Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасылық дауларда медиацияның тиімділігі зор

Отбасылық дауларда медиацияның тиімділігі зор

Некені бұзу туралы азаматтық істі қараған кезде судьяның алдында тұрған міндет ерлі-зайыптыларды ажырату емес, керісінше татуластыруға, бір сөзбен айтқанда заңды некені сақтап қалуға негізделеді. Ажырасамыз деп келген тараптарға судьямен дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешудің тиімділігі, отбасылық құндылықтардың маңыздылығы жайы түсіндіріледі.
Осындай шаралардың нәтижесінде, бүгінде сот залынан тараптардың келісімге келіп, дауларын бітімгершілікпен шешіп шығатын жағдайларын жиі байқауға болады. Қаншама ажырасуға ниеттенген отбасылар осы татуластыру рәсімдерінің арқасында түтінін қайта түтетіп, шаңырағын сақтап қалып жатады.
Бұған, Арал аудандық сотында бір күнде екі бірдей неке бұзу туралы азаматтық іс бойынша медиациялық келісімдердің бекітілуі дәлел.
Мәселен, талап қоюшы К. талабында, жауапкер А-мен 2018 жылдан бері заңды некеде тұратынын, ортақ некеден үш балаларының барын, бүгінде мінездерінің жараспауынан бір-бірінен бөлек тұратынын, отбасын сақтап қалудың мүмкін еместігін көрсетіп, араларындағы некені бұзуды сұраған.

Сол секілді, талап қоюшы Е. жауапкер А-мен арасындағы некені бұзуды сұраған.

Дауды бейбіт жолмен шешудің тиімділігі, отбасылық құндылықтардың маңыздылығы туралы судья-медиатормен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, ерлі-зайыптылар ымыраға келіп, медиативтік келісім жасауға ниет білдірген.
Сот ұйғарымдарымен медиативтік келісімдер бекітіліп, іс жүргізу өндірістен тоқтатылды. Төленген мемлекеттік баж алымдары талап қоюшыларға қайтарылды.
Осылайша, медиация рәсімі отбасы құндылықтарын сақтап қалу жөніндегі қолайлы шешімге қол жеткізді.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
09 шілде 2021 ж. 315 0