Артықшылыққа кімдер ие болады?
Қазір екінің бірін мазалайтын мәселе – Covid-19 екпесін ектіру, яки ектірмеу. Мұның себебі де жоқ емес. Өзін өзі оқшаулау, уақытша тыйым әрі міндетті бетперде тағудан қажыған жұртқа бүгінде екпе пайдалы болып тұр десек те, 2020 жылғы тәжді індеттің алғашқы толқыны елді жан-жақтан қап сыра қысқан тұста, дәрі-дәрмектер мен ауруханалар да бос орындардың тапшы болуы, бұл ғасырда болмаған мелгілсіз қазалар дүдәмалды ойлардың қалың іргетасын қалайды.
Сонымен еліміздің мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулыларымен егілгендерге берілетін, көрсетілетін артықшылықтар ұлғайып келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрі Бағдат Мусин осы аптаның ішінде COVID-19 екпесінің толық курсынан өткен Қазақстан азаматтары қоғамдық орындардың дерлігіне еркін кіріп-шығуға мүмкіндік беретін Ashyq қолданбасында «жасыл» ахуалға ие болады дегенді хабарлады. Жасыл ахуалдың мерзімі жарты жылға жарамды, алайда, бұл ахуалдың мерзімі әлі де реттелетін болады.
Екпе алғандар басқаларға қарағанда қандай мүмкіндіктерге ие? COVID-19-ға қарсы екпенің толық курсын қабылдағанды растайтын құжат ұсынылған жағдайда Қазақстан Республикасына әуе жолдары арқылы шет елден келген тұлғаларға (дене қызуы қалыпты жағдайда болу шартымен) ПТР әдісімен COVID-19 тестісінен өту талабы қойылмайды. Сол сияқты елдегі темір жол, теңіз, өзен транспорты мен автокөлік арқылы мемлекеттік шекараны қиып өтетін тұлғаларға (дене қызуы қалыпты жағдайда болу шартымен) ПТР әдісімен COVID-19 тестісінен өту талабы қойылмайды.
«Бұдан бөлек, COVID-19-ға қарсы екпенің толық курсын қабылдағанды растайтын құжат ұсынылса серіктестік босануларға қатысқанда, науқастарды, оның ішінде жүктілерді, жас босанғандарды және балаларды стационарға (соның ішінде күндізгі стационарға) жоспарлы түрде ауруханаға жатқызғанда ПТР анықтамасы талап етілмейді. Екпе алғандарға сәбилер және балалар үйлеріне барғанда, әлеуетті ата-аналардың әріден ұл асырап алу/қыз асырап алу, қамқоршы тағайындау, қорғаншылық үшін жетім балалармен кездесу үшін тест тапсырудың қажеті жоқ. Әлеуметтік-медициналық нысандарға қайта түскен науқастарға (қарттар үйлері, мүгедектер және басқалары, науқас баланың күтімімен медициналық ұйымдарға жататын тұлғаларға, ұзақ және қысқа мерзімді кездесуге рұқсат алу үшін пенитенциарлық (қылмыстық атқару жүйесі) мекемелермен қамтылған тұлғалардың туыстарына да шектеулер қойылмаған. Бұл тек бүгінгі күнге, келешек күндерде өзгеруі мүмкін», дейді Алматы қаласы №11 емханасының дәрігер-эпидемиологы Қарлығаш Оразбаева.
COVID-19 екпесімен егілмегендер мен COVID-19 індетіне шалдықпағандар соңғы 6 ай ішінде қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Бұлар – өнеркәсіп мекемелері мен өндіріс нысандарының жұмысшылары, оның ішінде жұмысшының өндірістік нысанда болуын қажет етпейтін жұмыстар, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер. Сонымен қатар бұл талаптар шипажай, демалыс орындары, қонақ үй, мейрамхана, мәдениет, мемлекеттік органдар, бизнес орталықтар, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметкерлері, яғни қашықтан міндеттерін атқару мүмкін емес жұмысшылардан басқасына қатысты.
«Қан тазарту есебіндегі науқастар алдын алу мақсатымен айына 1 рет ПТР әдісімен COVID-19 тестілеуінен өтуі тиіс. Егер, мұндай науқас екпенің толық курсын қабылдаған болса, онда ай сайынғы ПТР әдісімен COVID-19 тестісін тапсырудан босатылады. Студенттік жатақханаға қатысты тағы бір норма. Шектеу шараларын енгізу кезеңінде студенттік жатақханаларда бөлмеге қоныстануды 50%-ға дейін толтыруға болады, бөлмеге 2 адам ғана тұруына рұқсат. Алайда студенттердің 80%-ы екпенің толық курсынан өтетін болса, онда бөлмені 100%-ға дейін толтыруға болады, тиісінше, орын саны көбейеді», деді Қ.Қуандыққызы.
egemen.kz