Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйежапырақ – дәрілік өсімдік

Түйежапырақ – дәрілік өсімдік

Мындаған жылдар бойы адамзат адамның әртүрлі ауруларымен күресуге дәрілік өсімдіктерді пайдаланды. Өркениетті елдерде дәрілік өсімдіктерді пайдаланудың өте бай тәжірибесі жинақталды. ХХ ғасырда ғылым мен техниканың дамуы нәтижесінде фармакологияда синтетикалық химияның дамуы көптеген ауруларды емдеуге пайдаланылатын жасанды препараттарды өмірге әкелді. Соның нәтижесінде көптеген елдерде сол препараттарды пайдаланудың нәтижесінде дәрілік өсімдіктерге қызығушылық төмендеді. Бірақ та соңғы жылдары дәрілік өсімдіктерге деген көзқарас өзгеріп, оларды кеңінен пайдалана бастады.
Сондай дәрілік өсімдіктің бірі – түйежапырақ. Ол – тарандар тұқымдасы, рауғаш туысына жататын көп жылдық өсімдік. Қазақстанның құмды жерлерінде, Арал өңірі мен Қызылқұмда кездеседі. Биіктігі 30-70 см. Тамыры ұзын, қара қоңыр қынапты, сабағы тік өседі. Сабақ түбіндегі жапырағы жатаған, өркен бойындағы жапырақтары ірі, пішіні дөңгелек, үш жүйкелі. Гүлі ақ түсті. Гүл шоғыры шашақ болып төгіліп, сыпыртқы тәрізденіп тұрады. Сәуір-мамыр айында жемісі піседі. Жемісі – үш қырлы, қара қоңыр түсті, пішіні жүрек тәрізді. Түйежапырақтың тамырында іш жүргізетін антрогликозидтер, хризофен қышқылы, флавоноидтар,  илік заттар бар.
Түйежапырақ (ошаған)өсімдігі көпке мәлім. Ошағанның тамыры емдік мақсатта қолдануға күз айларының аяғына қарай жиналады. Бір жылдық өскіндердің ғана тамырларын жинау қажет. Жинау кезінде тек топырағынан ғана сілку арқылы тазартылады, яғни жумау керек. Кебіңкіреген топырақ қалдықтары сол алғашқы күні-ақ щеткамен тазаланады. Ошаған тамырының тұнбалары мен қайнатпалары гастритті, асқазан мен ұлтабар жараларын, іріңдерді, сыздауықты емдеуге қолданылады. Қан құрамын жақсартуға үлкен көмегі бар. Қуық және жыныс мүшелерінде болатын түрлі кеселдерге ошаған қайнатпасының пайдасы бар. Сондай-ақ подаграны, ревматизмді, геморройды, жиі іш қатқан жағдайларда және қант диабетін емдеуге қолданылады.
Рауғаштың медицинаға ену тарихы өте қызық. Біздің эрамыздан 2700 жыл бұрын бұл өсімдік Қытайда іш жүргізетін дәрі ретінде қолданылған. XIII ғасырда белгілі саяхатшы Марко Поло Қытайда болып, бірінші рет еуропалықтарға рауғаш жөнінен мағлұмат береді. Ал 1871 жылдары орыстың белгілі саяхатшысы Н.М.Пржевальский осы өсімдіктің жабайы өсіп тұрған түрін Кокунур өзенінің бойынан тауып, тұқымын Петербургке жібереді. Рауғаштың таңғұт рауғашы деген осы түрі Петербургтің ботаникалық бағында өсіріліп шығарылады да, мәдени өсімдік ретінде таралып кетеді. Таңғұт рауғашы бұл кезде мәдени өсімдік ретінде Ресейде, Қырғызстанда өсіріледі. Қазақстанда рауғаштың дәрілік қасиеттері бар. Виттрок рауғашы және түйежапырақ рауғашы деген түрлері өседі.
Виттрок рауғашы – биіктігі 1 метр шамасындағы, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Жапырақтары сопақша келген, жұмыртқа тәрізді, ұзындығы 40 сантиметрге дейін барады. Жапырақтарының төменгі жағы мен шеттерінде ұсақ бүршікті түктері бар. Гүлдері ақ немесе қызыл түсті, гүл сабақтары қысқа, сыпырғы тәрізденіп шоғырланып тұрады. Жемісі – жұмыртқа тәрізді, қоңыр түсті, қанатты жаңғақ. Мамыр-маусым айларында гүлдейді.
Түйежапырақ рауғашының екі-үш сабағы болады. Сабақтарының ұзына бойына созылған сайы бар. Гүлдері шашақ тәрізді шоғырланып тұрады. Сәуір-мамыр айларында гүлдейді. Жемісі – қанатты жаңғақ. Жапырақтарын түйе жейді.
Рауғаштың тамырын дәрі ретінде көбірек пайдаланса, (0,2-2,0 г) іш жүргізеді, орташа мөлшерде пайдаланса (0,2 г) өт айдайды, аз мөлшерде пайдаланса (0,05-0,2 г) іштің өтуін тоқтатады. Ішектің жұмысы нашарлағанда, іш желденгенде, іш жүрмей қалғанда рауғашты андызбен қосып пайдалануға болады. Халық арасында рауғаш туберкулезді, қан азайғандықты емдеу үшін қолданылады. Геморрой ауруына шалдыққанда және көтен ішектің шеті жарылғанда үлкен дәретті сұйылтып шығару үшін де пайдаланылады.
Дәрі жасау үшін рауғаштың сабағы мен тамырын көктемде қазып алып пайдаланады. Асқазан, туберкулез, тағы басқа ауруларды емдеуде қолданылады. Жемісінен Свитамині, дәнінен көмір сулар алынады. Жапырағын түйе, қой жақсы жейді. Республиканың құмды, құмды-далалық жазық жерлерінде өсетін рауғаштың бір түрі – татар рауғашын жергілікті тұрғындар түйежапырақ деп атайды. Оның да тамыры мен тамыр қабығында илік заттар болады.
Дәріні дайындау және қолдану тәсілі: 2 ас қасық ұнтақталған тамырды 1 стакан суға салып, 15 минут қайнатады да, стаканның 1/3 бөлігіне дейін жатар алдында ішеді. Ұнтақталған тамырды сірке қышқылына араластырып дене сыртындағы ақтаңдақтарды емдеуге де болады.
Бұл шөптесін өсімдік ең танымал және кеңінен халықтық медицинада, сондай-ақ кейбір елдерде көкөніс өсімдік ретінде пайдаланылады. Түйежапырақ тамырының пайдасы неде? Емдік қасиеттері өте алуан түрлі. Ол несеп айдайды, денеден тұздар мен тастарды шығаруға көмектеседі, ұйқы безінің ферменттер өндірісін, бауырды қалыпқа келтіріп, бүйрек, өт көпіршігін жақсартуға көмектеседі.
Халықтық медицинада түйежапырақ тамыры ауыздың шырышты қабаттарын, кейбір тері ауруларын, асқазан-ішек жолдары аурулары, зат алмасу бұзылыстары, ревматизм қабынуы, жараларды жазу, қабынуға қарсы, диабетке қарсы агенттер ретінде және косметологияда, сондай-ақ шаш өсуін нығайтуға пайдаланылады. Сонымен қатар бұл өсімдік ауырсынуды басатын, аллергияға қарсы, өт, антисептикалық, микробқа қарсы және дезинфекциялық әрекеті де бар. Терінің жалпы жағдайын жақсартып, тері қышуын басатын қасиеті бар.
Түйежапырақтың  әртүрлі бөліктерінде пайдалануы әртүрлі қоректік заттар бар. Тамырында эфир майлары, гликозидтер, таниндер, ақуыздар және минералды тұздар, сондай-ақ органикалық қышқылдар, шайырлар, витаминдер және инулин, жапырақтарында аскорбин қышқылы бар.
Рауғаш темір мен С дәруменінің молшылығымен белгілі. Ол ас қорытылуына мүмкіндік туғызады, гастритті емдейді, тәбетті жақсартады. Әсіресе ішекті тазартып, оның жиырылуын жақсартады. Рауғаш асқазан сөлінің және өт бөлінуіне себепші болады, бұл зат алмасуын жеделдетеді. Рауғаш тіпті семіруге жол бермейді. Бірақ оның құрамында қымыздық қышқылы бар, осыдан нашар еритін кальций оксалаты түзіледі, ол бүйрек тасы түрінде шөгуі мүмкін. Сондықтан оны тым жиі және көп мөлшерде қолданудың керегі жоқ. Артриттен, бүйрек тасы ауруынан және асқазан-ішек жолы ауруынан азап шегуші адамдар ем-домында рауғаштан аулақ болғаны жөн.
Дайындаған К. МАХСҰТ 
28 мамыр 2021 ж. 12 873 0