұндай жағдай көзделмесе, электр жабдықтаушы ұйым ажырату туралы хабарламаны қағаз жеткізгіш арқылы хабардар етуге міндетті. Жарық ескертусіз өшірілген жағдайда, облыс тұрғыны электрмен жабдықтаушы мекемеге қатысты біздің мекемеге арыздана алады. Жыл басынан бері бізге тұрғындардан 4 арыз келіп түсті, бұл дегеніміз тұрғындардың кейбірі бұндай жағдайда не істеу керектігін білмейтіндігін білдіреді, осы себепті біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деп өз сөзінде Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаментінің бас маманы Тілеужан Асқар.
Тілеужан Асқардың айтуынша, электр қуатынан заңсыз ажырату тұтынушылардың құқығын бұзу болып табылады және 172-баптың 5-бөлігіне сәйкес лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 мөлшерінде, орта бизнес үшін – 50 мөлшерінде, ірі бизнес үшін – 75 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының«Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі № 588 Заңының 19-бабы, 1-бөліміне сәйкес, тұтынушы жасалған шарттардың талаптарына сәйкес энергия өндiрушi, энергия берушi және энергиямен жабдықтаушы ұйымнан электр және жылу энергиясын жеткiзбеуден немесе сапасыз жеткiзуден келтiрiлген нақты нұқсанның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі орган электр энергетикасы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Осыған байланысты, құқық бұзушылық фактілері болған жағдайда, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаментіне мына мекен-жай бойынша Қызылорда қаласы, Қызылжар тұйығы 3, 18 құрылыс, kyzylorda.kaenk@energo.gov.kz электрондық поштасына немесе тел. 8(7242) 701484 хабарласуыңызға және кеңес алу бойынша жүгінуіңізге болады.
kyzylorda-news.kz