Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлескен істе береке бар

Бірлескен істе береке бар

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қуаңшылық кезеңінде малды шөппен қамтамасыз ету және егін жұмыстарын бақылау мақсатында аудандағы бірнеше ауылдарға барып, туындаған мәселелерді жан-жақты таразылады. Елдің ішіндегі өзекті болып тұрған құрғақшылықтың салдарынан мал азығының жетімсіздігі, малдардың қырылуы, су арналарын тазарту мәселелерін саралап, тиісті шешімдер қабылдады.  Осы кезге дейін ахуалды зерделей келе, қазір жағдай түзеліп, мал азығынан тапшылық көріп отырған аудандарға көрші аудандардан жем-шөп, жоңышқа жеткізіліп жатқанын, Арал ауданына төтенше жағдай жариялау процедуралары аяқталуға жақын екендігін атап өтті.  Бүгінде қысқы маусымға мал азығын алдын ала дайындау жұмыстары үйлестірілуде. Сонымен бірге  аймақ басшысы сала мамандары бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғандығын,  суды үнемдеп пайдалану және шаруа қожалықтарына су бөлінісі жұмыстары жолға қойылғандығын тілге тиек етті. Осы орайда облыс әкімі қуаңшылық кезеңінен шығу үшін бірлесіп жұмыс атқару қажет екендігіне тоқталып, бірқатар тапсырма берді.
         – Арал, Қазалы аудандарында су жағдайына байланысты мал азығының жетіспеушілігі орын алуда. Осы ретте, аймақтағы шаруа қожалықтар шөпті басқа облыстарға сатпас бұрын, осы екі ауданға қолжетімді бағада ұсынуы керек. Бос жатқан егіс алқабының атыз жағалауындағы шөптерді жинауға еріктілерді жұмылдыру қажет. Бірлік көрсеткен жағдайда ғана бұл кезеңнен шығамыз,  – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
         Айта кету керек, облыс әкімі аймақтарды аралау барысында, аудан әкімдеріне шөптен тапшылық көрген шаруаларға көмектесу үшін және егістікке су жеткізуде қосымша шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осыны негізге алған ерікті жастар  облыс бойынша мал өсіріп отырған шаруаларды шөппен қамтамасыз етуге атсалысуда. Арал ауданының ерікті жастарынан құралған бригадаларға «Жаңажол» ЖШС-ның аумағынан шөп орғызу мәселесі қолға алынып, ауыл жастарын егін оруға тарту үшін тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар облыстың өзге  аудандарында да ұйымдастырылуда. Айта кетерлігі, шаруаларға қолдау көрсету мақсатында шөп дайындау жұмыстарына «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары да атсалысып жатыр.
         Ауданда орын алған су тапшылығы, қуаңшылық жағдайындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес нақты жұмыстар қолға алынуда. Әуелі арнайы құрылған ветеринариялық топ қуаңшылық салдарынан  шығынға ұшыраған 559 бас жануардың өлексесіне акт жасап, оларды жойды және ауылдардағы әлсіреген жануарларға  оңалту шараларын жүргізді. Ауылдық округтерде мал басы шығынын болдырмау мақсатында суаттардың басына кезекшілік ұйымдастырылып, пада мәселесіне баса назар аударылды.  Бұл ең бастысы, мал өлімін тоқтатуға ықпалын тигізді. Сонымен бірге аудан көлеміндегі мал басы түгенделіп, арнайы белгіленген талаптарға сай алдағы қысқа қажетті жем-шөп дайындау мәселесі сараланды.
         Осы орайда өткен маусым айынан бастап облысымыздағы көршілес аудандардан және Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан шөп тасымалдануда. Жалпы, ауданның территориясы шөптің шығымына байланысты үш аймаққа: 13 елді мекен қызыл аймақ, 6 елді мекен сары аймақ, 4 елді мекен жасыл аймаққа белгіленді. Сондай-ақ аудан көлеміндегі шабындық жерлерді сол ауылдық жердегі шаруаларға шауып, жеткізіп беру үшін аудандағы 30 белсенді жастан құралған еріктілер жасағы көмектесуге дайын. Бүгінде аудандағы қуаңшылық жағдайына байланысты қиындықтарды еңсеру мақсатында елді мекендерге жол тартқан 40 белсенді жас ауданға қарасты Жетес би ауылдық округі аумағындағы шабындық алқаптарында шөп шабу жұмысына кірісті.
         "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" ұранымен бастау алған мал азығын дайындауға кіріскен жастар орылған шөпті ауыл маңындағы шаруаларға жеткізіп беретін болады. Елге көмегін тигізбекке бекініп, шабындық алқабына аттанған ерікті жастарды аудан әкімі Серік Сермағамбетов бастаған зиялы қауым өкілдері шығарып салып, ақ жол тіледі. Осынау шаруалар үшін қиын кезеңде елге қолғабыс етуді мақсат еткен жалынды жастарға «Ерікті жастарымыздың елге деген жанашырлықтарына ризашылығымды білдіре отырып, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! Бірілік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықты да жеңіп шығатынымызға сенемін!», – деген аудан басшысы ауданда қалыптасқан қуаңшылық жағдайдан шығу жолында атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданған шараларды атап өтті.
Одан әрі Арал ауданының құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Шәкірат Дәрмағамбетов жастардың жігерін жанып, алдағы мақсаттарын абыройлы атқаруларына сенім білдіріп, батасын берді.
Игілікті шара ауданға қарасты Жетес би, Қаратерең, Аманөткел, Ақирек, Аққұм және Жаңақұрылыс ауылдық округтерінде де жүзеге асырылмақ. Осы аумақтар бойынша бүгінде 12 шөп орушы бригада жасақталып, аудан бойынша шөп тасымалына қажетті 127 көлік жұмылдырылды.
Ауданда төтенше жағдай жарияланған кезде Сырдария бойындағы бірқатар каналдарды тазалау, су тоспаларын салу, елді мекендердің территорияларынан су ұңғымасын іске қосу және ең бастысы шөп бағасын тұрақтандыру мақсатында шаруа қожалықтарының тасымалға кететін шығындарын, яғни жанар-жағармайын өтеу қолға алынатын болады.
 Қазіргі таңда аудандағы мал басына қажетті 205 мың тонна шөпті тасымалдау жұмыстары басталды. Сонымен қатар алдағы қысқа жем-шөп азығын әзірлеу бағытында шөп оратын ерікті бригадалар тобы жасақталып, олар көршілес Сырдария, Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандарынан арнайы Арал ауданына бөлінген шабындық жерлерді оруға әзірлік жасап, осынау ізгі бастамаға өз үлестерін қосуда. Расында "Жұмыла көтерген жүк жеңіл". Ел басына түскен осы бір қиындықты еңсеруде бірлесіп іс қылсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені бірлескен істе береке бар.

"Толқын" ақпарат
09 шілде 2021 ж. 511 0