Арал: Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Бүгінде аудандағы мал басына қажетті 9095 тонна шөптің 22 пайызы яғни, 2032 тоннасы тасымалданып, бұл жұмыстар жалғасуда(103 310 пресс, 50 тн жем). Бұған қоса, алдағы қысқа шөп азығын дайындау мақсатында шөп оратын ерікті бригадалар тобы жасақталды. Қазіргі таңда аталған бригадалар көршілес Сырдария, Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандарынан арнайы Арал ауданына бөлінген шабындық жерлерді оруға дайындық үстінде.
Сонымен қатар Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы шаруа қожалықтарыарқылы қуаңшылық жағдайда ауданымызға көмек ретінде тегін шөп әкелу мәселесі келісілді. Бұдан бөлек, ауданның 30 белсенді жастарынан құралған арнайы еріктілер жасағы аудан территориясындағы шабындық жерлерді сол маңайдағы шаруаларға шауып, жеткізіп беруге көмектесуге дайын. Аталған шара Жетес би және Қаратерең ауылдық округтерінен бастау алмақ (дегенмен пішен шөп орымы шөптің пісуіне орай 20 шілдеден басталады).
Жалпы ауданнның территориясы шөптің шығымына байланысты үш аймаққа бөлінді. Атап айтқанда 13 елді мекен қызыл аймақ, 6 елді мекен сары аймақ, 4 елді мекен жасыл аймақ болып белгіленді. Атап өту керек,өткен аудан әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес ауданда төтенше жағдай жариялау туралы біржақты шешім қабылданып, аталған шешім облыстық және аумақтық мемлекеттік органдардың келісімдерінің негізінде ҚР-ның Әділет министрлігінің ашық НҚА порталында ағымдағы жылдың 24 маусымында жарияланды және 12 шілдеде министрлікпен бекітіледі деп жоспарлануда.
Осы орайда, Сырдария бойындағы бірқатар каналдарды тазалау, су тоспаларын салу, елді мекендердің территорияларынан су ұңғымасын іске қосу және ең бастысы шөп бағасын тұрақтандыру мақсатында шаруа қожалықтарының тасымалға кететін шығындарын яғни, жанар-жағармайын өтеу қолға алынады. Жалпы бұл бағытта атқарылатын шаралар аз емес.
Өзге де атқарылып жатқан және қабылданған шешімдер жөнінде толыққанды ақпарат қосымша тұрақты хабарланып отыратын болады.


Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі