Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Достық дейтін дара ұғым мен үшін

Достық дейтін дара ұғым мен үшін

Достық –  әрбір адам өміріндегі маңызды қарым-қатынас. “Жаңа екі достан, ескі бір дос артық” деген жақсы сөз бар. Достық барлық адамға қажет. Тіпті, жалғыздықты ұнататын жандарға да. Кішкене бүлдіршіннен бастап, еңкейген қарияға да, бай-бағландар мен тақыр кедейлерге де дос керек. Бұл тізімді ұзын-сонар жалғастыра беруге болады.
Достық ортақ қызығушылық, түсінісу, сенім сынды қасиеттер негізінде құралады. Әңгімесі таусылған адамдар дұрыс қарым-қатынас құра алмайтындары анық. Уақыт өте келе адамдар жан-дүниесіндегінің барлығын шығарып, сырлас іздейді. Мұндай сәттерде достардың болмағаны өте жаман. Оның үстіне тек жақын достарыңа ғана айта алатын сырларың болады. Ең бастысы, осы сырды досың өзгелерге айтпайды. Жадында құнды қазынадай сақтап қояды.
Достық, ең алдымен, адамдардың бір-біріне деген сенімінен басталады. Сенім артқан сайын достық та беки түседі. Бір-біріне сенімі жоқ дегенмен өздерін дос санайтындар да бар. Ол-жалған достық: бірде бар, бірде жоқ. Достық туралы нақты ой айтқан философ А.Шопенгауер өзінің "Өмірлік данышпандықтың афоризмдері" атты еңбегінде: "Нағыз шынайы достық адамдардың бір-бірімен терең, таза жəне адал қарым-қатынасын қажет етеді. Бұл дегеніміз досыңыздың қайғысы мен қуанышына ортақтаса білу деген сөз. Осының бəрі адамның табиғи өзімшілдік, өркөкіректік қасиеттерін жояды", - деген. Халықта "Алтын берген дос емес, ақыл берген-дос" деген мақал бар. Достық-көңіл күмбезі.
Досты лотореядан ұтып алуға немесе жай ғана көшеден тауып алуға болмайды. Әрине, достықтың да сыннан өтер кезі болады. Бір сәтте құрылып, бірден нығая түседі деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Оның үстіне дос бола білу қасиеті барлық адамға бірдей берілмеген. Ол өте нәзік ғылым. Кей өркөкірек, өзімшіл адам өзгелерді сыйламайды. Себебі, олар тек өздерін ойлап, үнемі бірінші орында жүруді ғана ойлайды. Мен үшін достық өте маңызды. Сол себептен болар, жанымда дос көп емес. Достарым санаулы болса да, көп досқа татиды. Олар менің өмірімдегі ең қымбат, ең құнды жандар. Мен оларды жоғалтып алғым келмейді.
Дос көңілі көңілдің дара шыңы,
Жетпес оған пәнидің бар асылы.            
Тәтті болар зәмзамнан Меккедегі, 
Достың берген пейілмен қара суы.
Әлібек ЕРМАҒАЛИЕВ,
«Қорқыт ата» атындағы Қызылорда университеттің студенті
14 маусым 2021 ж. 2 532 0