Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қызыл аймақ» көбейіп тұр

«Қызыл аймақ» көбейіп тұр

Еліміздегі эпидемиялық ахуал қайтадан нашарлап, Қазақстан «қызыл аймаққа» өтті. 26 маусымнан бастап «қызарған» өңірлер қатары бесеу болды.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қала­сымен қатар Алматы қаласы және Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары «қызыл аймақ» қатарында тұр. Ал «сары аймақта» Шымкент қаласы және Қостанай, Маң­ғыстау облыстары бар. Қалған өңірлер – «жасыл аймақта».
Өткен аптада корона­ви­рус­тың жаңа штамы – «үнді» штамының анықталуына байланысты елордада карантин талаптарын қатайту туралы шешімдер қабылданған. Он­сыз да қанша уақыттан бері «қызылдың» құрсауында тұр­ған Нұр-Сұлтан қаласына сақ­тық шараларын күшейтпесе болмайды. Ал жақында ғана «қызыл аймаққа» қосылған төрт өңірде де шектеу талаптары қайта қарастырылып, сол аймақтардағы Бас мемлекет­тік санитарлық дәрігерлердің қаулысына өзгерістер енгізілді.
Жалпы карантин талап­тарын қанша жерден күшейт­кенмен, індетке тойтарыс беру­дің басты «қаруы» вакциналау екені түсінікті. Дегенмен қа­зіргі шырғалаң шақтағы осы маңызды іс-шараның ілге­рілеуі ойдағыдай болмай тұр. Сондықтан өңірлерде вак­циналаудың қарқынын арт­тыруға барынша күш салы­нып жатыр. Бұл ретте, әл­бетте, халықтың вакцинаны ерік­ті түрде қабылдау құқы сақ­талады. Тек көпшілік вакциналауды өзінің ғана емес, айналасындағылардың да аман­дығы үшін қажет екенін әрі қа­лыпты тіршілікке оралудың жо­лы екенін түсіну керек. 27 маусымдағы мәлімет бойынша елімізде бірінші компонент­пен 3 130 095 адам, екінші ком­по­нентпен 1 891 022 адам вакци­на салдырды.
Қазақстан вакциналау­ көлемі бойынша әлемде 42-­орынды алды. Our World in data онлайн-басылымы жаса­ған рейтингте Қазақстанда әр­бір оныншы азамат вакцина алғаны көрсетілген. Жалпы мұнда біздің елде 1,79 млн адам вакциналанып, бұл халықтың 9,4%-ды құрайтыны айтылған. Ал аталған рейтингте көш бастаған Қытайда 223 млн адам вакцина салдырған, бірақ бұл халықтың тек 15%-ы ғана екен.

egemen.kz
28 маусым 2021 ж. 297 0