Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде комиссия отырысы өтті

Төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде комиссия отырысы өтті

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданда қуаншылық жағдайының орын алуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді.

Аудан әкімі, комиссия төрағасы Серік Сермағамбетовтың қатысуымен өткен отырысқа комиссия мүшелері мен тиісті мекеме басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Комиссияның күн тәртібінде ауданда орын алған қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралды.

Аудан басшысы АҚ «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» жүргізген зерттеу жұмыстарына сәйкес ауылдық округтер бойынша жайылымдық жерлеріндегі топырақтың ылғалдығы ең төменгі мөлшерде екендігі анықталып, маусым және шілде айларындағы ауа температурасының өте жоғары болуына сәйкес бұл жағдай алдағы уақытта бұдан әрі күрделенуі мүмкін екендігін жеткізді. Осыған сәйкес Арал ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау бағытында шұғыл шаралар қабылдап, кезек күттірмейтін жұмыстарды қолға алу қажеттілігі туындап отырғанын баса айтты.

Одан әрі аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алып, қабылданған шаралар жөнінде хабарлама жасады.

Еске сала кетейік, өңірдегі күрделі мәселені шешу бағытында ағымдағы жылдың 31 мамыры күні арнайы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысы өткізілген болатын. Аудан әкімінің орынбасары өз баяндамасында алдымен алдыңғы комиссия отырысында берілген тапсырмалар мен бірінші кезекте орындалуға тиісті шараларға байланысты атқарылған жұмыстарды тарқатып өтті. Атап айтқанда, аудан бойынша суы тартылған суаттардың басына кезекшілік ұйымдастырылып, ауылдық округтердегі пада мәселесі күшейтілген. Бұдан бөлек, аудандағы мал басына түгендеу жұмыстары жүргізіліп, алдағы қыс мезгілінде қажетті шөп азығының көлемі анықталып, шөп дайындаумен айналысатын шаруашылық құрылымдардан бригадалар жасақтау жұмысы да жолға қойылып отыр.

Дегенмен, тұрғындар арасында алдағы шілде-тамыз айларындағы аптап ыстықтан мал өлімі мен мал азығын дайындауға қатысты алаңдаушылық байқалып отыр. Осы орайда мәселені оңтайлы шешу бағытында аудан тұрғындарына шөп бағасын қол жетімді ету мақсатында шөп тасымалына кететін жанар-жағармай шығынын өтеу, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы арқылы Ақшатау-Қамыстыбас көлдер жүйесін суландыру мақсатында «Аспай» суағытқысын қайта іске қосып, Бұрмақұлақ арнасына зерттеу жүргізу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мақсатында сыр беткейінде орналасқан елді-мекендердегі каналдарды құжаттандыру және тазалау мен су тоспаларын салу жұмыстарын жүргізу және ауданда бірінші кезекте қызыл аймаққа енгізілген елді мекендердегі 15 су ұңғымасын іске қосу керектігін атап өтті.

Комиссия отырысының қорытындысымен зерттеу нәтижелері бойынша аудан аумағында төтенше жағдайларды жариялауға толық негіз бар екендігі айқындалды. Соған сәйкес аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім жобасын заңдылығына сәйкес әділет органдарына жолдау жөнінде тапсырма берілді.




Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
24 маусым 2021 ж. 718 0