Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн ойнау қауіп пе?

Онлайн ойнау қауіп пе?

Технологияның күннен-күнге қарыштап дамыған заманында әлемде түрлі балаларға арналған ойындар пайда болып жатыр. Өкініштісі, аулада ойнайтын дәстүрлі ойын емес, көгілдір экранның арғы жағындағы онлайн ойындардың белеі алып жатқаны қынжылтады. Ол ойындарға ата-ана да аса мән бере бермейді. Әйтеуір баласы тыныш, мазасын алмай ойын ойнаса болғаны.
Алайда, қазіргі таңда баланың дамуына кері әсер ететін ойындар көбейіп барады дейді мамандар. Расында да кез келген жас баланы қарасаң қолында смартфон және оның іші өмірінің бір бөлшегіне айналған онлайн ойындарға толы.

Күн өткен сайын саны артып келе жатқан бұл ойындардың ең танымалы - "Garena Free Fire" ойыны. Әлемге кеңінен таралған бұл ойынға Үндістан республикасы тыйым салған болатын. Дегенмен 2017 жылы шыққан ойынды жүктеушілердің саны бүгінде 500 миллионға жетіп отыр. Бүгінде елімізде "Garena Free Fire" ойынын қолданушылардың саны орташа есеппен 1 миллионнан асады. Және қолданушылардың 70 пайызы мектеп оқушылары. 2020 жылдың наурыз айынан онлайн оқыған мектеп оқушылары көп уақытын білім алудан көрі онлайн ойындармен бірге өткізетін болған. Ойын ішіндегі түрлі қарулар мен костюмдерге қызыққан балалар бар ақшасын осы "Garena Free Fire" ойынына жұмсайды екен. 1 миллион қолданушы 1000 тг донат салдыратын болса, 2340 000 доллар қаржы "Garena Free Fireко" компаниясына түседі. Ал "Garena Free Fire" ойынының жылдық табысы 400 миллион долларды құрайды.
Міне осы көрсеткіштің өзі қазіргі уақыттың дерті онлайн ойындар екеніне дәлел. Әлемді қайтеміз, өз елімізде де таңын осы ойынмен атырып, күннің қалай батқанын байқамай қалатын балалар көбейіп келеді. Тіпті ата-аналарына қарсы шығып, отбасы есепшотынан көптеген қаржыны ойындарға жұмсағандар да аз емес. Психологиясы әбден бұзылған балалар, кейде онлайн ойындар үшін өз отбасыларынан бас тартып, із-түссіз жоғалып кеткен. Тіпті онлайн ойынға жан-тәнімен берілген бір жеткіншек өз қарсыласын ойын үстінде өлтіре алмай жеңіліс таптым деген оймен үйіне барып қылмыс жасаған. Жастайынан санасы атыс-шабыспен уланған сол балалардың арасынан келешекте қылмыскер мен қарақшы, қатыгез бен безбүйрек шықпасына кім кепіл?! Сол себепті, балам тыныш деген басты ойдың арғы жағында виртуалды әлемнің қызылды-жасылды кесірі жатуы мүмкін деген түсінік әрбір ата-анада болуы шарт.
Виртуалды әлем мен шын өмірді ажырата алмай онлайн ойындардың жетегінде жүрген ересектеріміз де жетерлік. Оңтүстік Корея елінің 38 жасар азаматы 10 күн бойы үзіліссіз онлайн ойын ойнаймын деп қаза тапқан. Және жаңадан отау құрған Оңтүстік Кореялық жас отбасы онлайн бала өсіру ойынын ойнаймыз деп өз сәбилерін қараусыз қалдырған. Соңында сәби қаза тауып жас жұбайлар 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Онлайн ойындар балалардың ойлау қабілетін жақсартады десек те, қолына қару ұстатып, адам өлтіруге, ұрлық жасап, мейірімсіздікке үйрететін бұл ойындардан ешқандай артықшылық  көріп отырғанымыз жоқ. Керісінше біздің буыны әлі толық қатпаған балаларымызды буындырып жатқан секілді. Интернеттегі қажетсіз ойындардың бала өміріне тигізетін зардабын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» – дегендей, өз тыныштығымыз үшін бесіктен белі әлі шықпаған баламыздың қолына смартфон емес, қызықты кітап беріп, дәстүрлі ойынға баулығанымыз абзал.

Айшабибі  ТӨЛЕГЕН,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенті
28 мамыр 2021 ж. 1 581 0