Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – халқына адал қызмет ету

Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – халқына адал қызмет ету

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілген. Мемлекеттік қызметші күнін мерекелеудің негізгі мақсаты - мемлекеттік қызметтің маңыздылығы мен қажеттілігін халыққа жеткізу, мемлекеттік сектордың басқару әлеуетін күшейту және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру болып табылады.
Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты. Өйткені, мемлекеттік қызметшілер – билік пен бұқараның арасын жалғап, ел дамуының ілгерілеуіне ықпал ететін мемлекеттің негізгі күші. Олардың кәсіби білімі мен біліктілігі, пайымы мен парасаты, адалдығы мен жауапкершілігі халықтың мемлекетке деген көзқарасы мен сенімін қалыптастырады.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері аталған салада бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды. Егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін енгізді, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды. Қазақстанда бұрынғы кеңестік елдер арасында алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізілуі, мемлекеттік лауазымдардың саяси және әкімшілік болып бөлініп, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру жөніндегі шаралар іске асырылды.
«Билігі мықты елдің тірлігі құтты» демекші, күн өткен сайын мемлекеттік қызметшіге қойылар талап та, жүктелген жауапкершіліктің ауқымы да кеңейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай: «мемлекеттік қызметтегі басты талап – тиімділік, нәтижелілік, жариялылық және халықтың сұраныстарына сай қызмет ету» болуы қажет.
Осы талап үдесінен шығып, еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, оның ыстығы мен суығына төзіп, білімдері мен тәжірибелерін ел болашағына арнап жүрген әріптестерімнің еңбектері қашанда құрметке лайық.
Мемлекеттік қызмет саласында қызмет етіп жүрген барша әріптестерімді айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріне сәттілік тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
З.Сермағамбетова,
Арал аудандық сотының кеңсе меңгерушісі 
23 маусым 2021 ж. 680 0