Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Белсенді жастар шөп оруға жол тартты

Белсенді жастар шөп оруға жол тартты

Биыл өзге өңірлермен қатар Арал ауданының шаруалары да табиғаттың тосын мінезінен, қуаңшылық жағдайынан зардап шегіп отыр.
Осы орайда бүгін ауданымыздың 40 белсенді жастарынан құралған арнайы еріктілер жасағы аудан аумағындағы шабындықтардан шөп оруға жол тартты.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» атты ұранмен бастау алған шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов, аудан ардагерлері мен жастар қауымы қатысты.
Осындай қысылтаяң кезеңде елге қолғабыс етуді көздеген жігерлі жастарға «Ерікті жастарымыздың елге деген жанашырлықтарына ризашылығымды білдіре отырып, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! Бірілік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықты да жеңіп шығатынымызға сенемін!», - деген аудан басшысы өз сөзінде ауданымызда қалыптасқан қуаңшылық жағдайын еңсеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданған шараларды атап өтті.
Одан әрі аудан ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Шәкірат Дәрмағамбетов жастардың жігерін жанып, алға қойған мақаттарын абыройлы атқарып қайтуға ақ батасын берді.
Үлкендердің батасы мен сенімін арқалаған жастар арасынан Ержан Сабырбай сөз алып, еркін елдің ерікті жастары елге көмек беру жолында сақадай сай екендіктерін жеткізіп, шөп ору шарасына жол тартты. Аталған шара ауданға қарасты Жетес би және Қаратерең ауылдық округтерінен бастау алмақ. Сондай-ақ, дәл осындай жұмыстар ауданға қарасты Аманөткел, Ақирек, Аққұм және Жаңақұрылыс ауылдық округтерінде де жүзеге асырылмақ. Аталған аумақтар бойынша бүгінде 12 шөп орушы бригадалар жасақталып, аудан бойынша шөп тасымалына қажетті 127 көлік жұмылдырылды.
Атап өту қажет, ауданымызда орын алған қуаңшылық жағдайындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бірқатар нақты шаралар қабылдануда. Бірінші кезекте көктемде қыстан әлсіреп шығып, өлген 559 бас жануардың өлекселері актіленіп, арнайы құрылған ветеринариялық топпен жойылды. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі әлсіреген жануарларды ветеринариялық топпен оңалту шаралары жүргізілді. Ауылдық округтерде пада мәселесі күшейтіліп, жағасы ұйыққа айналған суаттардың басына кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде мал өлімін тоқтатуға септігін тигізді. Сондай-ақ, аудандағы мал басы қайта түгенделіп, белгіленген нормативке сәйкес алдағы қысқа қажетті жем-шөп мәселесі пысықталды.
Сонымен қатар аудан әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның екі мәрте отырысы өткізіліп, комиссия шешіміне сәйкес ауданда төтенше жағдай жариялау туралы біржақты шешім қабылданды. Аталған шешім облыстық және аумақтық мемлекеттік органдардың келісімдерінің негізінде ҚР-ның Әділет министрлігінің ашық НҚА порталында ағымдағы жылдың 24 маусымында жарияланды және 12 шілдеде министрлікпен бекітіледі деп жоспарлануда.
Ауданда төтенше жағдай жарияланған кезде Сырдария бойындағы бірқатар каналдарды тазалау, су тоспаларын салу, елді мекендердің территорияларынан су ұңғымасын іске қосу және ең бастысы шөп бағасын тұрақтандыру мақсатында шаруа қожалықтарының тасымалға кететін шығындарын яғни, жанар-жағармайын өтеу қолға алынатын болады. Жалпы бұл бағытта атқарылатын шаралар аз емес.
Жалпы ауданнның территориясы шөптің шығымына байланысты үш аймаққа бөлінді. Атап айтқанда 13 елді мекен қызыл аймақ, 6 елді мекен сары аймақ, 4 елді мекен жасыл аймақ болып белгіленді. Бүгінде аудандағы мал басына қажетті 205 мың тонна шөпті тасымалдау жұмыстары басталды. Осы орайда өткен маусым айынан бастап облысымыздағы көршілес аудандардан және Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан шөп тасмалдануда.
Бұдан бөлек аймағымыздың өзге өңірлері де Аралға көмек ретінде шөп шабу науқанына қолғабыс жасап, игі бастамаларға үн қосуда.










Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі




08 шілде 2021 ж. 528 0