Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Б.ӨТЕМҰРАТОВ ҚОРЫНАН АРАЛ АУДАНЫНА 213 МЛН ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ

Б.ӨТЕМҰРАТОВ ҚОРЫНАН АРАЛ АУДАНЫНА 213 МЛН ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ

Ауданымызда қалыптасқан қуаңшылық жағдайын еңсеру мақсатында еліміздегі ірі кәсіпкер, қоғам қайраткері, Қазақстан теннис федерациясының президенті, жерлесіміз Болат Жәмитұлы Өтемұратовтың қорынан 213 млн қаржы бөлінді.Осы орайда бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов арнайы «Аралым – айдын шалқарым» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңес мүшелерімен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бас қосты. Кездесуде қуаңшылыққа байланысты қабылданған төтенше жағдай кезеңінде атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарын кеңінен баяндап өткен аудан басшысы
- «Өңіріміздегі қиындықтарды жеңілдету мақсатында облыс әкімінің сұранысына сәйкес өзара келісім бойынша жерлесіміз Б.Өтемұратовтың қорынан зардап шеккен халықтың алғашқы қажеттіліктері үшін 213 млн қаржы бөлініп, қазіргі таңда қаржысы аудандағы «Аралым айдын шалқарым» қоғамдық қорына аударылды. Ендігі шаруа елге келген көмекті тиісті мақсатқа жұмсалуына бірлесе атсалысып, өздеріңізбен кеңесе отырып жоспарланған жұмыстарды өз деңгейінде жүзеге асыру қажетпіз»,- деп атап өтті.
Осыған сәйкес ауданымыздағы қоғамдық қордың құрылтайшысы Арғынбай Асанбаев бөлінген қаржының тиісті шараларға бағытталуын бақылау мақсатында арнайы комиссия құрамы бекітілгенін айтып, мүшелерімен таныстырып өтті. Атап өту қажет, қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Алдаберген Жоланов тағайындалса, құрамына ауданымыздың абыз ақсақалы, журналистика саласының ардагері Шәкірат Дәрмағамбетов, зейнеткер Бөрі Дабылов, аудандық мәслихаттың депутаттары Темір Бисембаев, Дәуренбек Мадинов және аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрсәуле Ембергеновалар тартылды.
Енді Болат Өтемұратовтың қорынан бөлінген көмек аясында Арал ауданындағы аз қамтылған 800 жуық отбасы 900 (1 отбасына 1120 кг) тонна құрама жеммен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар Аманөткел елді мекеніндегі Аспай суағытқысын іске қосу, аудан орталығынан шалғай орналасқан елі мекендерге су таситын арнайы көлік алу, суармалы жайылымдық, егістік және шабындық жерлерді суландыру мақсатында су айдау насостарын алу, алдағы жылдарға мал азығын дайындайтын сервистік орталық пен шөп оратын жасақтар құру үшін арнайы техникалар алу және Құланды елді мекенінен бір ұңғыма қазу жұмыстарын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Осы аталған бағыттағы жұмыстарды іске асыру барысындағы қаражаттың жұмсалуы мен жем-шөптің таратылуын бақылауды қоғам өкілдерінен құрылған арнайы комиссия жүзеге жүзеге асыратын болады. Сондай-ақ аталған жұмыстар ашық түрде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен жарияланбақ.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
17 шілде 2021 ж. 653 0