Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Белең алмасын десек індет, қорғану – міндет

Белең алмасын десек індет, қорғану – міндет

Соңғы кездері коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастар саны көбейіп, облыс «сары аймаққа» енді. Бүгінде антиденеге төзімділігі жоғары үнді штамының әр түрлі елдерде, соның ішінде Қазақстанда да табылуы халықтың алаңдаушылығын тудыруда. Өкінішке орай, бұл үнді штамы біздің өңірде ересектер арасында көрініс тауып отыр.
Мамандар бұл үнділік штамның қауіптілігін, аса жұқпалы екендігін айтып, аса сақ болуды ескерту- де. Өйткені бұл аурумен ауыратын науқас бұрынғы коронавирустық инфекциядай 3-4 адамға емес, бірден 5-6 адамға жұқтырады әрі ауру белгілері тез білінеді. Бұл «дельта» штамының белгісі суық тию симптомдарына ұқсас келеді, басты белгісі – бас ауруы, тұмау, ангина, жоғары температура және иіс сезу қабілеті жоғалмайды, жөтел болмайды екен. Осы ретте әрбір адам өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарағаны жөн деп ойлаймын.
Коронавирустың жаңа мутацияланған түрлері пайда болмауы үшін вакцина алу керектігін ұғындым. Сөйтіп, індетті жеңу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпенің екі компонентін де алдым. Ешқандай кері әсерін байқамадым. Екі компоненттің құрамы екі түрлі болғандықтан, адамның бойында иммунитет екі дозасын алғанда ғана қалыптасады екен. Емханадағы медицина қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарына, барлық жағдайды өз бақылауында ұстайтыны көңілімнен шықты. Қазіргі таңда біраз әлем елдеріне қарасақ, ол жақтағы эпидахуалдың ауыр күйде екендігін көреміз. Біз де солардың қатарында болғанымызды қаламасақ, екпе алудан қашпайық дегім келеді. Бұл індеттен екпе алу арқылы ғана қорғана аламыз. Вакцина алуды өзімізді ғана емес, ағайын-туысымызды да қорғау деп түсінуіміз керек. Әрине, қауіпсіздік шараларын ұмытпай, вирус таралуының алдын алу мақсатында бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету сияқты барлық профилактикалық шараны қатаң орындауымыз қажет.
Қ.Есмағамбетов,
қала тұрғыны
10 шілде 2021 ж. 384 0