Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Нобель» сыйлығы қалай пайда болды?

«Нобель» сыйлығы қалай пайда болды?

Жыл сайын желтоқсан айының басында бүкіл әлем назары Швеция мен Норвегия еліне ауады. Дәл осы уақытта Стокгольм және Осло қалаларында Нобель сыйлығы лауреаттары есімі жарияланады. Нобель сыйлығы – жоғары ғылыми тәжірибелер, төңкерістік жаңалықтар, мәдениет және қоғамның дамуына қосқан үлкен қызметтері үшін берілетін жоғары сыйлықтардың бірі. Нобельмен ерекше тұлғалар ғана марапатталады. 
Ал Нобель өзі кім еді? Альфред Бернхард Нобель 1833 жылдың 21 қазанында Швеция астанасы Стокгольмда дүниеге келген. Альфред Эммануэль және Андриетта Нобельдердің үшінші ұлы. 1842 жылдың күз айларының бірінде Нобельдер жанұясы Санкт-Петербургке көшіп келген. Болашақ ғалымның әкесі бұл жерде торпедоларды дайындау бойынша іс бастайды. 1849 жылы Альфред білім алу мақсатында Еуропа және Америкаға жол тартады. Ол Дания, Германия,Франция және кейін АҚШ-та болады. Ресейге қайтқан соң Альфред, жанұясына тиісті Ресей армиясының әскери тапсырыстарын орындайтын фабрикаларды басқарумен айналысады. Бұл істері дағдарысқа ұшыраған соң әкесімен Швецияға қайтуға мәжбүр болған Нобель, жарылғыш заттарды үйренуге кіріседі.
1868 жылы Нобель динамитке патент алады. Ол өзі ойлап тапқан жарылғыш затының мүмкіндіктерін паш ету және оның қандай жүзеге асатындығы жайында баяндамалар оқиды. Нәтижесінде Нобель жаңалығына адамдар қызыға бастайды. Альфред динамит және басқа жарылғыш заттарын істеп шығарып, үлкен мал-мүлікке ие болған. Өз өмірінде Нобель 355 өнертабысты бес түрлі елде патенттеген. Оның ойлап тапқан жарылғыш заттары әлемнің әр жерінде орналасқан 100 зауытта өндірілді.
Ол 1896 жылы 10 желтоқсанда жүрек қантамыры ауруынан қайтыс болады. Ғалым Стокгольмдағы Норра қорымына қойылған. Нобельдің 1895 жылдың 27 қарашасында жазылған өсиетнамасында мынадай сөздер бар еді: «менің барша жылжитын және жылжымайтын мүлкім өсиетнамамды іске асыратын адамдар тарапынан тез ақшаға айналатын құнды қағаздарға айналдырылған. Сол жолмен табылған ақшалар сенімді банкке орналастырылған. Осы құнды қағаздардан келетін табыстар, оларды әр жылы, жыл соңында адамзатқа ең үлкен пайда келтірген кісілерге сыйлық ретінде тапсыратын қорға тиісті болуы ләзім... Менің жеке қалауым сыйлықтарды беруде үміткерлердің қайсы ұлттан екеніне мән берілмесін!»
Сонымен Нобель өсиеті бойынша осы сыйлық тек қана бес бағытта берілетін болған. Олар:  Әдебиет (1901 жылдан Швецияда беріледі);  Физика (1901 жылдан Швецияда беріледі); Химия (1901 жылдан Швецияда беріледі);  Физиология және медецина (1901 жылдан Швецияда беріледі);  Бейбітшілік (1901 жылдан Норвегияда беріледі).
Альфред Нобельдің еркі бойынша небары бес жүлде қарастырылған, кейінірек оның жадына экономикалық сыйлық қосылды.
Нобель сыйлығының негізін қалаушы қайтыс болғанда оның байлығы 30 миллион швед кронына бағаланған. Туыстары 1 миллион, достары мен қызметкерлері 500 мың алған. Ал қалған ақша  Нобель сыйлығының қорына салынған. Сонымен сыйлық көлемі: 2003 жылы 1,35миллион АҚШ доллары; 2004 жылы 1,32 миллион АҚШ доллары;2005 жылы 1,3 миллион АҚШ доллары; 2008 жылы 1,399 миллион АҚШ доллары болды.
1901 жылдан 2010 жылға дейін Нобель сыйлығы мен экономикалық ғылымдар саласындағы сыйлық 543 рет берілді. Олардың қатарына 817 лауреат және 23 ұйым кіреді. Бүгінде Нобель сыйлығы әлем білімпаздарының арман-мақсатына айналған. Әлем бойынша Нобель сыйлығын иеленуші елдер арасында АҚШ-тан – 291, Ұлыбританиядан –101, Германиядан – 89, Франциядан – 52, Швециядан 29 жүлдемен көш бастап тұрса, Қытайдан – 5, Ресейден – 5, Аргентинадан – 4, Оңтүстік Кореядан 1 жүлделермен соңғы орындарға жайғасқан.
Дайындаған Айшабибі ТӨЛЕГЕН,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті
12 маусым 2021 ж. 733 0